Мерейім - Сендер - Поэзия - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Мерейім - Сендер
Қайнаған астың дәмі сорпасында,
(Жаратқан «жорт» деген соң жортасың да).
Алла деп 60 жасты қарсы алып,
Отырмын ауылдастар ортасында.

Болған соң азаматы іргелі елдің,
Куәсіміз сан ду мен дүрбелеңнің.
Ауылдың қызығын да, шыжығын да,
60 жыл өздеріңмен бірге көрдім.

Төс ұрып, кеуде керіп, тасқаным жоқ,
Жар шетін құлай ма деп басқаным жоқ.
Көппен көрген ұлы той ұраным боп,
Қала түгіл, ауданға қашқаным жоқ.

Қолымды дей алмаймын барға малдым,
Сендерді қолдағанмын, қорғағанмын.
Ақтүтек боранында біздің жақтың
Сан рет өздеріңмен жолда қалдым.

Туған ауылым, атыңды ту ғып алдым,
Тағдырыңа қарамаймын жүрдім-бардым.
Мұңайсаңдар, сендермен бір мұңайып,
Қуансаңдар, сендермен бір қуандым.

Сондықтан, Мұқаш үшін ауыл – жұмақ,
Мен кетсем, қалатындай тауым жылап.
Тілеуіңді, туған жер, тілеп жүрмін,
Арқама азаматтық ауыр жүк ап.

Жақсы өмірді жүрсіңдер аңсауменен,
Сендерде жоқ торығу, шаршау деген.
Мысалы, ЭКСПО өтер елде отырып
Жаңа жылды қарсы алдық майшамменен.

Ұлтымды сүйем десе кім де кімдер –
Ұрпақты ауыл жаққа үйретіңдер.
Қазақи бойда қанды жоғалтқандар,
Ауылға қарап мұрын шүйіретіндер!..

Қала деп қыңқылдайды ерке бала,
Өзім үшін Шеңберім – өлке дара.
«Ұлтымыздың ұйытқысы ауылда» деп
Бекер айтты деймісің Шерхан аға.

Ауылдастар, мен үшін мерейсіңдер,
Азаймай, әр ауылда көбейсін де ел.
Қой үстіне бозторғай жұмыртқалар,
2030-ды да көрерсіңдер...
Оттарыңа тамызық болып жанып,
Күлің боп шыққан маған не дейсіңдер!?


Жұмбақ жас
Сен бе едің, жұмбақ жасым – 60 деген
90-ға кеп алғандар тал түс деген?
Алла деп, енді, түрен салмақшымын.
Мен үшін тың мекенсің жол түспеген.

Жақында, не ғып тұрсың қолымды алмай,
Танысайық, жатырмын жаным қалмай.
Сайлы ма көңіл-дөнен ер-тұрманы
Ойлы ма, шүңқырлы ма жолың қандай?

Сән алып сәуір келді Сарыарқаға,
Көктемде туылғанбыз, соған, тоба.
Жаңа түскен келіндей именшектеп,
Сіңісе алмай отырмын жаңа ортаңа.

Біреулер бұл 60-ты аңыздай дейд,
Біреулер жаздың соңы тамыздай дейд.
Жұраштан* «60 қалай?» деп сұрасам,
«Қорықпа, тура 59-дай» дейд.

Ей, алпыс, мені ауылың қабылдай ма,
Сыртқа теппей, сыйлы орын дайындай ма?
Төрде отырған бір төрең ығыса ма,
Басып-басып жіберсем «дәридайға?!».

Жұраш* – төл құрдасым Жұрағат Тұңғышбаев.


Қуаныш па... толқу ма?..
60-ым,
Аспаныңда өлең-құсым қалқысын.
Қазақ айтқан болармысың сен менің,
Төбемдегі тал түсім.

Көкте өлең,
60-ыншы келіп жеткен көктем ең.
Жассың ғой, сен, жастай бізді айырып,
Марқұм әкем жетпеген.
Фәниде,
Мені жұртым «дәридәй» деп тани ма?
Ажал жасы болдың ақын Сағиға
Арман болған жассың Мұқағалиға.

Жаңа леп,
Жан тербеген сәуір айы самалы ед,
30-да орда, қамал ап ем 40-та
60 жаста алқынбасам жарар ед.

60-ым,
Тал түсіңнің тартуларын ал, түсін...
...Қуаныш па, болмаса, әлде, толқу ма,
Көтеріліп кетті неге қан қысым?..


Біздің толқын
Таласқам жоқ ешкімнің мақамымен,
Санасқам жоқ шенімен, атағымен.
Домбырасыз додада жалғыз жүріп,
«Дәридайы» Ұлытаудың атанып ем.
Жастық шақ – жалындаған жасыл әлем,
Таситын жерде лықсып тасыған ем.
Әдемі айтыс жасап Әселханмен,
Әзіліміз жарасқан Әсиямен.

Көмейден төгіліп сөз маржандары,
Жыр кені – ақындардың қазғандары.
Қатимолла – Батыстың бас ақыны,
Қонысбай ед Торғайдың топжарғаны.

Ол кезде біздің орта тамаша-тын,
Тарландар таланттарға қарасатын.
...«Бүлдіргенді» айтқанда бүлкілдетіп,
Бүкіл залды тербейтін Абаш ақын.

Тілдері Шорабектің у болатын,
Есенқұл – жатып атар қу болатын.
Әзімбек – соғыс көрген сарбаз еді,
«Сары тентек» жүрген жері шу болатын.

Қорқушы ек Тоқпановтың таяғынан,
Бетті ақын Баянғали баяғыдан.
Көресіні айтыста көруші едім
Айтақынның өзі емес, аяғынан.

Айтыстың қоңырауы ед Жүрсін үні,
Дүйсенбайдың лезде еді қырсығуы.
Ханша ақын – Сара ақынның
                                         сынығындай,
Лена қыз – сазы бөлек, Сыр сұлуы.

Ерік ед ер деп елдің мақтайтыны,
Жадыра ед жұрттың жиі жақтайтыны.
Рамазанның айтыстың арасында,
Жоқ еді, шіркін, ойлап таппайтыны.

Қарсы алды ел «Ұлытау үнін»
                                         алақаймен,
Тірілді тозған өнер талапаймен.
Оң айтыс жасағаным ел есінде
Керекулік Серіктей солақаймен.

Қиқуға Әнуарды ап енетінбіз,
Ерсінге де еркіндік беретінбіз.
Қойлыбаймен жамалып жыртығымыз,
Сүрінсек, Светаға сенетінбіз.

Тіл жәрдем беруші едік қоғамға біз,
Аманжолмен әлді еді командамыз.
Барған жерде додада топты жарып,
Абыроймен оралдық әмәнда біз.

...Жүректен ұшқан ақын жыры – кептер,
Тәңір берген талантты тұғыр етті ер.
Сол жылдардың куәсі секілді тек,
Қолымдағы сарғайған суреттер.

Мұқаш СЕЙТҚАЗИНОВ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 166
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px