Денсаулыққа ден қою – мектептен - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Сәрсенбі күні ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова халықпен есептік кездесу өткізді.

Сөз алған министр денсаулық сақтауды мектеп қабырғасынан бастау қажеттігіне тоқталды. Бұл ретте қоғамдық институттармен бірлесе «Бала-аман» атты жаңа бағдарлама әзірленгенін атап өтті. Бағдарлама бастауыш сынып оқушылары арасында шаршағандықты басуға бағытталған түрлі жаттығулар жасауға негізделген. Мұнда нақты мысалдар арқылы дұрыс мүсін қалыптастыруға, дұрыс тамақтануға, балаларды медициналық алғашқы көмек көрсетуге үйретуді қарастырады.

Минстрдің айтуынша, аталмыш бағдарлама биылғы оқу жылынан бастап Астана және Алматы қалаларының мектептерінде, ал 2017 жылдың 1 қаңтарынан еліміздің барлық мектептерінде іске асырылмақ.

Биылғы қаңтар-наурыз айларында 2,6 млн. оқушы профилактикалық тексерістен өткен екен. Оның негізінде диспансерлік есепке 306 мың оқушы тіркелген. 144 мың оқушы стационарлық ем қабылдауға бағытталса, 100 мыңға жуық бала амбулаториялық емделуде. Бұдан бөлек, 25 мың бала жолдамамен шипажайларға демалуға жіберілген.

Сонымен қатар, балалар арасындағы аурулардың алдын алу мақсатында мектептегі медицина білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне берілетінін, ол үшін тиісті заң жобасы әзірленгенін жеткізді министр.

Бүгінде 4 миллионға жуық қазақстандық диспансерлiк есепте екен. Инсультпен тіркелген 41 мың адамның 24%-ы қайтыс болған. 82 мың адамда миокард инфарктi болса, олардың 12%-ы көз жұмған. Бұдан бөлек, артериалық гипертензия, қант диабетi ауруларының жиі кездесетінін атап өтті Т.Дүйсенова. Соңғы 5 жылда 826 адамға трансплантация жасалыпты. Жыл сайын 60 мыңға жуық ота жасалып, стационарлар 2,5 млн. адамға көмек көрсетеді екен. Дегенмен, медициналық қызмет саласында проблемалардың бар екендігін де атап өтті министр. Білікті дәрігерлердің, медициналық құралдар мен техниканың жетіспеушілігі байқалады. Қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі.

Баяндамасының соңында Тамара Дүйсенова бүгінгі таңда облыстық инфекциялық ауруханасында жатқан адамдардың жағдайлары тұрақты екенін, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылғанын да атап өтті.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 707
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px