«...Алаштан ақын болып туу – азап» - Поэзия - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ   
«...Алаштан ақын болып туу – азап»
"Сөз деген – киелі"* деп ойлап қалып,
Тылсым бір сезімдер мен
                                       ойды ақтарып;
Осынау жерде, ойхой, заманында,
Өтті ғой  Өтежан** да ойнақ салып.

Ұйытам деді ол Сөзге бұл Алашты,
Маңынан күллі ел сонда тұра қашты.
Құрыған құл мен күңнің заманында,
Құдайға қандай пенде құлақ асты.

Тұрандай*** болмаса да,  
Берен  – елі,
О дағы Есениндей ерен еді.
Қазақ боп бекер туды...
Туғаннан соң –
Орыс боп бір-ақ туу керек еді!

Көз ашып көргені оның удай азап,
Бодан ел бола ала ма Ғұндай ғажап?!
Өтекең туғанға осы дейін бізде,
Болмаған болмысы өзге мұндай қазақ!

Гректе бір тамыры жатыр еді,
Тибетте бір тамыры жатыр еді.
Радярд Киплинг секілді бұл,
Азулы асқақ елдің ақыны еді!

Маңдайы Күнге тиіп, жарқыраған,
Шабыты – Ниагара арқыраған:
...Алаштан ақын болып туу – азап,
Ақедеу  болып туған артық одан.

...Тұрандай болмаса да,
Берен елі,
О дағы Есениндей ерен еді.
Қазақ боп бекер туды...
Туғаннан соң –
Орыс боп бір-ақ туу керек еді!

*" Ең бірінші – Сөз пайда болған..."
("Інжіл").
**Өтежан Нұрғалиев.
***Ғұн (Гун) – жауынгер түрік тайпасы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 149
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px