Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
«...Шаттанғанда шашу шаштым өлеңмен»
Ахатпен алғаш жүздескенімде мен оның арқасына өлең қонған Алаштың бір баласы екенін байқап қалып едім. Оның қазақ жырына деген көзсіз махаббаты көңілді көншіткен. Әкім бола жүріп, ақын болудың өзіне тән азап-мехнаты болады. Мұндай тұлғалар қазақта сирек. Ақындық пен әкімдік бір-біріне кереғар екі дүние. Кәкімбек көкемдей екеуін қатар ұстау – азаматтың азаматының ғана маңдайына жазылады. Бұл да бір – Тәңірінің сыны. Сол сыннан Ахат қалай өтеді? Мәселе – осында.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.
КӨКТЕМ – 
КӨҢІЛІМНІҢ  КҮЙІ
Қашанда болу үшін биікте Арым,
Қиғаштау қылықтарды тұйықтадым.
Кербез көктем келгенде шырқалсын деп,
Кеудемді кернеп тұрған сүйікті әнім.
Сол үнге қосыла ма бұлақ күліп,
Тыңдар ма екен дүние, құлақ түріп?!
Сезімімді сезінер пенде болса,
Күлер едім, дариға-ай, жылап тұрып.

Көктем-Дәурен, не деген құдірет ең?!
Сен келер деп күзден де күліп өтем.
Іші тарға кейістік көрсете алмай,
Ақтарылам жандарға сыры бөтен.

Білемін ғой...
Өзіме өз жайым мәлім,
Сансыратқан сананы ойым барын.
Сен келесің, дүрия-дем бересің,
Еріксіз құдіретіңді мойындадым.

Ғаламның ғаламатын сен ұқтырып,
Көңіліме кетеді желік кіріп.
Тіршілік тамырланып түрленеді,
Ару-Күннің арайын еміп тұрып.

Көктем-Бақыт, табар-ау көңіл емді,
Мейірленіп, гүлденер өңір енді.
Қырларында бәйшешек бүршік жарып,
Жер-Ана да бусанып еміренді.

Ерек мезгіл, шалқыма күйімді ұққан,
Жанымды жадыратар сыйыңды ұққам.
Көктем-Өмір, өлең боп өріл-дағы,
Құтқар мені, беймаза қиындықтан.

            МОЙЫНДАУ  
   Тәслимаға
Көрсетсем де «құзырымды»,
Сен ұзарттың қызығымды.
«Кемшілікке – кеңшілік» деп,
Жөнге салдың «бұзығыңды».

Жанарыма мұң тұнғанда,
Жан-жүрегім «жыртылғанда».
Тұңғышыңдай өбектейтін,
Жоғалтпасын ғұрпыңды Алла!

Менің Арым – сенің Арың,
Жалғыз өзің – демім, дәрім.
Тірлігімде тірек болған,
Қандай жақсы сенің барың!..

СЫРЫМ  ОСЫ...

   «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...»
                             Қасым Аманжолов.
Өмір – айдын...
Бағдары бар кемемін,
(Жазмыш, шіркін, кім біледі не дерін?!)
Көкірегім – көркем ойлы сырсандық,
Ақтарылып әлі айта алмай келемін.

Құнын біліп адами салт-ғұрыптың,
Тіршіліктің майданында шынықтым.
Өткен шақтың өткеліне өкпем жоқ,
Қырқасына шықтым бүгін қырықтың.

«Қалай?» деген жауап дайын сұраққа,
Күлдім талай, алдым кейде жылап та.
Сүрінсем де, бүгілсем де сынбадым,
Асау тағдыр салған кезде сынаққа.
Ерсі қылық еліктірген...
                                    Бас тарттым,
Қай кезде де жақсылықты қоштаппын.
Биіктерге тұғырлы ту тігерде,
Қолтығымнан демеп тұрар дос таптым.

Өткен күннің елесі көз алдымда,
Салмақ салар сан сауалдар бар мұнда.
Жасы үлкенге ізеттілік танытып,
Інілерге аға бола алдым ба?

Қызғаншақтар тигізсе де кесірін,
Ортаймаған ұл ем, әсте, несібім.
Келте күнде кергіп жатып алмадым,
Ертеңімнің айқара ашам есігін.

Ауысуда күнпарақтың беттері,
Қырыққа келдім...
                         Мезгіл қайда беттеді?!
Риза жандар әспеттеп-ақ жатады:
«Ұлытауына ұқсап туған» - деп, мені.

Иә, солай... Біреулерге тәуірмін,
Жүріп келем астыменен ауырдың.
Әрі-сәрі әбігерге түскенде,
Қимастығын сездім туған бауырдың.
 
Күрсінсем де күй кешпедім біртоға,
Байыппенен баға берер жұрт оған.
Жанымды үғар, 
                жарым мен төрт құлыным –
Тәңірімнің тартуына, мың тоба!


Сырым осы, оны бүгіп, жасырман,
Елденбіз ғой, ақиқатқа бас ұрған.
Еншім етіп, өттім мынау дәуірге,
Адалдықты жиырмасыншы ғасырдан.

Оймен шолып зерлі әлемнің көлемін,
Оңашада мұң шағарым – Өлеңім.
...Мәңгі мұра етерліктей ұрпаққа,
Жалқы жырды жаза алмай-ақ келемін.
   Жезқазған, 22.01.2004 жыл.
           
БӨЛЕК  БОЛМЫС 

          Ақын Сайлаухан Нәкеновтің рухына             
«Көктер гүлім күзде» дедің,
Көктеміңді іздемедің.                        
Болмысы тым бөлек тұрған,
Ақын елміз – Біз дегенің!

Өлең берді маңдайыңа,
Жаратқан жар жағдайыңа.
Тәтті жырдың дәмі келіп,
Тұрушы еді таңдайыңа. 

«Ғұмыр кештім текке» деме,
Наз айтамыз көпке неге?
Өлгеніңше өлең берген,
Тағдырыңа өкпелеме!
«Тек өлеңге көнем» дедің                                                                              
Неткен ғажап көлемді едің?!
Қалың қазақ қуып жүрген,
Өркениет – өлеңдерің!

Кімдер надан, кім саналы,
Білмей қойдық бір шаманы?!
Айбергенов «арман-ай» деп,
Мұқағали мұң шағады.

Тағдыр Ерді сынаққа алған,
Арман – алыс, жырақ қалған.

Екшеп бәрін, оңашада,
Өксіп, аға, жылап та алғам.
...Өлең іздеп жүргендерден,
Өмір жайлы сұрақ қалған.

Саған, ақын, сыңар қайда,
Жыр биікке шығармай ма?!
Тәңір куә, теңдес едің,
Қадыр, Сырбай, Тұманбайға...
...Ей, жас ұрпақ, жақсы ақынның,
Жырларынан тұмар байла!..

     ҰЛЫТАУДАН – ҰЛАҒАТ...

Астана қаласындағы «Фолиант» баспасы директорының орынбасары, сериялы кітаптар редакциясының бас редакторы, ақын-журналист, бауырым Қуат Құрмансейітов 40 жасқа толған мерейтойда оқылған жыр.

Арғымақ алқынбайды аламанда,
Септігің тигені анық сан адамға.
Өнегелі іздер бар өткен күнде,
Қырқасынан қырықтың қарағанда.

Шеңберден Ұлытау өтіп, Кеңгір бардың,
Ел-жұртқа білгеніңнің бердің бәрін.
Арғанаты Алладан тілек еткен:
«Есті ұлымды ешкімнен кем қылмағын!».

Кеңгірден көшіп келдің Есілге сен,
Менің балғын күнімнің көшірмесі ең.
Көркейтпесе көңілді көп істерің,
Дәл осылай шешіліп, көсілмес ем.
Сенім арта бермейсің – сенетінге,
Ұнатпасаң көнбейсің – көнетінге.
Үлкенге тән үрдісті сақтай жүріп,
Тұра алдым ба, білмеймін, жел өтінде?

Тау-шыңдарға жетелеп талапты ойлар,
Тал-шыбық та терекке қарап бойлар.
Ақ батасы үлкеннің демеу болып,
Ақ тілегі ағаның қанат байлар.

Ынта қойсаң, ынтымақ – ырыс алды,
Ағаңмын... Ара-тұра ұрысармын.
«Тартып туғам өзіңе» деуші едің ғой,
Енді, саған ұқсауға тырысармын.

Біздерде терең тәлім – түп-тамыр бар,
Дей алмайды ешкім де: «Сырттан үлгі ал!».
Ұлтын, жұртын ұятқа қалдырмайды,
Ұлытаудан ұлағат ұққан ұлдар!

Толып бүгін тұрғандай ортам нұрға,
Бауырым, тек өзіңнің арқаң  бұл да.
Хақ Тағала бергенін баянды етсін,
Тәубе, – дедім, мың мәрте... 
                                          Әлһамдулла!..
  
* * * 
Поэзия!.. Неткен ғажап көлемді ең?!
Сезіміме, сосын саған сенем мен.
Өкініштің өртін басып өзіңмен,
Шаттанғанда шашу шаштым өлеңмен.

Мен кезінде сенен қолды текке үздім,
Текке үздім де, бекер күндер өткіздім.
Қайыра бүршік жарған сезім оралтып,
Сүйіктіме жан сырымды жеткіздім.

Жан-дүниемді қайғы алғанда құрсап тым,
Сен арқылы ай-жұлдызға мұң шақтым.
Куәгері болып келдің жаныма,
Көңіліме көктем енген – гүл шақтың.

...Серік болдың Сәкен, Мағжан, Қасымға,
Мұң тұрғанда Мұқағали басында.
Жүректердің жұлдызы боп жанатын,
Поэзия!.. Құдіретсің расында!.. 

* * * 
Абайым – абыз, марғасқам еді,
Ойлары дана, еңселім.
Махамбет – жырдың алдаспаны еді,
Сертке ұстай білген семсерін.


Өткен күндердің талғамдары – бал,
Кешеден келдім бүгінге.
Ақан серінің армандары бар,
Мен жазған жырдың тінінде.

Ұлағаты мол ұлы ақындардың,
Мұрасы сыршыл, көркем бе?
Бірі боп соны ұғатындардың,
Бүгіннен өтем ертеңге...

* * * 

Байлықтың тептім басына,
Кедейлік келмес өлеңге.
Жүректе жігер жасыма,
Қазына-кеудем, көнерме!

Бағасын білдім жалғанда,
Бабамнан қалған көлемнің.
Жетпеген қолы арманға,
Өлмеген әлі өлеңмін!..

Тағдырым мәңгі жүргізбес,
Тәлкекке, әсте, көнем бе?!
Сырларым болмас сіз білмес,
Үлгерсем салып өлеңге...

Бір досым өтті...  Ер еді...
Сорғалап аққан жұлдыздай.
Керуеннен кезек келеді,
Әкетер мойын бұрғызбай.

Дүрия-дәурен сүрем де,
Талақ қып мұңды, күлкіні.
Сағынып өзім жүрем де,
Сағыныш болам бір күні...

Айтпадым сөздің арзанын,
Ынтық та болдық, сізге біз.
Сезімнің інжу-маржанын,
Өлеңдерімнен іздеңіз!..
Жарқырап ағар жұлдызбын,
Ізгілік іздер іздеміз.
Жүрегінде қалам бір қыздың...
Үміттен үміт үзбеңіз!
 
   СЕЗІМ  СЫРЛАРЫ

            Қылына нәзік сезімнің,
  Басымды сүйеп көз ілдім.
          Біссімілләні... Сонан соң,
          Атыңды айтып Өзіңнің. 
Автор.
Ех, шіркін...
Бөгде ойларды сырып тастап,
Сал-серідей ғажап бір ғұрып бастап.
Жайлауда, жанымда сен, жатар ма едім,
Түндігін киіз үйдің түріп тастап...

Сол кезде шаңырақтан ай қараса,
Нұр-шуағы армансыз аймаласа.
Самал жел гүл жұпарын мол жеткізіп,
Жұлдыздар бізсіз тойын тойламаса.

Түн қызығы таң ата аяқталса,
Аламыз ғажап түннен тоят қанша?
Қалғысам талмаусырап құшағыңда,
Бозторғайдың шырылы оятқанша...
Ех, шіркін!..

                       * * * 

Сенен таптым, жаным-ау, жырға азықты,
Айнала берем сені – бір қазықты.
«Сүйгісі келе берер сүйген ерін...»
Мұқағали осылай жыр жазыпты.

Өлеңмен өзін-өзі көлемді еткен,
Құмартып жырларына келем көптен.
«...Сүй, жаным, сүйкімді бір күйге енемін»
Мұқағали осылай өлеңдеткен.
Іңкәрлікпен өткен-ау нардың күні,
Біздің баста – дәл сондай халдің мұңы.
«Жүрегіміз жақыннан бірге соқсын...»
Мұқағали жырынан алдым мұны.


Сабаз-ай, сезініпті қыз қылықты,
Ол да мендей сезімін қыздырыпты.
«...Ағытшы бешпетіңнің түймелерін»
Мұқағали осылай үздігіпті...

* * * 

Өзіне таңсық өз үні,
Құлын-жырларым кісінер.
Жаралған ерек сезімі,
Сен ғана соны түсінер.

Жаныңды, жаным, ұғындым,
Сезімді сенсіз сезбеспін.
Ғибраты мол ғұмырдың,
Сәулесі болып кездестің.

Арманым – өзің бұл күнде,
Жүректің құлпын кім ашар?
Керемет керім күлкің де,
Сенімге төзім ұласар.

Алауы сөнбе үміттің,
Ойларға өзге сенбейміз.
...Ардақтар Арды жігіттің,
Бағына туар сендей қыз!..

* * * 

Сезім оты лаулар қатты,
Жүрем соны мойындай.
Сөздерің бар балдан тәтті,
Көзің ғажап, мойылдай.

Елестетем мүсініңді,
Алла шебер қашаған.
Саған мені түсінуді
Бұйыртса екен Жасаған!

Күрсіндірдің... Күрсінемін...
Жүрсің қазір жырақта.
Жай-күйімді білші менің,
Сала бермей сынаққа.


Маған төнген аршы мұңды,
Жазығым не, соншама?!
Жанарыма тамшы ілінді,
Төзім – темір болса да.

Тізем, жаным, бәрін қайтіп?
Қалауым боп табылдың.
Жырымды оқып, әнімді айтып,
Сені ерекше сағындым!..

* * * 
Еркелеші... Еркелетем,
Ертеңдерге ерте кетем.
Алақанда аялаймын,
Өміріңді көркем етем.

Күннің нұры – қабағыңда,
Ай сәулесі – жанарыңда.
Күй боп тұнып тұрғандайсың,
Домбырамның шанағында.

Ақшақардай тазармасам,
Мөлдірейді ғазал қашан?
Енді, қалам ұстамас ем,
Осы жырды жаза алмасам.

Сен қуансаң – мен қуанам,
Күлкіңді де ем қыла алам.
...Жатсам-тұрсам жадымдасың,
Не істе дейсің, енді маған?!..


МАХАББАТ  КҮНІ

Махаббат күні – Баянның күні,
Қозы-Көрпеші – серігі.
Ақынның, еркем, аяулы мұңы,
Артса екен саған сенімі.

Махаббат күні – Жібектің күні,
Төлеген еді төресі.
Аяусыз қиған жүректің үнін,
Бекежан сұмның жебесі.

Махаббат күні – Қорланның күні,
Естайдың есте есімі.
Ғұмыры тұнған арманның мұңы,
Тағдырдың солай шешімі.

Махаббат күні – Ләйләнің күні,
Жұматай нұрға айналған.
Бақыт құшпаған байрағы... Жыры...
Жалғыз «қазыққа» байланған.

Махаббат күні – сенің де күнің,
Менің де күнім, жан сәулем,
Елтумен жүрмін сезімге бүгін,
Өтпесем екен аңсаумен!.. 
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1823
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px