«Арулар – тіршілікке күретамыр...» - Поэзия - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

«Арулар – тіршілікке күретамыр...»
Ана

Түсіңе тағы ендім бе түніңде бүгін?
Қанатым әлі қатпады, қауырсын-жүрек...
Телефон шалып ертемен дірілдеп үнің,
Суықтап қалдың ба, күнім?
                                            Тәуірсің бе? – деп,

Сұрамашы, апа...
Тән емес, жанды мұз қарып
Жаурадым, бірақ сонда да шыдайын күліп!
Қара түн сенен ақ арай таңды қызғанып,
Ұйқысызсың-ау, қызыңды уайым қылып,

Жыламашы, апа!
Онсыз да разы қылмадым...
Тайғақтау жолда тентегің тайқып келеді.
Өмірге менің өтелмес жазығым барын,
Өлеңім ғана өзіңе айтып береді...

Жадыра БАЙБҰЛАНОВА.

 

Мұқанов көшесі

Сізге ғана ұнамайтын көшемен,
Сан сүрініп, сан адастым неше мен?
Сіз есіме ораласыз қайтадан,
«Жазшы» сосын «оқып берші» десе, Өлең!

Сол көшемен өтіп барам кештетіп,
Бақытым да ерте келген, кеш кетіп.
Сол көшемен, сіз жайында болып тұр,
Басқа ештеңе орала алмай еске түк!

– Деді өлең, менде көндім үнсіз қап,
Жүрегім де өз білгенін жүр тыңдап!
Бәрі әдемі көрініп тұр тым, неге?
Сіз де әйбат, қарда әсем, үнсіз бақ!

Сол көшенің тағы өттім жолынан,
Өлеңге еріп жүріп келем соңынан.
Сүйкімсіз боп көрінеді бұл көше,
Бәлкім ұстай алмаған соң қолынан...

Өлеңді оқып, әнді де айтып тұр көше,
Ақындардың көшесі еді бұл десе.
Қайта есіме оралдыңыз сіз тағы,
Бұл ғаламнан биік көрген күнді есе!

Солай өтті бұл көшеде ақындар,
«Сіз» деп өлең оқыдым мен... хақым бар!
Мен емес бұл қаламым ед тербелген,
Оқып алып, жыртпаңыз тек хатымды әр!

Перизат ЖАҢҒЫЛЫШБАЕВА.


«Баянсыз махаббат»
романының үзігі

Кездестік біз, жаздың жылы күндері,
Жүрегімде ыстық сезім бүрледі...
Қарап тұрдық, бірімізге біріміз,
Алғаш рет шықты жас боп – жыр легі...

Қарап тұрдық, дей алмадық ештеңе,
Махаббат та еліктей бір сескене,
Жиырма жыл жүрді менің жанымда,
Барлығы ерте, барлығы осы кеш неге?

– Жиырма жыл өтті соған... бәрі шын,
Мен біреудің, сен біреудің жарысың...
Мен барлығын, сен барлығын кеш ұқтың,
Ең жақыным, сенсің ең бір – алысым...

Үнсіз тұрмыз, махаббатың тілі жоқ,
Қайыңдаймыз бұтағы бар, бүрі жоқ.
Кешегі ыстық сезімдерден белгі жоқ,
Кешегі ыстық сүйістердің бірі жоқ...

– Қайтарайық, шақырайық сол шақты, –
дедің маған, жақындатып алшақты.
Кетпегендей ешқайда, жүрейікші бір жаным,
Лаулап тұрған жүрек те «сүйемін»
                                                деп жар сапты!
– Қосылмаймыз, кездеспейміз біз енді,
Байқұс жүрек көзің жасын үз енді...
Қалай кеттік екі жаққа екеуміз,
Солай енді күнелтеміз – күз ернім...

– Неге жаным, қатал жауап тартасың?
Жүрмін сенсіз, жалғыз азап тарта шын.
Махаббаттың уын ішіп, өртеніп,
Сені ойлап, өттім жердің ортасын...

– Өткен күнді шақырмайды еш пенде?
Өткен өтті. Уайымдама, сескенбе...
Күйіп-жанып, өртке оранып тұрсам да,
Оралмаймын. Тағдыр солай кескен де...

– Неге жаным! Қатал едің мұншама?
Жиырма жыл сырғып кетті – жыл-шана.
Күйгісі кеп тұрады екен жүрегің,
Сүйгісі кеп тұрса да...

– Ұмытпадым, менде жаным, бірақ та,
Шын махаббат жүру керек жырақта...
Сені неге сүйдім екен, сен неге?
Жауап таппай келем осы сұраққа?!

– Есте сақта еш ұмытпа, өтінем,
Ұмыт болсам тұлпар-тұяқ кетілем.
Бәрін-бәрін бастайықшы басынан,
Бәрін-бәрін баяндайын шетінен...

Түсіндірмей кетіп қалдым, рас, шыным,
Сезімімнің алдындағы бас мінім
Сол болды ғой, айтпай кеттім, жауапсыз,
Жүрегімнің беті тайғақ, асты мұң.

Неге сонда түсіндіріп кетпедім,
Жиырма жыл өтті, кетті текке мұң.
Сен кешіре алар едің жарығым,
Сезім гүлін келіп қайта екпедім...

Енді, міне, жаулап алды өкініш,
Қатемді енді жөндей алмас ешбір күш.
Өкінгенмен қайта оралмас көктемсің,
Сағынышым күллі жылдың – өлшемі...
Өшпес сезім, мені саған байлады,
Байқұс жүрек жалғыз-жарым ойлады.
Жаным менің сол күндерге оралып,
Еске түсе береді қай-қайдағы...

Білемін мен, сен де жаным білесің,
Періштем боп түсіме ылғы енесің.
Шын сүйгендер қосыла ма өмірде,
Не жазса да тағдыр соған  көнесің!..

Көндім жаным, менде оның бәріне,
Сүйемін мен сені жаным, тағы не?
Ешкім сені түсінбейді дәл мендей
Сүйе алмайды,  әлі де...
– Хош бол Саят! Кездеспейміз біз енді,
Біздің жүрек көктем емес-күз енді...

Айнұр ЖӘКЕШОВА.

 

Сарыобалымды сүйемін!

(Өз ауылымды өзімдей  ешкім
сүйе алмайды...)

Бораны ұлып жатса да,
Тіл бітіретін тасқа да,
Ұқсамайтұғын басқаға,
Сарыобалымды сүйемін!

Бір-бірін өрге сүйреген,
Тілімен тіліп, түйреген,
Өздерін-өзі билеген,
Сарыобалымды сүйемін!

Иті де үріп, жатпайтын,
Төрт мезгіл тыным таппайтын,
Кез келген адам жақпайтын,
Сарыобалымды сүйемін!

Жарысып елмен жүрсе де,
Кекетіп кейі күлсе де,
Сынауды ғана білсе де,
Сарыобалымды сүйемін!

Той болса басы бірігіп,
Көрсетер соны ірілік,
Тегінде тұнған ұлылық,
Сарыобалымды сүйемін!

Жаз болса желдің өтінде,
Болмайды бірақ кетуге.
Қасиет қонған мекен ол,
Осынау жердің бетінде.

Бәйгеге атын баптаған,
Өзіңнен ғана бақ табам,
Сәбилік сағынышымды,
Сыр сандығымда сақтағам,
Еш жерге ұқсай бермейтін,
Сарыобалыммен мақтанам!

Мөлдір Жақсыбайқызы.

Түс
 
Ұйықтағым келмейді!
Түсімде ылғи түн перісі тергейді.
«Қасыңдағы көркем жігіт не керек?
Оны бізге бер» дейді.

Сосын сені суырып ап қойнымнан,
Аймалайды, иіскейді мойныңнан.
Перілерден айтшы қалай құтылам?
Үйіме ылғи кіріп алып той қылған.?

Сөйлеу түгіл, қозғалуым қиын-ақ,
Ару пері қасы-көзін қиып-ап,
Алдыңа кеп билейді шыр айнала,
Менің қызыл көйлегімді киіп ап.

Ұнайды екен саған да бұл серілік,
Мені ұмыттың, әлгілермен желігіп.
Перілердің бірі арқаңды уқалап,
Бірі жатыр төсегімде керіліп.

Менің әтір, бояуымды жағып-ап,
Сені мәз ғып таңға дейін қағынад,
Сосын...
Сосын кетеді ұшып шалғайға,
Арқасына қанаттарын тағып-ап.

Ояна сап ағыл-тегіл терлеймін,
Ашуланып: «Бар, жуынып кел» деймін.
Перілерің бүгін түнде келмесін,
Хабардар ет, сені мүлде бермеймін.

Мейлі көктем келсін қайта, күз өтіп,
Ұйықтамаймын, әуреленбе түзетіп,
Өңімде алып кетпес үшін перілер,
Отырамын түні бойы күзетіп.

Айзада РАХЫМЖАНОВА.

 

Алғашқы көктем –
Егіндібұлақта
 
Көнілсіз көктем көңілсіз бақта,
Жанымның тосар жолы сіз жақта.
Тіл қаттым, тамшы нөсермен бірге,
Көңілді кезген толы сұраққа.
 
Көңілсіз күйдің мұң жайын сұрап,
Өтіп бара ма жыл-айың құлап?
Мұңға шомылып, дәл маған ұқсап,
Саябақта тұр бір қайың жылап.

 Санамда мұңлы дәйім сұрақтар,
Көңілдің сырын жайып бір ақтар.
Көктемгі жауған қарлы жауынмен,
Қайғы-шеріңді шайып жылап қал.
 
Сен мені енді іздеймін деме,
Сезімді шертер біздей кім терең.
Жырымның әні әлі де солғын,
Көктемі жанның күздей мұң неге?
 Өлең жолдап ем шерім жылап та,
Жазбай атым мен тегімді хатқа.
Қарағандының көктемі күз де,
Алғашқы көктем Егіндібұлақта.

Назерке ТҮСІПБЕКОВА.

 

Жаулар азаймайды

Жаулар азаймайды,
Жығылғаныңды көргенше,
Көр ұсынғаны,
Күлімдеп тұрып төр берсе.
Ор қазғандығы,
Арқаңнан қағып «құп» десе.
Жамандығыңды жалғап береді, бітпесе.
Жаулар жылжымайды,
Кейінге, әрі дұрысқа,
Қолдап тұрады, қалт кетіп жатсаң
                                                           бұрысқа.
Жау деген жақын кешегі досың атанса,
Жарығым, оны кешіремін деп тырыспа!
Жаулар шегінбейді, шел басқаныңша
                                                              көзіңді,
Жауым досым деп алдағаныңша өзіңді.
Жымиып үйрен, жылағаныңды қаларға,
Бір тамшы жасты жуытпай тұрып
                                                          жанарға!
Жаулар бүгілмейді, бүгілмейінше
                                                        болмысың,
Ажырата біл жақын мен жаттың оңды ісін.
Жау деген сенің жеңістеріңе сәтсіздік,
Жау деген сенің жеңілісіңе қол мүсін.
Жау дегенің жоқ көнбістік біткен жандарда,
Жау дегенің жоқ жымысқы жағымпаздарда.
Жауыңнан досын көп болсын бірақ  
                                                              қашан да,
Жарық дүниенің есігін таңда ашарда.
Кең пейіл қанша табыстырғанмен алысты,
Тар көңіл сонша тас бауыр қылды
                                                            танысты,
Зұлымдығы үшін жек көру керек жауыңды,
Сүю де керек қайрайтыны үшін намысты!
Жау көбеймесін, жаныңмен сенген  
                                                         сатпасын,
Жарқын жүректер жалғыздық дәмін
                                                          татпасын.
Тірлікте мына төтеп бергенде бәріне,
Өзіңе-өзің жау болуыңнан сақтасын!

Айзада  ТӨЛЕУТАЙҚЫЗЫ.
Сен бақытты боласың,
сәл күте тұр...

Көзіңде мұң, көңілің алабұртып,
Сен де білем, шаттанып жүрген жоқсың.
Жанарыңда жасыңды әрең іркіп
Сәл жымиып суретте күлген бопсың.
 
Қайтсем сені бақытты етер екем,
«Аққа Алла жақ» деген бекер ме  екен.
Бар байлығы дүниенің менің үшін,
Сенің мұңсыз күлкіңе жете ме екен?!
Қайтсем сені бақытты етеді екем?
 
Сен нәзік ең, аққудай, шағаладай,
Адастың тек қона алмай, жағаға жай.
Өңкей жаман анталап жан-жағыңнан,
Аяламай, қор қылды-ау бағаламай.
 
Сен бір ғажап жұмбақсың, сұрақ-мүсін,
Сұлулығы жаныңның қуат-күшің.
Сен бақытты боласың, қара да тұр,
Себебі, сен арлысың, саналысың,
Адалдардың ішінде адалысың!
Және де тұрақтысың!
Сен бақытты боласың, сәл күте тұр!

Гүлжан РҮСТЕМОВА

 

Мен іздемедім – Сағындым

Жеңіліс дерсің –
Дәтіңдей берік болмадым.
Сол күні киген көйлектің түсін
Ұмыттым.
(Ұмыта алмадым қалғанын).
Көбелек – ғұмыр...
Көбелек – ғұмыр кештірген,
Жолы да ауыр:
Аяулы сәт пен арманның.
Несіне айып тағамыз елге?!
Кінәлі неге шақырым?!
Күнәнің жүгі өзімізде екен ғой:
Сен сағынбадың –
Іздедің.
Мен іздемедім –
Сағындым.
Гүл – ғұмыр кешсең фәниде;
Күйгелек – сезім.
Сарсаң – ой.
Өз ертегіңнің соңы болғанда,
Алты әріп атымды,
Жолдаған хатымды –
Сүйсінген сәтте емес, әрине,
Күйінген сәтте:
Шіркiн,
Ұмытып қалсаң ғой.

Кәмшат ХАСЕН.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 320
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px