«Орталықтың» Батырға тартуы - Орталық-Ақпарат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

 

«Орталықтың» Батырға тартуы

 

Наркескен оның өзі. Күйіс қайырып тұрған нарды ортан белінен салып қалғанда, қыр арқадан тиген қылыш қаққа бөліп өтіпті. Әлгі нар сол сәтінде күйсеп тұра беріпті. Сәлден соң барып қаққа айрылып түсіпті. Бір-ақ тартқанда нарды бөліп кеткен қылыштың наркескен аты содан қалса керек. Ауаға лақтырылған жібек орамалға сілтегенде де оны қаққа айыратын қайқы қылыштың осы түрі – наркескен. Орыстың немесе кресшілердің тік қылышы ауаға лақтырылған әлгі орамалды кесіп өте алмай, өзімен бірге орап алып түседі екен. Мәселе – қылыш темірінің асылдығы мен ұстаның баптап соғып, суаруында. Наркескенді жасайтын темір тек Теміртаудан ғана табылса, оны соғатын Әубәкірдей ұстаны тек қазақтай қасиетті халық қана туа алады. Ендеше, қазақтың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіровке арналған кітаптың атын «Наркескен» деп қаламгер-журналист Мағауия Сембай тауып қойған екен.

Сынақшы-ұшқыш, түріктің ғана емес, исі мұсылманның ішінде қазақтың тұңғыш ғарышкері, һас батыр Тоқтар Әубәкіровтің бітім-болмысы, мінезі, ақыл-ойы мен сана-сезімі – «намысқа суарылған наркескен». Халық Қаһарманының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Мағауия Сембай мен Мирас Асан жинақтап шығарған жұп-жұмыр жинақтың аты мен заты, тысы мен іші бірдей оның наркескен екенін әйгілеп тұр. Айтпақшы, батыр жайлы бәсіре-кітаптың шығуына демеуші болған «Орталық Қазақстан» газетінің ұжымы екенін сүйіншілеп қояйық. Бұл – «Орталықтың» батыр тойына тартқан бәсіре-сыйы.

Батыр Тоқтар Әубәкіров – іргесіне өркениет келіп қонған көшпелі жұрттың аспан әлеміне із салған тұла бойы тұңғышы. Жердегідей емес, шексіз аспан әлемінен, азат әлемнен алғаш хабар әкелуші қазақ. Кітаптағы алғашқы мақаласында Мағауия Сланбекұлы айтады оны: «Әлдебір тылсым күш, бәлкім, мың өліп, мың тірілген қазақтың ұлына СССР-ды таратып, еліне тәуелсіздік таңы атып келе жатқанын Алла жеті қат көк арқылы сүйіншілеткен болар» (27-бет). Иә, Тоқтар ұшып келісімен небары бір жарым айдан соң қазақ халқы өз тәуелсіздігін жариялағанын жаһан жұртшылығы біледі бүгінде. Тағы да осы мақалада мынадай қызық дерек келтіріледі. «Тоқтар ағамыз Кремльдің Георгиев залында қасқайып тұрып, сол Горбачевты қазықтай қағып, жерге тығып жібергенін білмейді екенбіз: «Тот, кто не кормит свою армию, тот преклонен кормить чужую армию. Михаил Сергеевич, вы ведете страну на гибель», – депті батыр».

Ұлы Тұран даласында, исі Түрік балалары арасында ерте заманнан кітап шығарудың керемет үлгісі қалыптасқан. Солардың ішінде біз білетін алғашқы бітік (кітап) «Күлтегін ескерткіші». Орхон, Енисей бойынан табылған, көшпелілерден жеткен көне жәдігерлер. Есте жоқ ескі замандағы Түрік жұртын іргелі мемлекет қылған тұлғалар – Күлтегін, Тоныкөк, Білге қағандардың ерлік жыры. Осы тұрыпты Қорқыт атаның «Оғыз қаған жыры».

Одан берідегі «Қобыланды батыр жыры», «Алпамыс батыр жыры», тіпті, бертіндегі Қазақ хандығы тұсындағы кітаптардың көбі елін өз алдына дербес ел етіп, ұлтын ұйыстыру жолында өткен хандар жайлы. Жекелеген тұлғалардың ерлік ісі мен тағдыр талайы хақында. Көшпелілер дәуіріндегі мұндай кітап басу үрдісі кейінгі бізге жетті. Қазақ даласында ХХ ғасырдың басында басылып шыққан алғашқы кітаптардың бірі – Тұрағұл Құнанбаевтың «Әкем Абай туралы» кітабы, қазақтың ұлы ақыны Абай болмысы жайлы. Біздің қолымызға түсіп отырған «Наркескен» де осы кітаптардың заңды жалғасы. Жай ғана жалғасы емес, қазақ кітап қоржынын байытатын мәртебелі мұраның бірі. Кітапта Кеңес Одағының Батыры, сынақшы-ұшқыш Валерий Меницкий Тоқаң жайлы былай деген екен: «Тоқтар өзінің қазақ болып туғанын зор мақтан тұтатын. Халқы туралы жүрегімен беріле айтатын. Кейде әлдекімдер оның ұлтын шатастырып жатқанда кәдімгідей кейіп қалатын. Бұл – Шығыс халқының бәріне ортақ, тән қасиет қой деп ойлаймын» (15-бет).

Кітап туған халқына Тоқаңды бұрынғысынан да анығырақ танытары сөзсіз. Ерлік мұрасын, адамгершілік ар-ожданын, биік тұғырын әйгілейді. Сол арқылы Тоқтар Әубәкіровтей маңдайалды ұлдары бар қазақтай халықтың қасиетін таныта түседі. Осы күнге дейін қазақтың батыр ұлы Тоқтар Әубәкіров өмір жолын бір кісідей білемін деп жүрген менің жеке пікірімнің бір шеті – бұл. Өйткені, саңылауы бардың сезімін қозғамай қоймайтын Тоқаң өмірін өнеге ете отырып, терең ойға жетелейді. ХІХ ғасырда жасап кеткен Ұлы Абайдың өлмес туындыларын еске салады: «Сені мен мен тең бе деп мақтанасың, Білімсіздік белгісі ол баяғы». Өлмес мұрат, сөнбес шырақ білім турасында батырдың өзі «Әкем мен еңбектеп жүргенде қайтыс болып, хат танымайтын анам өсірді. «Бар байлығың, игілігің, жақсылық атаулы білімде» деп құлағыма құйды бала күнімнен» дейді (43-бет). Ендеше, аңыз адам Тоқтар Әубәкіровтің осыншама биікке көтеріліп, батыр, ғарышкер атануы – ең бірінші білімге байланысты екен. Ол жайында осы кітаптағы Мағауия Сембайдың «Емтихан» мақаласынан толығырақ біле аласыздар.

Кітапқа топтастырылған мақалалар шоғырының осалы жоқ. Соның ішіндегі соқталысы – Қайнар Олжайдың «Жер тартылысын жеңген қазағы» мен Нұртөре Жүсіптің «Қыран қазағы». Қайнар Олжай қазақ ұлының ғарышқа ұшуына қарсылық танытқан қызыл иттерге жауап қайыра отырып, мәселенің тігісін жатқызып, қазақтың қос тұңғышы – Н.Назарбаев пен Тоқтар Әубәкіров тұлғасын биіктете түседі. «Ғарыш мекемелері тулап бақты. Бірақ, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев КСРО Халық депутаттары сьезінде және басқа да мінбелерде қалай болғанда да бір қазақ ұшуға тиістігін шегелеп тұрып айтқандықтан, ғарыш мекемелерінің көнбеске амалы қалмаған.

Тоқтар – қазақ жігіттерінің космонавтика мен авиацияға өгей еместігінің жарқын дәлелі. Егер оны осыдан он жыл бұрын ұшырса да, ол әзір еді. Тек соны ғарышқа самғату қажеттігін түсінбеген әскери-өнеркәсіптік кешенге өкпелейік» дейді. Осы төрт-бес сөйлемнен-ақ сол кезде ғарышқа қазақ ұлын ұшырудың қандай қиындыққа соққанын бағамдай беріңіз.

Батырдың еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі онсыз да тұла бойынан ұшқын атып тұрады. «Елін сүйген ерлік жасайды» демей ме қазақ?! Ал, батырдың түкті жүрегін елге, жерге елжіретіп, сүйіспеншілігін оятқан не құдірет? Арыстай ұлдың асқан нәзік, сезімшіл екенін кім біліп, аңдағандай? «Мені қайрап, түлетіп шығарған қазақтың әні ғой» депті батырдың өзі бірде. Ол туралы Нұртөре Жүсіп жазыпты: «Қиыр Шығыста қажып, қажығанда, қажыр-қайратының кемігенінен емес, көңіл-күйі күйреп, Тайганың бір шетінде желдің өтінде тұрғанда, өне-бойын өксік қысады. Кілең ішуге келгенде алдарына жан салмайтын топтың ортасында жападан-жалғыз өзі қалып, қамығады. Өмірден күдер үзген Тоқтар әлгінде өзімен ала шыққан транзистордың құлағын бұрайды ғой баяғы. Кенет... Әдемі бір сыбызғы әуен естіледі. «Ажарың ашық екен атқан таңдай...». Қамығып жүргені мүлдем естен шығып, өмірдің бар қиындығы ұмыт қалғандай болады. Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Гауһартас». «Осындай керемет ән тудырған біздің қазақ қандай ғажап халық! Сол халықтың мен де бір баласымын. Қой, бүйтіп қамыға бергенім жарамас» деп қыран дүр сілкінеді».

Жалпы, кітап екі бөлімнен тұрады. Алғашқысы – «Тартылыс күшін жеңген қазақ» болса, кейінгісі – «Ассалаумағалейкум, уа, әлем!». Бірінші бөлімде қарымды қаламгерлер Жүсіпбек Қорғасбек, Қайнар Олжай, Талғат Сүйінбай, Нұртөре Жүсіп, Мағауия Сембай, Төлеубай Ермекбаев, Аман Жанғожин, Ерсін Мұсабековтің қазақтың қаһарман ұлы туралы әр түрлі жанрдағы материалдары топтастырылған. Екінші бөлім – жыр-дастан. Тоқаң жайлы жазылған өлеңдер топтамасы. Онда Серік Ақсұңқарұлының «Алашым менің аспанда», Серік Тұрғынбековтің «Ғарыш – қазақ» поэмасынан үзінді, Мирас Асанның «Тәңірсый» өлеңдері топтастырылған.

Батыр жайындағы жинақтың елеулі жүгін көтеріп тұрған материалдың бірі – Ерсін Мұсабековтың «Ғарыш пен намысы». Тоқаң мен автор арасындағы ашық-жарқын сұхбат. Аталған сұхбатында батыр: «ақиқат айтудан айнып көрмеген басылымдар бар ғой. Мысалы, «Орталық Қазақстан». Мен туралы ақиқат дүниені жазып келе жатқан бірден-бір басылым – осы «Орталық Қазақстан» екенін айтқым келеді. Әлгі сіз айтқан жаңсақ пікір қоғамдық сипат алған тұста да «жоқ, қазақтың тұңғыш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров» деп бірінші болып батыл пікір айтқан да «Орталық Қазақстан». Мен ғарышқа ұшуға дайындықты бастаған сәттен бүгінгі күнге дейін «Орталықтың» мен туралы жазғаны бір кітап болып та қалған шығар», – деп ағынан жарылыпты. Айтқаны келіпті ақыры. Кітаптағы материалдардың барлығы бүгінге дейін «Орталық» бетінде жарияланбаса да, осы күнге дейін отандық басылымдарда жарық көрген Тоқаң жайлы таңдаулы мақалаларды тұтастырып, тасқа қашап, батыр тойына тарту етті. Амандық болса, қазақ кітап қорына қосылған қомақты туындыны келешек ұрпақ жата-жастана оқиды әлі.

 

Жәнібек ӘЛИМАН

 

Сурет "Наркескен"

жинағынан алынды.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2609
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px