Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

ЖУСАН ИІСІ

 

Ол кезде өрімдей бала едік,

Әлі өмір қоймаған жүк артып.

Көңілдің жататын қары еріп,

Тұрушы ек әр неге құмартып.

 

Жеті ұл ек жетінші сыныпта,

Жүретін жазылмай жұбымыз.

Би кеші болса егер клубта,

Өтетін ұйқысыз түніміз.

 

Ағарып ұйқысыз таңымыз,

Жүруші ек әр нені қиялдап.

Тулайтын тамырда қанымыз,

Сәруар сезімдер жиі арбап.

 

Ағалар бастаған құтты аяқ,

Қиялда көшелі көшке еріп.

Бесіктен беліміз шықпай-ақ,

Тез жігіт болуды көкседік.

 

...”Жігітпіз дейміз-ау осы біз,

Темекі тартпас ер бола ма?” –

деп бірде ұяңдау досымыз

Тесіле қарады әр балаға.

 

Айтпайтын артық сөз бұрында,

Бала еді ол біз үшін ұятты.

Ойланып қарасақ, шынында

Ондай ер болмайтын сияқты.

 

Былай қап “бос” жүріс бұрынғы,

Ауылдан ұзақтау қыр барып.

Сол күннен бастап біз шылымды,

Шегуді үйрендік ұрланып.

 

 

Жігерлі жігіттей өкіртіп,

Шегеміз күндіз де, кеш – түн кеп.

Содан соң жусанды көпіртіп,

Шайнаймыз “Сезбесін ешкім” – деп.

 

Сақтайтын сөйтіп бір қатерден,

Иісі танауды жаратын.

Келгенде үйіме әкем мен,

Анам да түк сезбей қалатын.

 

...Қалды ғой ол күндер жырақта,

Қалды ғой ол күндер әріде.

Жусанның жұпары бірақ та,

Танаудан кетпей жүр әлі де...

 

* * *

Жарық түспес жар – қабақ,

Мекен болған далада.

Жек көрді деп жарғанат,

Күнге қырын қарама.

Үні өшті деп ылаңның,

Салғырттыққа салынба.

Жиырылғаны жыланның –

Оқталғаны шағуға.

 

Жанын жаулап нөпір мұң,

Бордай езген ой, нала –

Ақысын жеп жетімнің,

Жетілем деп ойлама.

 

Белін буып бекініп,

Бақ қонса да басыңа,

Көбіктейін көпіріп,

Шолақ сайдай тасыма!!!

 

АУЫЛҒА АЛАҢ

 

Десем де дала жырын жетік білем,

Даласыз күндер жатыр өтіп кілең.

Кешір мені, туған жер,

Жел айдаған

Қаңбақтай сенен ұзап кетіппін мен.

 

Бола қоймас жерің жат,

Көшең бөтен,

Бірақ, қайтіп сезімді бәсеңдетем?

Көп болыпты ат ізін салмағалы,

Ауылдағы ағайын есен бе екен?!

 

Есен бе екен?!

Тірлігі бекем бе екен?!

(Жер жоқ маған өзіңдей мекенге тең).

Қараша үйде қалған бір апам бар ед,

Отын-суы жазға еркін жетер ме екен?!

 

Ауыл десе ордалы ой құралмай,

Алаңдайсың әр неге бой бұра алмай.

Жүйкесі жүндей тозып қайран жеңгем,

Жүр ме екен ағама арақ қойдыра алмай?!

Лағын – ешкі, қозысын – қой қыла алмай!

 

Оларсыз жатса да өмір өтіп кілең,

Ауылдастың сырына жетікпін мен.

Кешір, бірақ, туған жер,

Жел айдаған

Қаңбақтай сенен ұзап кетіппін мен.

 

Кетсем де алыс еңсемді түсірмедім,

Жақсы іс етсем – туған жер үшін дедім.

Тағдыр желі қалаған жаққа ұшатын,

Адам да қаңбақ екен түсінгенім...

Адам да қаңбақ екен түсінгенім!

 

КӨРШІНІҢ ҚЫЗЫ

 

Бала едік онда бозөкпе,

Шала едік әлі піспеген.

Өкініш толып өзекке,

Жүрекке әжім түспеген.

 

Сезімнің қылын ерте біз,

Шертіппіз келмей күйіміз.

Үйіңмен сенің, ерке қыз,

Көрші еді біздің үйіміз.

 

Бөліске салған артығын,

Көрші едік тұрған жарасып.

Көріспей қалсақ жарты күн,

Қалатындай – ек адасып.

 

Өзімнен сені жеке алып,

Көрмеппін әсте шеттеп мен.

Мектепке бірге бет алып,

Қайтушы ек бірге мектептен.

 

Гүліндей болсын қырлардың,

Жетпейтін көркем

көп құрбың.

Көз сүзген саған ұлдардың,

Келетін мұрнын бет қылғым.

 

Мен үшін ғана жаралған,

Бағым деп сені білуші ем.

Сыртыңнан оқтай қадалған,

Сұқ көзден қорғап жүруші ем.

 

Жүруші ем бірге, жан құрбым,

Сезімді келмей кірлеткім.

Ақыры бізді тағдырдың,

Тынарын бөліп білмеппін...

 

* * *

Сөзімді тыңда сеніп, қарағым,

Төзімнің бұзып берік қамалын.

Өмірден де өңді өзіңді көріп,

Сары майдайын еріп барамын.

 

Тал бойың тұнып қылыққа керім,

Тұмадай жаның тұнық па дедім.

Көркіне көптің көз байланса да,

Өзімді бұлай ұмытпап едім.

 

Қалғандай құрып амалым менің,

Тоғысар тағдыр – таланым ба едің?!

Өзіңді көріп ұмыттым бәрін,

Жаз жазиралы жамалым менің.

 

Жаныма жарық өң бере келдің,

Толқындай толқып тербеле бердім.

Өмірге мына өзіңді жаным,

Көруге ғана келмеген едім.

 

Сондықтан көңіл танысатындай,

Қос жүрек мәңгі табысатындай.

Қасымнан қалқам, ұзасаң егер,

Басымнан менің Бақ ұшатындай.

 

Ақ қардан аппақ құлын денелім,

Күннен де көркем күлімдегенің.

Баурыма басып аймалар едім,

Аулыңа қашан ұрын келемін?!..

 

ҚАЛАДАҒЫ ҚАРТ СӨЗІ

 

Санама ерік...

Тимеген соң еріксіз балама еріп.

Кеңдікке іңкәр даланың дарқан ұлы едім,

Сыя алмай жүрмін қайтейін,

қалаға келіп.

 

Жан едім ісіне берік...

Еліме деген сағыныш күшіне еніп.

Елегзіп шығам түнімен ауылды аңсап,

Тобылғы түсті торы атым түсіме еніп.

 

Қабарып қалдым...

Тірлігін көріп ақсаусақ қалалықтардың.

Арғымақ тектес жан едім, далаға құштар,

Қапас қалаға тұтқын боп қамалып қалдым.

Қырат, даланың,..

Деген ем мәңгі төсінен тұрақ табамын.

Жібек жел соқса тербелер

көк майсаны аңсап,

Тас көшеде қамығып жылап барамын.

 

Санама ерік...

Тимеген соң еріксіз балама еріп.

Кеңдікке іңкәр даланың дарқан ұлы едім,

Сыя алмай жүрмін қайтейін,

қалаға келіп...

Наукемнің әні

 

Із қалмаса, тұғырлы етер,

Тірлігіңнің құны бекер.

Армансыз кеп дүниеге,

Армандаумен ғұмыр өтер.

Ғұмыр өтер жоқ іздеумен,

Өмір-өлім егіз деумен.

Тіршіліктің күйін шалып,

Күңіреніп қобыз – кеудең.

Бүтін бар ма бөлінбеген?

Тұқым бар ма көмілмеген?

Таң алдында талып кетіп,

Көрген түс қой өмір деген!

 

Тұнық бар ма лайланбаған?

Күлік бар ма байланбаған?

Жақыны да жатқа айналар,

Басынан бақ тайғанда Адам.

 

Қай адамда тың, өрелі,

Төрт құбыла түгел еді?

Даңғыл жол да түбінде бір,

Тұйыққа кеп тіреледі.

 

Жүректе мұң бүрлесе егер,

Жетім көңіл кімге сенер?

Адам түгіл көгіңдегі,

Күні жетсе, Күн де сөнер!

 

* * *

 

Бақытжан деген ұрда – жық менің

ағам бар,

Жайына жалғыз жеңгеміз

ғана алаңдар.

Қоймай-ақ қойды осы бір

тарпаң мінезін,

Қамаңдар мейлі, жабылып

бәрің сабаңдар.

Жасы ма?!

Жасы асып та кеткен қырықтан,

Қырықтан жасы асқанын

бірақ ұмытқан.

Ұмытпай қайтсін, бауырларының барлығын,

Қуалап жүріп сабаумен

бойы шыныққан.

Ағамыз біздің

Денелі...

Бетті...

Шекелі...

Айтуынша, әлі Валуевке де жетеді.

Сөзіне лажсыз сенесің,

Егер сенбесең,

Жеріңде тұрған мұрныңды

бет қып кетеді.

 

Қараймыз аң-таң: «Не деген алып

кісі еді?»

Арақты да, айхой, ішкенде судай ішеді.

Жанына жайсыз сөз айта қалсаң егерде,

Атылып келіп жағаңнан ала түседі.

Жағдайда сондай құтылғың келсе үндеме,

Жүрек жоқ онда...

Темір ме?..

Тас па?...

Бірдеңе...

Аузыңа достым абай бол егер сол ағаң,

Алшаңдап басып қонжия қалса іргеңе.

Жеңгеміз берген қотарып алып сорпаны,

Бақытжан ағам түнімен көше жортады.

Кемпір-шалы мен баласы түгіл Балқаштың,

Бандиттері де өлердей одан қорқады.

 

Үкідей ұшып, түнімен еркін самғаған,

Келеді ағам қызара бөртіп

таңда аман.

...Қасына сол бір ағамнан

сұсты қорықпай,

Жеңгеміз қалай жатып жүр екен ...

таң қалам?!...

 

 

 

 

АУЫЛДЫ АҢСАУ

(Меруертке)

Кетейік күнім, ауылға,

Сағындым сағым даламды.

Бауырды басып бауырға,

Бір қуантайық анамды.

Кетейік, күнім, бұл жақтан,

Керек те емес баспана.

Ала қағазын бұлдатқан,

Мезі етіп бітті тас қала.

 

Құрсаған мұңнан арылып,

Жақындай түссін арамыз.

Сарыла күтіп сағынып,

Сарғайған шығар анамыз.

 

Кетейік, күнім,

Көппен бір,

Қарсы алсын дала – ұлығым.

Желіден босап кеткен бір,

Келді деп қасқа құлыным.

 

Анама дәм мен тұзыңды ал,

Ойлана берме, күнім, мың.

Ол жақта менің ізім бар,

Бақытты балғын күнімнің.

 

Бір елі қалма қасымнан,

Сол іздің сырын байқайын.

Тауымның тарғыл тасына,

Жігерді жанып қайтайын.

 

Жақыннан жүрсек қол үзбей,

Тірлікте мына болар мән.

Өңірде қалған сол іздей,

Өмірде із қалса, жоқ арман.

 

Кетті деп келмей өкпелеп,

Бүк түсіп жатыр тауым да.

Тамыр ап сонда көктеп ек,

Кетейік, күнім, ауылға!

Жетейік, күнім, ауылға!

Ілияс МҰҚАЕВ,

республикалық Бұқар жырау, Т.Айбергенов, Н.Мәукенұлы атындағы әдеби сыйлықтардың иегері.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 676
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px