«Орталыққа» жөн көрдік жүгінгенді - Орталық-Ақпарат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Орталыққа» жөн көрдік жүгінгенді

Тыңдаңдар ал, ағайын, құлағың бар,

Жоғары жаққа сауал, сұрағым бар.

Шалғайда Торғайменен шектесетін

Маңдайда соры қалың бір ауыл бар.

 

Қазығын ол қазақтық қаққан ауыл,

Азығын маңдай термен тапқан ауыл.

Кездігін қап түбіне салып қойып,

Өз күнін өзі көріп жатқан ауыл.

 

Бабалар басын иген осы өңірге,

Жырымды төсеніш қып төседім бе?!

Алланың тізіміне тіркелгенбіз

Ауданның бар ма ауылым есебінде?

 

Бір қысың асып түсіп бір қысыңнан,

Әупірімдеп өтуде ел түрлі сыннан.

Жоғарыдан «қалай деп жағдайларың»

Ат ізін салмайды бір мұсылман.

 

Дұғай сәлем биліктің бектеріне,

Мырзаларға мұңымыз жетпеді ме?!

Алты ай болды ауылда байланыстың

Қондырғысы құрдымға кеткеніне.

 

Азаматпыз ел жүгін арқаласақ,

Кім боламыз шіреніп, шалқаласақ.

Шеңберліктер қыр-қырда тентіреп жүр

Қалта телефондарын қалтаға сап.

 

Тындырылар сонымен істің көбі,

Байланыссыз ахуал мүшкіл ме еді.

Тайраңдар күн қыр асып кеткеннен соң,

Қайран халқым - қайтпекші қыс күндері.

 

...Шаршататын шаруа ғой шынында елді,

Тасқа өрмелеп қол-аяқ тілімделді.

«Халықтың көзі, ауызы, құлағы» деп

«Орталыққа» жөн көрдік жүгінгенді.

 

Мұқаш Сейтқазинов.

 

Ұлытау ауданы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2618
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px