Хирург - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Хирург
Ақ халат киіп, адам денсаулығын қорғауға өмірін арнаған білікті маманның бірі – Облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық қызметінің басшысы, медицина ғылымдарының докторы Борис ЦХАЙ.
Хирургия саласының майталманы Борис Валентиновичтің алдынан өткен науқастардың санында шек жоқ. Тіптен, қазір ол басшылық қызметте жүрсе де өз міндетін – ота жасау ісін абыроймен арқалап келеді. Күніне бірнеше науқасқа ота жасайды. Көбінесе, бауырдың, өт шығару жолдарының, ұйқы безінің, асқазанның және ішектің хирургиялық ауруларына шалдыққан жандар білікті маманның көмегіне жүгінеді.
Қарағандыдағы №52 мектепті тәмамдаған соң, ол өз қалауымен медициналық оқу орнына оқуға түседі. Алғашқы оқу тәжірибесін – интернатураны Теміртау қаласындағы медициналық-санитарлық бөлімнің жедел хирургия бөлімшесінде жұмыс істей жүріп жалғастырды. Өткен ғасырдың 80-інші жылдары бұл емхана облыстағы үздік медициналық мекемелер сапынан көрінді. Сол уақыттың заманауи құрал-жабдықтарымен жабдықталған, білікті мамандар да сонда шоғырланған. Жедел көмек Теміртау қаласының барлық тұрғындарына көрсетілді. Дәрігерлер күн сайын көптеген хирургиялық оталар жасаған.
Борис Валентинович төртінші курста оқып жүргенінде-ақ хирургиялық бөлімше қызметкерлерінің жұмысымен танысқан. Себебі, олар студенттік шағында бастама көтеріп, облыстың хирургиялық қызметі бар барлық медициналық мекемелерінде тәжірибеден өтуге тырысқан. Жас дәрігерлер, әсіресе, көпсалалы, мамандандырылған және хирургиялық емханаларда кезекшілік атқаруға тырысты. Соның бірі – облыстағы жалғыз жедел көмек көрсететін, Қарағандының Михайловка бөлігінде орналасқан аурухана болатын. Бұл жерде болашақ хирургтер кіші медициналық қызметкердің міндетін атқарды. Науқастарға клизма қойды, ем қабылдау шараларына қол ұшын берді. Сондағы алғыстары ретінде – ота жасау кезінде көмекші (ассистент) болуға мүмкіндік алады.  
Студенттердің 80-інші жылдардың соңындағы бір айлық стипендиясының 200 рубльді құрайтын. Бұл сома дипломы бар инженердің жалақасынан да жоғары болатын.
Дәл осы уақытта Б.Цхай алғаш рет өз бетінше ота жасап көрді – соқыр ішекті залалсыздандырды.  
Ғалым үнемі өз ұстаздарын мақтанышпен есіне алады. Себебі, оған С.Лохвицкий, С.Афендулов, М.Әбеуов сияқты білікті мамандармен бірге жұмыс істеу бақыты да бұйырыпты.
Б.Цхай да ұстаздарының жолын жалғады. Жалпы хирургияны таңдады. Оның екі ғылыми зерттеуі де – кандидаттық және докторлық ғылым дәрежесін қорғауы тоқ ішектің хирургиялық ауруларымен тығыз байланысты. Сондықтан, дәрігер көбінесе тоқ ішектің ауруларына шалдыққан адамдарға ота жасады. Бірақ, соңғы 10-15 жылда ол құрсақ қуысы органдарын қайта қалпына келтіру сияқты оталарды жасауға машықтанды. Хирургтің жалпы хирургияның түрлі аспектілеріне байланысты зерттеулерінің жетеуіне авторлық патенті тіркелген. Сондай-ақ, Б.Цхай – хирургтердің халықаралық көптеген қауымдастықтарының мүшесі. Тәжірибе алмастыру мақсатында ғылыми-тәжірибелік форумдарға да үзбей қатысып келеді.
Хирургтің медицина ғылымына олжа салуына ҚММИ-дің №2 хирургиялық аурулар кафедрасында ассистент болып еңбек етіп жүрген уақыты септігін тигізеді. Ол мұнда теміртаулық медициналық-санитарлық бөлімнен ауысып келген болатын. Кафедраның клиникалық базасы Майқұдықтағы №4 қалалық аурухана жанында орналасқан болатын. 1996 жылы ол осы медициналық мекеменің хирургиялық бөлімшесіне меңгеруші болып тағайындалды.
Арада 10 жыл өткен соң, Б.Цхай Облыстық клиникалық аурухана директорының хирургия жөніндегі орынбасары – хирургиялық қызметтің басшысы қызметіне ауыстырылды. Бұл жердегі жұмыстың қауырт екендігі сөзсіз. Себебі, аудандық, қалалық, ауылдық елді мекендерден ауыр науқастар осында жолданады. Бүгінгі күні Облыстық клиникалық ауруханада хирургиялық сала бағытына арналған 160 емдеу орны бар.
– Медицина көбінесе сезімталдыққа негізделген. Емдеу ісінің стандарттары, тек, жалпы бағыт қана береді. Ал, науқас бойында аурудың қосалқы белгілері де болуы ықтимал. Бұл кейде  дәрігердің емдеу ісінің стандарттары шеңберінен шығып кетуін талап етеді. Хирургтің жұмысы – өте күрделі. Тез әрі принципті шешім қабылдай білуі қажет. Шешімнің нақты, дұрыс болуы тағы бар, – дейді Б.Цхай.       
Ғалымның сөзімен айтсақ, батыл шешім қабылдау барысында ота жасау үрдісін стандартқа сай ету үшін, хирург жұмысының көлемін ескеретін бірнеше зерттемелер бар. – Меніңше, – дейді ол: – жан-жақты шешім қабылдау – оңай шаруа емес. Сондықтан, клиникалық тәжірибенің маңызы зор. Бір сөзбен айтсақ, кез келген дәрігерге тәжірибе жинақтау керек.
Хирургия саласында еңбек ету үшін өмірге деген көзқарасыңды нақтылап алу қажет. Мен – кеңестік медицина мектебінің түлегімін. Бізді науқасқа етене жақын қарауды үйретті. Яғни, біз белгілі бір ауруды, мысалы, соқыр ішекті ғана емдеумен шектелмеуіміз керек. Біз адам ағзасының ахуалына толықтай зер салуымыз қажет. Сол арқылы ғана емдеу ісінің дұрыс жолын табуға болады.
Ғылым докторының өмірлік жары да – медицина саласының маманы. Қос дәрігердің шаңырағында ұлы мен қызы өсіп келеді. Екі балаға ата-анасы мамандық таңдау үшін еркіндік беріпті. Және де олардың дұрыс таңдау жасайтынына сенімді...
Татьяна УЛИЧЕВА,
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.
Суретті түсірген Л.ГАЛИМОВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 184
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px