Сауда-сауық орталығы ашылды - Орталық-Ақпарат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Сауда-сауық орталығы ашылды
Амандық РАХҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»


Жақында Сәтбаев қаласында «Ulytau Mall» деп аталатын қазіргі заманға сай, тамаша жабдықталған ойын-сауық және сауда орталығы ашылды. Бұл — Үкіметтің Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-экономикалық дамытудың Кешенді жоспары шеңберіндегі инновациялық жобалардың бірі болатын.

Индустриалдық-инновациялық жобаны тәуекелмен қолға алған жергілікті кәсіпкер Әбутәліп Инсебаев бастаған ісін мемлекет қолдауымен ойдағыдай жүзеге асырып отыр. Жаңа заман үлгісіндегі кешенде кәсіпкердің әдеттегі сауда-саттықтан гөрі, тұрғындардың бой жазып, тиімді демалуына жан-жақты жағдай жасауға көңіл бөлгені бірден көрініп тұр. Мұнда отбасымен келіп демалуға ыңғайлылық мол. Сәнді үш қабатты сауда-сауық орталығында тауар ассортименттері алуан түрлі бутиктер мен павильондар, шағын дәмхана, ең жоғарғы қабатында сәулелі жарық техникаларымен жабдықталған жайлы бар орналасқан. Ал, «Балапан» атты бөлігіндегі әр жастағы балаларға арналған аттракционды әткеншектер, лабиринттар мен ойын автоматтары жас жеткіншектерге айрықша қуаныш сыйлауда. Жаңа кешеннің ашылу салтанатына қала жұртшылығымен қатар бүлдіршін балғындар көптеп жиналды.
– Үлкен мегаполис орталығындағыдай ойын-сауық кешенінің біздің қаламызда да бой көтеруі елеулі оқиға. Бұл — еліміздің еңселеніп дамуының, сондай-ақ, шағын және орта бизнеске қамқорлықтың қанат жаюының жарқын көрінісі, – деді кеншілер қаласының әкімі Асқар Ыдырысов жаңа нысанның ашылу салтанатындағы құттықтау сөзінде.
Айтса айтқандай, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша Сәтбаевта шағын және орта бизнестің аясы кеңейіп, ел көңілінен шығатын біршама орындар ашылуда. Кәсіпкер Ә. Инсебаев ашқан сауда-сауық орталығы да осының бір айшықты айғағы. «Ulytau Mall» кешені Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңындағы  толымды тарту ретінде бағалануда.

СӘТБАЕВ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 265
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px