Бәйтеректей биік тұлға - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Бәйтеректей биік  тұлға
Өмірбек Мұқанов – КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі, Қаз КСР-нің еңбек сіңірген дәрігері, медицина ғылымының кандидаты, 45 ғылыми еңбектің, бірнеше кітаптың авторы. Еңбек жолында жеті медаль, көптеген Алғыс хат пен мақтау қағазының иегері. Жезқазған қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері.
Бәйтеректей биік, асылдың сынығы, тоқсанның белесіне қадам басқан аяулы аға Өмірбек Мұқанұлының өмір жолына көз салсақ өз қатарластарынан таяқ тастам алда, әлдеқайда өзгеше.
Ол қазақ жеріне уытын шашқан ашаршылық жылдарының басында 1930 жылдың 15 наурызында Қарсақбай кентінде дүниеге келген. Сол бір қиыншылық тұста әкесі Мұқаннан ерте айрылып, балалықтың бал дәурен күнін көре алмай өсті. Ақтай ананың бауыр еті он екі сәбиінен бір ғана өрімдей Өмірбегі қалып, ана көңіліне медет болғандай еді. Анасының түн ұйқысын төрт бөліп, «Сенің табаныңа қадалған шөңге менің маңдайыма қадалсын» деп тілеген ақ пейілімен есейіп, ерте ер жетті.
1948 жылы туған жері Қарсақбайда қазақ орта мектебін үздік бағамен бітіріп шығады. Арманы оны Алматыдағы Молотов атындағы Қазақ мемлекеттік медицина институтына жетелейді. Білімге деген құштарлығы, кірсіз ақыл, мінсіз сөз, табандылығы мен қайсарлығының арқасында жоғары оқу орнының студенті атанды. Алты мыңнан астам студент арасында ортасынан ойып, жоғары студенттік марапат – Сталин атындағы стипендиат атанды. Асқақ арманы орындалып, 1954 жылы жас маман қара шаңырақ Қарсақбайда еңбек жолын бастайды.  
Жас та болса бас болып, халық алдындағы еңбегі басшылар тарапынан орынды марапатқа ие болады. Өресі биік адал азамат аудандық емхананың бас дәрігері қызметіне тағайындалады. Сол кездегі Жезді ауданына қарасты тұрғындар тұрмысы, халықтың мұң-мұқтажына жауапкершілікпен қараған білімді маман Жезді, Сарысу, Жетіқоңыр, Байқоңыр елді мекендерінде фелдьшерлік-акушерлік тіректер, учаскелік ауруханалардың ашылуына бастамашы болғаны бүгінде ел аузында.
Білікті дәрігер биіктен көрініп, көп ұзамай мысты Жезқазған қаласына қоныс аударып, қалалық травмотология, хирургия бөлімдерінің, көп салалы аурухананың ірге тасын қалауы аурухана бас дәрігерінің орынбасары қызметіндегі жан кешті еңбегі десек болғандай. Сондай қарбалас еңбекпен ұштасып жатқан тұста маман тапшылығы Өмірбек ағаны алаңдатпай қоймады. Ол жас мамандар даярлайтын дәрігерлік-медицина училищесінің  шаңырағын көтеруді қолға алды. Алға қойған мақсат жемісін берді. 1961 жылы іске қосылған оқу орнында бірнеше жыл директорлық қызмет атқарды. Бүгінде алдынан білім алған шәкірттері Серік Нысанбев, Тілеуқабыл Сағындықов, Мұратбек Жұмақаев, Леонид Батурин сынды дәрігерлер есімі елде емес, шетел асты.
Асыл азамат қызмет бабынан бөлек ғылыммен айналысты. 1972 жылы жергілікті клиникалық материалдарды ғылыми деңгейде сүзгіден өткізіп, медицина ғылымдарының кандидаты атағына ие болды. Жасаған 1200-ден астам отасына негіздей отырып, елу шақты еңбектің авторы атанды. Тәрбиелік тақырыпта жарық көрген 750-ге жуық мақаласы оқырман қауымды елең еткізбей қоймайды.
Өмірбек ағаның қызмет саласындағы еңбегімен қатар, отбасындағы жайдары да жайсаң мінезі кімді болса да еріксіз сүйсіндіреді. Зайыбы Мәрзия Мұқышқызымен танысқаны, жалындаған жастық студенттік шақта үй болғандарын айтып отырады. Жұп жарастырған алпыс үш жылдың сыр шертер тағылымы да жетерлік. Ақ жаулықты, дария көңілді ана отбасының мықты тірегі болуымен қатар, балалары, немере-шөберелерінің мейіріміне бөленуде. Бес баласының мәдениетті, білімді болуына барын салып, қияға талпындырды.  Мәрзия апайдың ұстаздық жолында талай шәкірті әр салада өз ісінің шеберіне, қоғамның белсенді мүшесіне айналды. Ел ағасының зор жетістігі – хирург Мұқановтар әулетінің негізін қалады. Әке жолын қуған үлкені Марат – Мәскеуде аспирантураны тәмамдап, медицина ғылымдарының докторы, профессор атағын қорғаған білімді дәрігер. Бүгінде Алматы қаласында еңбектенуде. Кіші ұлы Бек тірі жүргенде өз ісінің шоқтығы биік маманы болар еді. Әттең! Оның қазасы қос қарияны өмірден ерте түңілдіріп жібергендей. Дегенмен, тағдыр сындарына шорт сынбай отбасындағы сабырлылық пен сыйластықты сақтап, көтере білді.
Ғибратты ғұмыр кешкен Өмірбек аға жайлы әлі талай жазылар. Себебі, ол қандай құрметке болса да лайық.

Гүлсара ОМАРОВА.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 436
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px