Дерт дауасын тапқандар - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Өткен жексенбі облыстық медициналық орталыққа жолымыз түсті. Денсаулық сыр бермесе, аурухана атаулыдан аулақ жүретін біз хирургия бөлімі жайлы білмекке бардық.

Демалыс күндері барлық емдеу мекемелеріндегідей бөлімде бірнеше маман ғана көзге шалынды. Әдеттегі арпалыс саябыр. Ем алушылардың да жақын-жуықтары келіп, көңілдері көтеріңкі. Өзін Зәбира Омарханова деп таныстырған апамыз Осакаров ауданынан екен. «Грыжа», яғни, жарық диагнозымен өткен бейсенбі ота жасатыпты.

– Өткен түн ауыр болды. 11-лер шамасында бір әжейді әкелді,– деп палатада қатар жатқан кісіні нұсқады. – Балаларының рұқсатымен бірден ота жасауға алып кеткен, содан оянған соң таңғы сегізде бір-ақ әкелді. «Экстренный» түскен тағы бірер адам бар.

Отаның орны ауырып, түнімен дұрыс ұйықтамайтынын айтқан Зәбира апай медбикелер мен санитарлардың қашан шақырсаң қабақ шытпай жетіп келетініне риза.

– Бәрінің атын білемін. Құрақ ұшып тұрады. Жалпы, бөлім дәрігерлері өте тамаша. Қатар жатқан емделуші қыңыр кісі екен бір. Таңғышын басқа дәрігер, медбикелерге алғызбай, бөлім меңгерушісі келсін деп жатып алды. Ербол Маратұлы отадан келіп, демалып жатса да науқастың көңілін жықпай, таңғышты өзі ауыстырды. Ісіне адал адам. Былтыр да осы диагнозбен түскенде отаны өзі жасап еді. Осы жолы келгенімде танып, халымды білді. Алдынан күніне қаншама адам өтсе де, ұмытпағанына риза болып қалдым,– дейді апай.

Облыстың басты басылымынан келгенімнен хабардар болды көпшілік көп өтпей-ақ. Барлығы бөлім дәрігерлерін қолды-аяққа сыйғызбай мақтап, «мүмкіндікті пайдаланып» алғыстарын жаудырды.

Павел Гудун әуелде дәрігерлердің біліктілігіне күмәнданғанын жасырмайды.

– Ғаламторды ашсаң, неше түрлі оқисың, дәрігерлерді сынап, сыбап жатады. Расымен де маған жасалуы тиіс ота қиын еді, асқазандағы ойық жараның көлемі үлкен-тін. Бірақ, ауру жаныма батқан соң ештеңеге қарамадым. Екі-үш күн бұрын жасады отаны, қазір аяққа тұрып жүрмін. Өзімді тамаша сезінемін. Тек, орны ғана ауырады. Екі апта бойы қиналғаным түс сияқты өтіп кетті. Біздің дәрігерлердің білімі мен тәжірибесіне көз жеткізіп отырмын,– деді ол таңу бөлмесіне кезекте тұрып.

Мұнда жатқандардан бөлек ауруханадан шыққандар да ем-домын алып тұруға келеді. Солардың бірі – Галина Гаас өт қабына тас байланып, ота жасатқаннан кейін үшінші тәулікте шығып кеткен екен. Сараптама нәтижелеріне қарай науқастың беті бері қараса, оның келісімін алып, ертерек шығара береді мұнда. Шығаруға мәжбүр. Себеп біреу – орын тапшылығы. Сол күнгі кезекші дәрігер Вадим Цой тәулік бойы жататындарға арналған 35, ал күндізгі стационарға берілген 15 орынның бәрі бос еместігін айтты.

Көзімізбен көрдік, палаталар лық толы. Біреуінде үштен, енді бірінде бес-алтаудан жатыр, тіпті.

– Күніне орта есеппен отыз адам келеді, оның кем дегенде оншақтысын жатқызамыз. Көмекке зәру адам қабылдағанда бұрыннан жатқандарын шығарамыз. Емделушілер оған түсіністікпен қарайды. Облыстың барлық аудан, қаласынан келеді бізге. Одан бөлек, республиканың басқа қалаларынан, көршілес елдерден арнайы келетіндер бар. Жоспарлы түрде қаралуға кезегін күтіп жүргендер қаншама. Жұмысымыз қауырт,– деді Вадим Валентинович.

Бөлімдегі бар-жоғы сегіз хирург облыс көлеміне қызмет көрсетуде. Олар жасамайтын ота түрі жоқ. Іш құрылыс органдары, проктология, кеуде қуысына, сондай-ақ, қайта қалпына келтіру оталары лапароскопиялық, шағын инвозивті әдіспен жасалады. «Балуанға оң-терісі бірдей». Операциялық блокта әр бөлімнің өз ота жасау орны бар. Сондай он бір орынның үшеуі хирургтардың еншісінде. Олар барлық медициналық жабдықтармен жарақталған. Дәрігердің айтуына қарағанда күзге қарай жаңа аппарат әкелінбекші. Бұл оталарды одан да жақсырақ жасауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта қан-тамыр аурулары хирургиясы, урологияны қолға алуды көздеп отыр екен дәрігер Ербол Аймағамбетов бастаған мамандар.

Бір қарын майды шіріткен кейбір құмалақтардың кесірі бүгінде медицина атаулыға тиіп тұрғаны жасырын емес. Халықтың көңіліне секем түсіп, сенімі лайланды. Дегенмен, мықтылығын сөзбен емес, іспен дәлелдеп жүрген абзал жандарға айтылар алғыс таусылмас. Олар оқ бойы озық тұрар қашанда.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2476
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px