«Алдында уақыттың айыбым - мың...» - Поэзия - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Алдында уақыттың айыбым - мың...»

Ілкідегі біраз уақыт бұрын қазақтың қайратты бір азаматы жер-көкті қопарып жүріп Сақ бабаның алтын доғабасты белбеуін тапты. Сөйтіп, оны сапарлас болып жүрген қаламгер досының қолына ырым етіп ұстатты...
                                         АВТОР.

О, Сарыарқа!
Сандалкөгім, саңлағым,
Маған майдай жағады ғой шаңдағың.
«Қыран дала» десе Жұбан,
Мен сенің құлан дала екеніңді аңдадым.

Төскейіңде атойласа батыр шын,
Қан мен терін төккеніне татырсың.
Құлагердей құйрық-жалын күн сүйген
Құла түзде құйғып келе жатырсың.

Аз емес қой арманыңа шомар түн,
Айтсақ бәрін том басады том артын.
Таптық кеше Сақ бабаның белбеуін,
Доғабасы – қой басындай сом алтын.

«Қайран бабам!
Болудай-ақ болып ап,
Өзі кеткен, алтындаған тоны қап», –
деп күбірлеп боздап тұрды бозбала,
тәу етуге тәбәрікті қолына ап.

Қалай енді езілмесін өзегі,
Бұрыннан да қуқыл тартып боз өңі.
Бабасының бағзы мүлкін
Басқа емес,
Тұңғыш рет ұстап тұрған өзі еді.

Көбең жылдар көктей өткен өңірді,
Өңірді де, көңілді де кемірді.
Саф алтынға шомылған сол шоңдардың
ұрпағының доғабасы темір-ді...

Алтын белбеу жеткен алыс жол жүріп,
Бабасынан баласына болды құт.
Соқпақ енді алтын ойдың доғасын
Сом алтыннан қаламы бар сол жігіт.


 (Этюд)
Тағы да келді көктем, келді көктем,
Тұлымын торғын құсап желбіреткен.
Дүние, дәл осылай бұрын да сен
Дүрия көйлегіңмен мөлдіреп пе ең?

Құлпыра бастағанда құба далаң,
Сырт қалмақ кім осындай сыбағадан?!
Бүршіктер бала қыздай,
Қауызынан
болашақ бойжеткен боп сығалаған.

Табиғат төлежіген тұмсадайын
Тектіңді, той емес пе, туса, ағайын.
«Ақ киіз» қарасына орын берді,
Жуған соң қайта-қайта су самайын.

Біле алмай еншілерін қай «шешені»,
Түртінген төлдің соры, әй, бес елі...
Көктемнің құдіреті –
Бәйшешегі бәстессе, мезгілге де
             қайшы өседі.

Тыңдасаң «қиқуына» құлақты сап,
Келеді қайтқан қаздай жырақта ұшақ.
Боз бүртік боз шілікке қонақтапты
Бидайы баданадай сынап құсап.

Бойында буазыған ырыс кілкіп,
Кіндігін кеспек қырдың қылыш қырқып.
Күнікей күн астынан көп қарады,
Көзіне жалғап алып күміс кірпік.

Жөңкіліп Нұра беттен, жыраға өткен
Жайлауға жылға-жылан құлады еппен.
Құйылған шаңырақтан құт-құрсаққа
Аңыздың нұрындай-ау мына көктем.


Жүрген жерін өрт секілді жалмаған
Жәдігөйден ешкім аман қалмаған.
Саяқ жүрсең сүйкенеді,
Ал, енді, таяп жүрсең итереді арнадан.

Тозар болса торғын сынды тамаша ән,
Толықпайды неше жерден жамасаң.
Сүйкенген соң қырқылады күлте жал,
Итерген соң жыртылады жаға сан.

Ар алдында адал міндет атқарған –
Ақ қарғаға айналатын шақ, қарғам.
Ғайып болмай «сатпақ» деген...
Сұмдығы –
Майып болар «аппақ» деген ақпардан.

Кектенетін,
Боп төнетін саған сыз,
Жұртты тастап, сыртты қайдан табарсыз?!
Бүгінгінің Дон Кихоты бола алмай,
Боянасың,
Оянасың амалсыз.

Қарасына айналасың ақ болсаң,
Жаласына байланасың пәк болсаң.
Батыраштың күтіп алар балтасы,
Ақан Сері ауылына аттансаң.

Қамыт көрсе мойнын созған жегіндей
Көндігесің,
Жөндігесің тебінбей.
Бас кетерде «батырға да жан керек»,
Ал, мен болсам батыр емес едім ғой.

«Мыңмен жалғыз алысатын» ақсамай,
Бола алмадық әділетке сақшы Абай.
Мен жеңілдім.
Мас жұртынан мезі боп, өзі қоса
                                  ішіп кеткен патшадай.

 
Апыр-ай, тағы да бір жылым кетті,
Айғыздап әжімімен жырым бетті.
Шаласын қағыстырып қайта жақтым,
Қоз болған қоламтасы бұрынғы отты.

Байқаған бағзы кезде байыбын кім,
Алдында уақыттың айыбым – мың.
Ай емес,
Апта емес,
Тоқсан емес,
Тоқпақ жал бір жылымнан айырылдым.

Өмірдің бір бөлігі өстіп мені
Өтірік емес кеше өксіткені.
Сен болсаң селт етпейсің.
Сетінесе,
Сол шіркін тепши салар көпшік пе еді?!

Сауығы сарқылмайтын мас  ғаламда
Мәселе қалмағандай басқа маңда.
Жағалай тост көтерді,
Бір жыл келіп бір жылдың басын
                                          қағып тастағанда.

Жыл кетті.
Жылап ұшқан жапырақ ол,
Деген кім жапырақты жапыра бер?
Тапқанын тойлаушы еді,
Жоғалтқанын жырғайтын бұл не деген
                                                   ақымақ ел?!

Қашаудың мықты жағы шеку екен,
Босаудың түпкі жағы беку екен.
Жыл келді, – дейсің, қарақ.
Келсін-келсін,
Бірақ, бұл – келу емес, кету екен.


Сұрамайтын сұғынып ештеңені,
Сұңғылаға не берді өскен елі?
Дүмді патша келгенде,
Диогенің
баспанаға айналған бөшкеде еді.

Жалғау үшін кеп тұрмын үзігіңді,
Білдір, – деді билеуші – үзіріңді.
Қыздырынып отырған күн көзіне
Кемеңгердің кермиық жүзі күлді;

Төресіне төндіріп тамыздығын,
Ақылманның айтқаны аңыз  бүгін:
«Қалқаламай күн көзін былай тұршы,
Бұдан өзге жоқ, – деді – арыз-мұңым».

Сарайынан сабылып ұлық кепті,
Ұлықпын, – деп жаппасын тұнық көкті.
«Балық» солай бөшкеде бұлқынған соң,
Беттей алмай Зұлқарнай жүріп кетті.

Алыс жақтан аңқыған Арқаға ана
Астарын ұқ аңыздың, қалқа-бала.
Сен Македон емессің, мен Диоген,
Күннің көзін, ендеше, қалқалама.


Пенде көрдің бе еркімен өлген,
Жетпеді көбі сертіне берген.
Демігіп біреу дертінен өлсе,
Желігіп біреу өртінен өлген.

Ноян боп бірі намыстан өлген,
Қоян боп бірі қамыстан өлген.
Бақталастыққа,
Тақталастыққа,
Аққа қастыққа жарыстан өлген.

Аңғалақ бірі атомнан өлген,
Қаңғалақ бірі атудан өлген.
Астаудан емес, бастаудан айнып,
Қас жаудан емес, қатыннан өлген...

Қағандар өлген түп-тұяғымен,
Қоғамдар өлген –құтты ұя білген.
Өлді, өлді, өлді...
Өлмеді бірақ, бірі де оның ықтиярымен.
Келешек деген кертіліп ұлы ой,
Кемітер сәттің серпіні – дүлей.
Өлгің келмейді, өлесің бірақ,
Өлу емес бұл –
Өлтірілу ғой!

 

                    «Өзіме-өзім жақпадым,
                    Енді қайда сыя алдым?»
                                                 АБАЙ.
Дей алман, періштедей мінсіз болам,
Іздесең мінсіздікті үнсіз қалам.
Тәңірге ғана сыяр тазалықты
Қалайша телімек боп жүрсіз маған?

Пендемін түскен азап, азаға сан,
Жаңылам, жұрт секілді жаза басам.
«Авгидің ат қорасы» айт пен тойдай,
Мендегі көң-қорданы тазаласаң.

Деп жүріп мұнан асам, анан асам,
Сыйықсыз салмақ салдым санама сан.
Қалпыммен сүттен аппақ, судан тұнық
Тал түсте жолдан тайып, қара басам.

Періштем қалған кезде үш-ақ қадам,
Жалт беріп пері қызын құшақтағам.
Бір мықты жеңнен тартса, –
          жем берем, – деп,
Ілесіп жетегіне ұсақталам.

Қызығар қылығым жоқ айтар адам,
Дәметем дәмді қазан, май табадан.
Кешкісін боқ баспауға ант етем де,
Ертесін сол араға қайта барам.

Тәбетін тәубесіне арқандаған
Таба алмай пәк күнімді талқан болам.
Мөріне шаң тимейтін мөлдірлікті
Таңасың бекер ғана, қалқам, маған.
Жо-жоқ, мен періште емен,
Жаны Хақтан пендемін – тіршіліктің
            қамы батқан.
Тәңірдей тазамын, – деп тантып қалып,
Жайым жоқ болар мүлде Тәңір атқан.


(Кекесін)
Бапқа құлар заманда
Шатақ қуып алжастым.
Ақша қуар заманда
Атақ қуып алжастым.

Пайда қуар заманда
Бақыр қуып алжастым.
Айла қуар заманда
Ақыл қуып алжастым.

Сараң болар заманда
«Ал-ал» болып алжастым.
Харам болар заманда
Халал болып алжастым.

«Мақұл» болар заманда
Батыр болып алжастым.
Әкім болар заманда
Ақын болып алжастым.

Іріп, түтер болғанда
Салтымды іздеп алжастым.
Құрып бітер болғанда
Халқымды іздеп алжастым.

Өрісті алар заманда
Азат қонып алжастым.
Орыс болар заманда
Қазақ болып алжастым.

Елдің болып қорғаны
Едірейсем хан бұққан.
Есім түзу болғаны
Өстіп «алжасқандықтан».   

Досым  «Не жаңалық бар?» – деп телефон шалады.  Ал, менде айтарлықтай
ештеңе жоқ...
                                            АВТОР.                       
«Не жаңалық?», – дейсіңіз,
Жаңалық жоқ, жаңалық.
Күнге күйген көрші қыз
Кетпепті әлі ағарып.
 
Орнында тұр долана,
Орнында тұр дара құз.
Жаңалық деп бола ма,
Ағармаса қараңыз?!

Саумын, – дейді мас адам,
Таумын, – дейді төбе би.
Бар жаңаны жасаған –
Басыңдағы көне ми.

Мінсіз, – дейді – бір керім
Мезі еткенді сан күліп.
Жаңалық деп жүргенің –
Жыл бұрынғы жаңғырық.

Өзгеріс жоқ.
(Ол – анық)
Бағзыныкі – бертінгі ой.
Қыз дегенің...
Боянып,  «қылық» ашқан кемпір ғой.

Жаңартуға аз халім,
«Қайырлы мал – қайтқаным».
Бұрынғы сөз жазғаным,
Бұрынғы кез айтқаным.

Жаңамын, – деп осылай
Жасамыс жел, әне, есті.
Білмеуші ме ең, досым-ай,
Бұл дүниенің бәрі ескі.      


Бұл қазақты кім айтқан ақымақ, – деп,
Жағынуды ойлайды жатып ап тек.
Бастығына бозаң түс ұнар болса,
Әп-сәтінде қояды атын әктеп.

Бізбикесі бүгіннің – үйленгені,
Ат әктеу де Алдардан үйренгені.
Бақталастың қасқасын боқпен бояп,
Бақас тірлік жасаудан жиренбеді.

Көз ақысын алатын көре қалып,
Көсеңізден бір зауал келері анық.
Байыңды да алдайды, жайыңды да,
Бұрынғыдай жатпайды бөле-жарып.
 
Аңғал ауыл ол үшін бақ мекені,
Арбауынан сараң да, сақ та өтеді.
Біз сұрай кеп бірінен,
Білдірместен
Бізбикедей бикешін ап кетеді.

Бұрынғының Көсесін неше шіреп
            даттағанмен,
Кетпеді ел есесі көп.
Жалғыз еді жарықтық.
Ал, бүгіннің
Көшесі көп, содан да Көсесі көп.

Ат-матыңды малданбай бүгінгі Алдар
Көкті тінтіп, көліңнің түбін қармар.
Өтіп жатыр алдынан алтын артып,
Жүзіншісі ноғала... шұбырған нар.

Он тоналып жатса да, он ұрланып,
Өкінгенін көрмедік өңір налып.
Алдар атқа мініп тұр.
Ал, абайла,
Қожанасыр кейіптес қоңыр халық.

 
Пендеңіз болған сайын атаққұмар
Арты оның айықпайтын шатаққа ұрар.
Азына місесі жоқ мешкей көңіл
Ақыры, қол-аяғын матап тынар.

Жылқыдан күлік шығып көбең күткен,
Ат болар ай тұяғы төбеңді үккен.
Бәрі де – айтқан сөзім артық тарап,
Есімім елге жетсін дегендіктен.

Саңлаққа санай берсе өзін сұмдық,
Сансырап жұмары бар көзін шындық.
«Менімді» майып етті менмендігім,
Өңімді шайып кетті өзімшілдік.

Содан соң болайын деп қойдан қоңыр,
Отықтым жас қозыдай ойдан не бір.
«Ел үшін ақын болдым», – дей алмады
Еншісін қанағат қып қойған көңіл.

Тау болып шыға алады төбе қалай,
Болмаса төбе қамын жеген ағай?
Атақ қой ақындық та...
Аллам, сақта,
«Атақ жоқ арсыз болмай», – деген Абай.

Бойда сол Абай айтқан ар қалды ма,
Ар жүгін талмай тартар нар қалды ма?
Майласаң маймылдан да ақын шығар,
            ар шықпас.
Мейлі, тіпті, жардан құла.

Сауғасын сұрап алар сарайға еніп,
Сарсылды-ау сыны кетіп талай берік.
Азғантай атақ алсам абыржимын,
Қалардай «Ар қайда?», – деп Абай келіп.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 298
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px