Таза көңіл, ырза пейіл - Орталық-Ақпарат - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Таза көңіл, ырза пейіл
Адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, ізгі ниеті алғыс айтудан басталады. Адамның кісілігіне, жақсылығына риза болу – адамгершілік. Мұндайда атам қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Қайырымдылық, мейірімділік, бауырмалдылық бар жерде отандық рух оянады. Бәлкім, мәңгілік елдің бастауы осы тектілікте жатқан шығар. Бірнеше ұлттың тағдырына арашашы болып, «тар жол, тайғақ кешу» кезінде басына пана, жанына сая болған қазақ деген ұлы дала ұланының теңіздей терең мейірімділігін сырт көздің де бұрынғыдан да бетер түсініп жатқан жайы бар.
Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ,
«Орталық Қазақстан»

Балқаш қаласындағы спорт сауықтыру кешеніне жиналған қала жұртшылығының өкілдері әдеттегідей бір-біріне деген риза көңілмен бас қосып, Алғыс айту күнінің мән-маңызына орай ізгі ниеттерін жеткізіп жатыр. Балқаш қаласының әкімі Александр Аглиулин алғаш рет аталып өтіп отырған Алғыс айту күніне орай мерекелік лебізін жеткізді.
– Қазақ даласы,- деді ол – жергілікті ұлттардың кең пейіліндей дархан, біздің ата-бабаларымыз сонау ауыртпалық кезінде ұлы даланы паналады, жан сақтады. Бір түйір дәнді өзге ұлт өкілдеріне бөліп берген әр қазақ отбасына сан мыңдаған алғысымызды айтамыз, жеткіземіз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясаты арқасында гүлденген елімізде достықтың беріктігі, ұлт татулығы басқаларға үлгі боларлықтай қызығушылық туғызады. Алғыс айту өткенге бір қайыра оралу, кеше кім едік, бүгін қандай күйдеміз? Мың алғыс, Қазақстанның Тәуелсіздігі! Біз сені көздің қарашығындай сақтауға серт береміз.
Бұдан кейін этно-мәдени орталықтың өкілдері қазақ ұлтына өз ризашылықтарын білдіріп, сонау алыста қалған ата-бабалар басынан кешкен қиын-қыстау кезеңдерді тілге тиек етті. Жатырқамай жанына тартқан мейірімді қазақ жұртының арқасында осындағы әр ұлттың ұрпағы өсіп-өніп, аһарлы-шаһарлы ел болып отырғанын шат-шадыман көңілмен жұртшылыққа жеткізді. Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай келіп отырған Алғыс айту күні шын мәнісінде халықтың басын қосып, шын пейілмен төс түйістіріп, ынтымақ, бірлікке қарай жетелеп барады.
Осы күні көркемөнерпаздар ұжымы тартымды концерт берді. Зейнеткерлер қала ішіндегі автобуста тегін жүру құқығына ие болды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға шаштаразда, «Балқашстомотология» тіс емханасында тегін қызмет көрсетілді.
Қаладағы іскер әйелдер қауымдастығының төрағасы Зәуре Әбдікәрімованың ұйтқы болуымен «Зере» сауда үйінде «Рахмет үшін» бутигі ашылған-тын. Ешкімге де ерсі бола қоймас, мұнда қала тұрғындары киюге жарамды киімдерін, тұтыну заттарын тегін өткізеді. Бұл да қайырымды іс. Үйіңізде босқа тұрғанша басқалардың қажетіне жарасын. Мұны да жүрек жылуы деп ұққан жөн. Әлеуметтік қамқорлыққа зәру отбасы үшін айтарлықтай көмек. Тегін таратылады. Дәл осы күні «Алғыс алған арымас» дегендей, «рахмет үшін» бутигіне келушілер де көп болды.

Балқаш қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 284
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px