Көкке жолды салып берген Көкжалым - Поэзия - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Көкке жолды салып берген Көкжалым

Ай мен Күнді ардақтаған Алашым,

Биіктерге баулыйтұғын баласын,

Көк дөненнен жүйрік қазақ көңілі,

Шарлайтұғын жұлдыздардың

арасын,

Киіз үйде отпен бірге алаулап,

Ғарыш сыры арбайтұғын санасын.

Ұша алмады, өзі бірақ, амал не,

Космодромға берседағы даласын!

 

Кімдер ұшып, кім қонбады далаға,

Хаттап-шоттап, сана, мейлі, санама,

Отыз жылғы өрендердің ішінде,

Бір қазақ жоқ дегенге жұрт нана ма?!

 

Қып-қызыл от, алау шоқ бар ізінде,

Ғарыш-кеме сонау аспан жүзінде,

Тек әйтеуір келді қазақ кезегі

Мың тоғыз жүз тоқсан бірдің күзінде!

 

Тына қалып тас кеуденің бұрқағы,

Шырылдаған шындық

көкке шырқады.

Күнге беттеп күндей күліп келеді,

Күннен туған ер Ғұндардың ұрпағы!

 

Көкжалдығын халық көрген Тоқтарым,

Көкке жолды салып берген Тоқтарым,

Көптен бергі көк түріктің қайтпаған,

Көп есесін алып берген Тоқтарым!

 

Қыран құстай достарымен табысты,

Құшақтасып, ер парызын алысты.

Ен далада арғымақпен шапқандай,

Тоқтар кезіп келе жатыр ғарышты!

 

Нұр құйылып жүрегі мен санаға,

Көз жіберді тау мен мұхит, далаға,

Шексіз, түпсіз кеңістікте қалықтап

Өз жолымен бара жатыр, Жер-Ана!

 

От жалында өмір бақи жандың да,

Ақыл-естен біржолата тандың ба,

Қарапайым, әрі дана ақиқат –

Ей, адамзат, екі-ақ жол тұр алдыңда!

 

Жер бетіне сыйластықпен сиясың,

Я желкеңді бір-біріңнің қиясың.

Өзгелермен өзің қоса қиылып,

Біржолата тіршілікті тыясың!

 

Тәуба, тәуба, керек бізге көп тәуба,

Тәубасыздар енді иманды жоқтауда.

Қанша ғасыр қасап болды қан сасып,

Ей, адамзат, болмай ма

енді тоқтауға?!

 

Біз сыйлаймыз барлық елді

ғажап қып,

Сен де ғалым, құрметтей біл қазақты.

Өзгелердің азаттығын сыйлаудан

Басталады шын мәнінде азаттық!

 

Ғарыш-Жердің ашып жаңа парағын,

Ай-әлемді айналдырып пырағың,

Екі досын – барша адамды құшақтап,

Кең далаға қонды Тоқтар қыраның!

 

Жан сарайын жаңғыртқандай жел исі,

Аңқылдаған жел әкелген ел исі...

Аспан, ғарыш шын ғажайып болса да,

Бәрінен де артық бейбіт жер исі!

Баянғали ӘЛІМЖАНОВ,

Мәдениет қайраткері,

Манасшы жырау.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2612
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px