Урология үздігі - Медицина - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Урология үздігі
Жезқазған қаласындағы орталық аурухананың негізгі буындарының бірі — урология бөлімшесі. Аймақтағы ауызсу сапасының әсері болар, бүгінде бүйрек пен қуық ауруларының деңгейі айтарлықтай жоғары. Оған ер адамдардың простатит пен аденома сырқаты қосылғанда, урология мамандарының дертке шипа іздеген күнделікті қарбалас тірлігі бір бәсеңдемейді. Осы күрделі сала бөлімшесін жиырма жылға жуық уақыттан бері тәжірибелі дәрігер, урологияның үздік маманы Боранбай  ӘБЕНОВ абыроймен басқарып келеді.
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Қасиетті Ұлытауда орта мектепті бітірген жастың абзал мамандықты таңдауына апасы Розаның абыройлы жолының әсер еткені анық. Сол кезеңде мединститутта оқыған Роза Төлегенқызы бүгінде Ұлытау ауданының ұлағатты дәрігеріне айналып, халыққа адал қызметін көрсетіп келеді. Алдындағы арқа сүйер апасының жолы жұғысты болған Боранбай да Қарағанды мемлекеттік медициналық институтын 1986 жылы ойдағыдай тәмамдап, хирург ретінде Жездіге жолдамамен жіберілген еді. Екі жылдай еңбек етіп, тыңғылықты ісімен танылған оны облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығы облыстық аурухананың урология бөліміне ауыстырды. Ол кезде аурухананың бас дәрігері Кенжетай Қабікенов болса, урология бөлімшесінде Назымбек Хамзин болатын. Мамандығына құштар көңілмен ден қоя білген ынталы жас урология маманы Назымбек ағасынан көп нәрсе үйренгенін ерекше айтады. Міне, содан бергі 30 жылдың ішінде осы саланың қыр-сырына кеңінен бойлап, өзі де айтарлықтай мол тәжірибе жинақтады.
    Орталық аурухананың директоры Есентай Мұсағұлов пен бас дәрігердің орынбасары Ғабиден Ақанов урология маманы Боранбай Әбеновтің біліктілігімен қатар, адамгершілік  қасиетін бағалай әңгімелейді.
– «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, Боранбай қарапайым мінезімен, әр сырқаттың көңілін таба білуімен ерекшеленеді. Қолы жеңіл, емі шипалы. Тоқырап қалудан ада, біліктілігін жетілдіру жолында үнемі оқып, ізденіп жүреді,– дейді олар бірауыздан.  
Иә, айтса айтқандай, осы өткен аптада ғана Боранбай Астанада өткен ТМД елдері урологтарының бірінші сьезіне қатысып келіпті. Осыдан үш-төрт жылдай бұрын Ресей урологтары қоғамының XII сьезіне қатысып, саланың күрделі мәселелеріне қанығып қайтқан болатын. Сондай-ақ, ол Санкт-Петербургта, Алматыда өтетін мамандық жетілдіру курстарына ықыласпен қатысып келеді. Жетістік сыры да осында болса керек. Жанға дауа, дертке шипа тапқан жандардың ризашылықтары мен ыстық ықыластары соны аңғартады. Бір кездері қуық пен бүйрекке байланысты 400-ге таяу ота жасаған жылдары болыпты. Қазір медицинадағы жаңа технология мен жетілдірілген жабдықтарды қолдану арқасында бұл көрсеткіш біршама төмендей түскен. Дегенмен, қазірде заманның заһары ма, экологияның зардабы ма кім білсін, ерлердің жыныстық органының дертті болуы көп кездесетін болыпты. Бұрын келіндерді кіналайтын болсақ, енді 30 жастағылардың өзінен ерлердің белсіздігі белең ала бастағаны медицина мамандарын ойландырып отырған көрінеді.
«Қайсар да қажырлы, әрі табанды адам ғана өзі туралы үндемей жүре алады» деген екен бір данышпан. Сол айтқандайын, Боранбай жалпы өзі туралы сараң әңгімелейді. Ұжымы мен әріптестері төңірегінде көбірек айтқанды жөн көреді. Урологияда өзімен біраз жылдар бірге істеген Серік Сейтенов қазір Астанадағы Президенттің медициналық орталығында жемісті  еңбек етіп жүр екен. Өз алдынан түлетіп ұшырған шәкірті Нұржан Қайшенов  «Жезқазған медициналық орталығы» ЖШС-де уролог көрінеді. Көп жылдар бұрынғы облыстың бас урологы болған Боранбай Әбенов қазірде Жезқазған аймағының бас урологы саналады. Ол басқаратын бөлімше 25 адамдық. Облыс кезінде мұнда 60-қа жуық сырқат жататын. Бүгіннің өзінде аймақтағы Қаражал, Жәйрем, Ұлытау, Қарсақбай өңірлерінен дерт меңдеген жандар осында емделеді. Ара-тұра Жаңаарқадан арнайы іздеп келетіндер де бар.
Бөлімше меңгерушісі кәсіби мерекелері қарсаңында сырқаттардың емінің шипалы болуына шынайы үлестерін қосып жүрген көмекшілерінің есімдерін де ерекше ілтипатпен атады. Уролог дәрігер Сәбит Ақабаев, аға медбике Сандуғаш Бірімжанова, медбикелер Жазира Жанділдаева, Сәуле Шытырбаева, Мая Тайшыбекова, Салтанат Жалбырова, Гүлзада Оташева және шаруашылық бибісі Шекер Қоңырбаева сияқты абзал жандар ортақ мақсат жолында аянбай тер төгуде. «Басшыға – қосшы» бола білу де үлкен еңбек. Оның үстіне аймақтағы бүйрегі бүріп,  қуығы сырқыраған сырқаттардың көбісі Боранбай сияқты білікті мамандарға қаралғанды жөн көреді. Урология үздігі басқаратын шағын ұжым дерт дауасын тауып, осындағы әр науқасты сауықтырып шығарғанша тыным көрмейді. Айыққан жандардың алғысы шексіз. Ақ халатты абзал жандардың абыройына дақ түспегені қандай ғанибет.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 420
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px