Дәрігердің күші – ел сенімінде - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Дәрігердің күші –  ел сенімінде
Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»
№5 емханада учаскелік терапевт болып қызмет атқаратын Дана Нұрпейісованың ұстанымы осындай. Халық денсаулығының күзетінде жүрген он жылдан астам уақыт ішінде көңіліне түйген басты қағидасы. Ел саған сенсе, ем-домың қашан да нәтижелі.  
– Маған қарасты учаскеде 2100 адам бар. Түгелге дерлік танимын. Барлығы таңғалады, қалай бәрін жаттап алғансыз деп. Күнде көріп, қал-жағдайларын біліп жүргеннен болар, олар мені туысындай, досындай көріп, жақын тартады. Үлкен кісілер бізде үнемі активте, яғни, бақылауда. Олар шақыртпаса да күніне бір-екі қарияға барып шығу – талап. Жалғызілікті кісілер қыздарындай қарсы алады,– дейді дәрігер.
Егде жастағы адамдардың жағдайын бақылау Дана Шәйкенқызы атқаратын жұмыстың бір парасы ғана. Бұдан бөлек, шақыртулар, күнделікті қабылдайтын келушілер бар. Учаскелік терапевт күніне жиырма адамға дейін қабылдауы мүмкін. Кейде одан аз, кейде көп.  Алдын ала жазылусыз келгендер де назардан тыс қалмайды. Шұғыл көмек қажет ететіндер де болып жатады. Әсіресе, жүкті әйелдердің денсаулығы басты назарда. Учаскелік дәрігерге тіркелген уақытынан бастап, босанғанға дейін және одан кейін де үнемі дәрігер бақылауында болады.
– Емханаға келушілер саны азайды деген болмайды бізде,– дейді Д.Нұрпейісова. – Күз, қыс мезгілдерінде келушілер тіптен арта түседі. Бірақ, оның барлығын науқас адамдар деуге келмес. Бірі скринингтік тексерілуге, енді бірі екпе, еңбекке жарамсыздығы парағын алуға келеді.
 «Ауырып ем  іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген қанатты сөз бүгінгі емханалар жұмысының өзегі десе, қателеспейміз. Аурудың алдын алу, профилактикалық жұмыстар жүргізу, сондай-ақ, салауатты өмір салтын ұстану биылдан бастап енгізілген «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттары. Алдағы уақытта алғашқы медициналық-санитарлық көмек, өлім-жітімді азайту, медицина мамандарының кәсібилігін арттыру арқылы көрсетілетін қызмет сапасын арттыру көзделуде.  
Дәрігер мен келушіге ыңғайлы әрі уақыт үнемдеу мақсатында кешенді медициналық ақпараттық жүйе енгізгеніне біраз болды. Әр дәрігердің учаскесіндегі адамдардың  денсаулықтары туралы мәлімет көз алдында. Қабылдауға жазылғандардың тізімі, келіп түскен шақыртулары да осы жерден көрініп тұрады. Басқа медициналық мекемелермен келісім-шарт аясында қосымша ем қажет ететіндерді жолдамамен жібереді.
Осындай қауырт жұмыстардың арасында білім-білік арттыруға да уақыт табу қажет. Себебі, күн сайын жаңарып жатқан сала заман талабымен үндесетін маманға зәру. Дана Шәйкенқызы өз мамандығы бойынша сәуір айында ғана біліктілік арттыру курсынан өткендігін айтады.
– Оқыту курстарына күніне 2-3 сағаттан уақыт бөліп, жұмыспен қатар алып жүреміз. Бұл дәрігерлер үшін аса қажет. Үздіксіз білім алып қана өзгелерге көмектесе аласың. Медбикелер де білім алады. Оларсыз жұмыс бітпейді, біздің оң қолымыз ғой.
Бүгінде дәрігер жұмысының бірқатары медбикелердің мойнына жүктелген. Сол себепті олар да жоғары талапқа сай болуы тиіс.
Білікті дәрігер жалпы тәжірибе бойынша біліктілік курсынан өткен. Дегенмен, балаларды қабылдауға асықпайды. Себебі, бұл үлкен жауапкершілік екенін сезіп, айқын түсінеді. Біліміне тәжірибесі сай болуы керек өзінің пайымдауынша.  
Асқаралы Алатаудың қызы Арқа жеріне келіп бақыттың бастауын тапты. Өмірлік серігі қашанда арқа сүйері, сүйікті ісі мерейін асырады, бала-шағасы өсіп келеді. Үлкен қызы анасының жолын қуып, Қарағанды мемлекеттік медицина университетінде білім алуда.
Әдетте жұмыс көлемін анықтайтын сегіз сағат дәрігерлер қауымына қатысты емес. Олардың ерен еңбегі өткізген сағатпен емес, елдің сенімімен өлшенеді.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 457
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px