«Аз ойшылдың бірімін...» - Поэзия - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Түріки тілек

 

Күміс құмы сусыған,

Ақ теңіздің жағасы.

Жүрегі бір туысқан,

Түріктердің даласы.

Құшып-құшып қояды,

Көк толқындар көңілді.

Жаны қалмай жүр тағы,

Баласы мен данасы.

 

 

Зәйтүн бағы сыңсыған,

Жұмағы екен жалғанның.

Арулары қымсынған,

Арманы екен арманның.

Көк бөрінің сүтіне,

Қанған ата ұрпағы.

Шеттерінен баһадүр,

Арланы екен арланның.

 

 

Төрткүл дүние таң қалған,

Тектілердің мекені.

Бұлақ селдеп таулардан,

Тарих күйін шертеді.

Мұнарасы көк тіреп,

Азан айтқан әлемге.

Алла үйі мешіттер,

Екі дүние ертегі.

 

Ыстамбұлда саз үні,

Сағынышқа бөлейді.

Намысы жан азығы,

Өр жігіттер өрлейді.

Анталияда ән тыңдап,

Аданада болғандар,

Ата-анамыз бір дейді,

Түркілерді бөлмейді.

 

Жанашыр ел, бауыр ел,

Домбырамды тыңдаған.

Табыссын деп тәуірлер,

Туыстықты шыңдаған.

Анадолы ұлдары,

Атажұртын аңсаған.

Түріктердің тағдыры,

Шүпілдеген шырғалаң.

 

Еркесі мен серкесін,

«Нағыз қазақ» атаған.

Атақ осы ерге сын,

Озса түрік қатардан.

Туыстардың теңеуі,

Кернеп кетті кеудені.

Қазақ үшін қашанда,

Әрбір түрік – қаһарман.

 

Айналайын, бауырлар,

Бір бәйтерек бұтағы.

Аумайды екен ауылдар,

Бір болған соң ұрпағы.

Адалдықты ту еткен,

Оқу, білім шырағы.

Аламанда әлемдік,

Түріктердің тұлпары.

 

... Айналайын бауырлар,

Бір атаның тұяғы.

Айтар талай сауын бар,

Санаға сән құяды.

Айырмасын біздерді,

Енді тағдыр ешқашан.

Біз сенетін бір Құдай,

Көздің жасын тияды.

Тоқта, мырза...

 

Тоқта, мырза,

Сырласшы кеп менімен,

Қарап тұрсаң, аз қазақтың бірімін.

Аярлармен айтысуға ерінем,

Күлкі қылам бұзақының бүлігін.

 

Тоқта, мырза,

Аз емес-ау айтарым,

Сөз арнауға әзірмін мен ер үшін.

Қағып тастап күншілдердің сайтанын,

Шырқыратып сыпырса ғой терісін.

Бірақ, бірақ...

Көктем менің көңілім,

Аға деймін сыйласқанның үлкенін.

Өкінбейді өлеңдеткен өмірім,

Менің пірім –

Ел ұстаған Күлтегін.

 

Інім деймін сыйласқанның кішісін,

Мен тұрғанда ит қаппайды жақсыны.

Біліп жүрші,

Мен бір сөзді кісімін,

Халық қана тағдырымның тақсыры.

 

Жер-жаһанда жүрегінің лүпілі,

Әйел-ана жыламайды мен барда.

Ушыққанда құдайсыздар күңкілі,

Жабылады Алла берген арманға.

 

Әңгіме осы....

Аз ойшылдың бірімін,

Ақыл десең,

Ақыл қосып айта алам.

Жатқа соққан ібілістің ілімін,

Жындылардың бетін күнде қайтарам.

 

Тоқта, мырза!

Біз қазақ боп кетейік.

Құтылармыз сонда бәлкім,

сұмдардан.

Кетпесінші өмір бойы ел кейіп,

Айналайық елім дейтін ұлдардан.

 

 

Балтабайдың

Бәйбегі

 

Бәйбек аға,

Жақсының тұяғы едің,

Нұрлы Нұра әспеттер зиялы ерін.

Атышулы Усабай атаң болыс,

Қорушы еді қызғыштай қия, белін.

 

Бәйбек аға,

Шыншылдың шырағы едің,

Қырандарын құрметтер қырағы елің.

Қараталдан біреуді көріп қалсам,

Жаным қалмай жайыңды сұрап едім.

 

Құдай берген тектінің тұқымы едің,

Дүбірі бар қаныңда түркілердің,

Көк бөрінің сүтіне қанғандарға,

Таңсық емес тірлігі түлкілердің.

 

Сөз қылмай-ақ жалғанды

күйбі-күйбің,

Тыңдап әлі келесің күйдің күйін.

Нар баласы болған соң

бақырмайсың,

Көтергенмен тағдырдың қиындығын.

 

«Халық жауы» атанып зәузатыңмен,

Оқтын-оқтын жеріңнен ауатын ең.

Адал еді, Балтабай, Түйтебайлар,

Жаған жүйткіп жүретін қара атымен.

 

Қайран Нұра...

Ұл-қызың қарапайым,

Кішің-кісі, үлкенің –ағатайым,

Барлығыңды келемін қара тұтып,

Шетінемей жүріңдер жазатайым.

 

Сандалу

 

Көпшіліктен аспадым,

Көп пендеден биікпін.

Кейде қолдап қастарым,

Иттің жанын иіттім.

 

Жауға сауға демедім,

Жыртса-дағы жағамды.

Жақсыларды демедім,

Жалап жүр жарамды.

 

Дос қатесін мінедім,

Туғанымды сынадым.

Түсінбесе жүдедім,

Өкпелесе шыдадым.

 

Өзімді де шираттым,

Өзгені де қинадым.

Жігерсізді қираттым,

Жігіттерді жинадым.

 

Жарыспадым пендемен,

Жарыспадым пасықпен.

Үміт күтті ел менен,

Кеңеспедім жасықпен.

 

Жылауыққа алдандым,

Жылы сөзге малдандым.

Алғыс болды алғаным,

Өсекке де сан қалдым.

Өмір менен өлімнің,

Арасында сандалдым...

 

Қарындастарым –

қарлығаштарым

 

Қарындастарым – қарлығаштарым,

Сіздермен сұлу, ашық аспаным.

Сіздермен ғажап күндерім менің,

Сіздер күлгенде асып-тасамын.

 

Қарындастарым-бозторғайларым,

Сөздерің қандай көңіл қозғайтын.

Аналарыңнан айнымай қалған,

Алтындарым-ай, өмірі тозбайтын.

 

Қарындастарым-қуаныштарым,

Тілегім едің түлеп ұшқаның.

Қабақтарыңнан кірбің байқасам,

Жүрегім жүдеп құрақ ұшқанмын.

 

Қарындастарым-жұбаныштарым,

Жайымды жиі сұрап тұратын.

Сыбаға сақтап, сарғайып күткен,

Шырақтарым-ай, шамшырақтарым.

 

Қарындастарым-бауырмалдарым,

Сіздерге сазды сауық арнадым.

Аға болуға әкем баулыған,

Бірге өскен кеше ауыл арманым.

 

Қарындастарым-ақылдастарым,

Қайда жүрсем де алыстамадым.

Ұраны ұлттың ұлыңда болса,

Қызында-жаны, қарындастарым.

 

 

Қымыз келді

ауылдан...

 

Қымыз келді ауылдан пойызбенен,

Бір жасады тірлігім ой іздеген.

Жарықтықтың жұпары қандай еді!

Дала болып кеткендей дәліз деген.

 

Қымыз келді ауылдан пойызбенен,

Тірлігіме түр бітті нәр іздеген.

Шақыр дедім Шыңғысқа көршілерді,

Аптап түссе алқынып дәрі іздеген.

 

Қымыз келді қаланың шөлін басып,

Мәз боп қалды өмірге көңіл ғашық.

Бір жұтып ем...

Ойыма бір ән түсті,

«Қыз емес қыздың аты –

қызыл асық...»

Қымыз келді жанымды жадыратып,

Бұл жалғанның барады қадірі артып.

Бір жұтып ем...

Бір ана еске түсті,

Жайын айтып жылаған

жақын тартып.

 

Қымыз келді.

Атамның асы қандай,

Толқып тұрмын кешегі асылдардай.

Еске түсті бір әке...

Кемпірі өліп,

Келініне көрінген масыл жандай.

 

Қымыз ішіп отырмын ойға батып,

Несие алып ел-жұртым тойға қарық.

Үйсіз-күйсіз бір бауыр қалды кеше,

Былтыр жазда...

Бір кешке тойхана алып.

 

Қымыз осы, қазақты жұбататын,

Қайырымсыздардың қайтеді ел

құр атағын.

Бір дөкейге баласы қол жұмсады,

Шектеуі жоқ сектаны ұнататын.

 

Қымыз осы.

Қазақты қуантатын,

Бір жұтып ем,

Бір жылдық қуат алдым.

Қымыз ішкен қазақтар,

Қарап тұрсам...

Баласындай бауырмал бір атаның.

 

Дос-дұшпанға керемет қарқынымыз,

Бар қазаққа жетпей тұр салқын қымыз.

Жас жүрекке жетпей тұр бір баспана,

Тас жүрекке жетпей тұр алтын-күміс.

 

Ойға батып отырмын, мұңға батып,

Үлгі бере алмасақ, ұлдар ғаріп.

Қымыз ішкен қазақтың бағы жанып,

Аламанда озатын ұлтаралық.

 

... Сары қымыз....

Сәлемі сағыныштың,

Сарқыты деп сақтардың

сарқып іштім.

Мал мен жаны арының садақасы,

Не бітірдім,

Не істедім халқым үшін?

Балбалдардан оқыған бабалар-ай,

Бастаушы еді бақытқа бал қымызың.

 

Сен мені

есіңе алма

 

Сен мені ойлайсың-ау,

Түсімде жиі көрем.

Үйіңде баяғыдай,

Жанында биік емен.

Басқамен кеткеніңде,

Білдің бе, білмедің бе?

Қалмаған ауылда жан,

Ах ұрып, күйінбеген.

 

Көйлегің көл түсті еді,

Борықтай бой жеткен ең.

Албырт ең, ажарлы ең,

Ойыңа ой жетпеген.

Жиен деп жүруші едік,

Қайтейін, қайтейін-ай.

Тым-тырыс сен кеткелі,

Тау-тоғай той кетпеген.

 

Бұлбұлдар сайрамайды,

Сұңқарлар көрінбейді.

Шарасыз шаруақорлар,

Бұл деген өмір дейді.

Жазығым жоқ еді ғой,

Аямай кеттің мені,

Бір жүрек – бір-ақ тағдыр,

Екіге бөлінбейді.

Мәні жоқ түн мен таңның,

Күз-көктем бірдей маған.

Сырымды сен білетін,

Ешқашан білмейді адам.

Жалғызбын жаһанда мен,

Жұрт шіркін не десе де.

Достарым қуанғанда,

Мен ылғи күлмей қалам.

 

Сен мені ойлайсың-ау,

Түсімде жиі көрем.

Жалт беріп жаутаңдайды,

Қиялым – киік өлең.

Бас аман, бәрі де бар,

Сен дағы аман болшы.

Жаңалық жан ауыртар,

Құлады биік емен.

...Сен мені есіңе алма,

Мен сені сүйіп өтем.

 

Қаңтардағы ән

 

Жүйрік таңдап жылқыдан,

Айырылдым, айым ырқымнан.

Қақап тұрған қаңтарда,

Көргім келді сыртыңнан.

 

Елемей қысын Арқаның,

Аңсадым әнін қалқаның.

Қызығыма қоса гөр,

Қарға бөккен алқабым.

 

Ат құлағы сырласым,

Жүрегімді тыңдасын.

Ақборан сүйінші сұрасын,

Сұлудың сүйіп сырғасын.

 

Аппақ дүние – ақ арман,

Асыл ойдан жаралған.

Мендей жігіт бар ма екен,

Сары аяздан саз алған.

 

Топ-топ басқан тұлпарым,

Сауырыңда ұлпамын.

Жалыңменен жебей гөр,

Сал-серінің ұрпағын.

 

Сексеуіл жаққан үй қандай,

Сөзіме қалма иланбай.

Көркіңе сай ақылың,

Сырым осы имандай.

 

... Жырыма құмар жұртым бар,

Қырауы көптеу мұртым бар.

Сендей қыздың жолынан,

Садаға кетсін сылқымдар.

 

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 807
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px