Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Тәслима ҚҰРМАНСЕЙІТОВА,

«Орталық Қазақстан»

Таяуда Жәйрем кентінде жалпы жұртшылық үшін жағымды жаңалық – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ тарапынан салынған қомақты инвестицияны тиімді пайдалану нәтижесінде қалпына келтірілген бес қабатты, 80 пәтерлік тұрғын үйдің тұсаукесер рәсімі болып өтті.

Салтанатты рәсімде жаңа пәтерге қоныстанушылар мен кент тұрғындарын қала әкімі Ғ.Әшімов, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ президенті Б.Мұхаметқалиев, кәсіпорынның кәсіподақ комитетінің төрағасы Қ.Шыңғысбаев, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты М.Шамбұлов және басқалары шынайы пейілмен құттықтап, берекелі істің қала әкімдігі мен кәсіпорын басшылығы арасындағы мызғымас ымыра-бірлігінің арқасында орнықты атқарылғанына назар аударды.

Жаңа қоныс иелеріне кілт тапсырылғаннан кейін әжелер шадыман шаттықтың айғағы іспетті шашу шашты.

Бірінші қабатында қазіргі заман талабына сай қондырғылармен жабдықталған емханасы бар, аумағы айрықша талаппен абаттандырылған тұрғын үйде қоныс тойларын комбинаттың жұмыскер-қызметкерлері санатына жататын алпыс алты отбасы тойлады. Бұдан тысқары, он екі пәтер емханада қызмет атқарып, халық денсаулығының қалыпты болуы үшін тер төгетін маман-дәрігерлерге бөлінді. Екі пәтер арнайы келісім-шартқа сәйкес, коммуналдық меншікке беріліп, оларға Жәйрем кенті ауруханасында еңбек етуге келген кәсіби мамандар қоныстанды.

Салтанатты рәсім үстінде кәсіпорын басшылығы жаңа пәтердің кілтін иеленген өздерінің үздік үш жұмыскеріне «байғазы» жоралғысымен тұрмыстық заттар – тоңазытқыш, теледидар, кір жуатын машина тарту етті.

Бүгінгі көңілге қонымды шара Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында баса мән берілген «Қолжетімді баспана» туралы тапсырмасының үдесінен шыққан игі іс болып отыр,– дейді, жүйені құрушы кәсіпорынның әлеуметтік инфрақұрылым бөлімінің бастығы Н.Мукулов. – Үй толығымен дербес жылу беру қазандығына қосылған. Ауыз сумен қоса ыстық су беріліп тұрады. Пәтерлердің бір шаршы метрі 58 мың теңгеге бағаланды. Оны пәтер иелері он жыл мерзімде пайызсыз несие тәсілімен өтеп шығатын болады. Біз бұған дейін де дәл осы жүйемен бірнеше көпқабатты үйді тұрғындар игілігіне ұсынғанбыз. Өзін-өзі ақтап, жұртшылықтың көңіліне жаққан оңтайлы шаруаны алдағы уақытта да тиянақты түрде жалғастыра беретін боламыз.

ЖӘЙРЕМ кенті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 756
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px