1 сәуір – күлкі күні - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

1 сәуір – күлкі күнін кеншілер шаһары керемет атап өтетін бұрын. Мартбек ТОҚМЫРЗАНЫҢ көзі тірісінде. Қазір Қарағанды дәл осы күні жалған өмірдің жыртығына «Орталық Қазақстанның» тұрақты авторы, сатирик Мартбек ағамыздың жанарымен жымиып қарайды. «Жымиясың сен неге?» деп езу тартады. Жалған болған соң, жымиып күліп, жыланша арбамай қоя ма? Ендеше, күлкінің өзі – тұнған өмір, пәлсапа. Соны сатирик, журналист-ұстаз Мартбек Тоқмырза ерте ұғып, қысқа ғұмырында «Жымиясың сен неге?» кітабына сыйдырып кетіпті. Әрі қарай сатириктің кітапқа сіңген жан әлемі сөйлесін...
Редакциядан.

Бірқақпайлар
Әке мен бала
Бес кластық біліммен,
Әкесі жалғыз ұлын асырады.
Қу жалғыз,
Бес жыл оқыған іліммен,
Әкесінің «пенсиясын»
                         алуға асығады.


Сөйтсе...
Жоғарыға
Бара береді.
Жақсы қызмет ала береді.
Сөйтсе...
Пара береді.


Бір есепшіге
Жұмысқа келмеген бе, түге, –
Деп тәбілді шабаланып оқыр.
Өзінің келмеген күндеріне,
Ақшасын шытырлатып
                   санап алып отыр.


Парақор
Құлқыны құрып тұрады,
Сөзіңді бұрып тұрады.
Алақаны алаған екенін,
Алақ-жұлақ еткен көзі
                       шын ұқтырады.


Суайт
Ананы да алдады,
Мынаны да алдады,
Сол әдеті қалмады,
Барар жері қалмады.

Бекәділ СЕМҚҰЛ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

«Модный» шалбар
Астанаға жол түсіп, балаларыма бардым. Электричкаға немерем шығарып салды.
Сол сәтте немеремнің шалбарына қарасам, артқы қалтасынан көкала шүберек көрініп тұр. «Ойпырым-ай, масқара! Мынау – ішкиімі болды ғой...» деген ой туды.
Ептеп келіп, «Қалтаңның тесігінен ішкиімің көрініп тұр» деп құлағына сыбырладым.
Ол түсін суытты да қалтасынан көкала орамалды алып шықты. Сасқаным-ай...
«Қайдан білейін, орамал болғаны қандай жақсы?!» дедім. Ол ренжіп қалды. Мен қатты ұялдым.
Жыртық шалбар киген қыздарды көргенде тыжырынушы едім. Енді, өз басыма келді.
Немереме ұрыса да алмаймын. Медициналық университеттің 5 курс студенті. Үздік оқиды, шәкіртақы алады. Коммуналдық көтемдерді төлеуімізге де көмектеседі.
Әттең, «модный» шалбарының жыртық болғаны. Қайтейік, «модадан» қалсын ба?!!
Аман МЫЛТЫҚБАЙ.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

Қысқа қайырымдар
SOS
Мектепте жағрапия сабағы жүріп жатыр.
Мұғалім: – Бүкіл әлемдік негізде қабылданған «sos» деген сигнал қауіп-қатер төнгенін білдіретінін жақсы білесіңдер. Ал, енді осыған қайсың талдау жасап берер едіңдер?
Бірінші оқушы: – Бұл орысша атйқанда, «спасите, оу, спасите» деген сөздерден болса керек.
Екінші оқушы: – Жоқ. Мен бұған келіспеймін. Бұл кәдімгі өзіміздің қазақ тіліндегі «сорладық, ойбай, сорладық» деген сөздің бас әріптерінен алынған.
Сауалына – жауабы
– Амансың ба, шырағым, қалың қалай?
– Жұмбақтасам, Қарағанды жолдарындай.
– Түсінікті жұмбағың, айналайын,
Айтпасаң да болады әрі қарай...

Қызық
Күн шықты. Жұрт мәз. Жарқырап төбеге көтерілді. Ешкім елең етпеді. Батып бара жатыр. Барша ел қимай тұр.

Аманат
Кезінде тайлы-тұяғы қалмай дауыс бе­ріп, құрмет көрсеткен депутаттарының өзге депутаттар сияқты мәселе көтеріп сөйлемегеніне күйінген сайлаушылары «айналайын-ау, тым болмаса теледидардан бір көрінсеңші» деп хат жолдапты. Содан ол қатты толқыған екен. Өзін қолдаушылардың аманатын орындайын деп бірнеше күн дайындалады да бір отырыста төрағадан сөз сұрап сөйлейді: «Құрметті сайлаушыларым! Хаттарыңызды алдым. Дәл қазір мені теледидар экранынан көріп отырған боларсыздар. Егер, көрмей қалғандар болса, көргендер айтар деген үміттемін. Сау болыңыздар!» дейді.

Кешіріңіз...
– Кешіріңіз, Ержанов көшесі қай жақта екенін айтпас па екенсіз?
– Е, оның несіне ке­шірім сұрайсың. Білмейтін көшеңді сұрағаныңа сен айыпты емессің ғой. Адам кешірімді аңдаусызда өрескел қылық көрсетіп алса сұрайды. Айталық, сен мені көшеде байқамай қағып кеттің...
– Кешіріңіз, ағай, мен асығып тұр едім...
– Бұл жолы да орынсыз кешірім сұрап тұрсың. Сен асығып бара жатқаның үшін менің алдымда кінәлі емессің ғой. Егер, сен мені өзіңнің бір танысың екен деп қалсаң. Жаныма жетіп келіп, қал-жағдайымды сұрап, әңгіме айта бастасаң. Мен сол кезде саған «Мені біреумен шатастырып тұрсың» десем, сен ыңғайсызданып қалып, кешірім сұрайсың. Міне, бұл жағдайда кешірімің орынды болар еді.
– Ағай, орынсыз кешірім сұрағаным үшін кешіріңіз.
– Шырағым-ау, сен өзі біртүрлі қызық екенсің. Адам кешірім сұрағаны үшін жазықты болмайды ғой. «Кешіріңіз» дегенім үшін «кешіріңіз» дегенің қалай? Мәселен, сен мені балағаттасаң, жазықсыз тілдесең. Соңынан өзіңнің қателігіңді түсінсең, кешірім сұрауыңа болады.
–    Ағай!
– Ау?
– Сіз қырт екенсіз.
– Немене?
– Қырт екенсіз деймін. Онда да жай қырт емес, көк қырттың өзі екенсіз!
– Әй, шырағым, сен неге маған тіл тигізесің-ей?
– Ағай, кешіріңіз. Енді дұрыс болды ғой деймін, ә?

Соңғы хабарлар
Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Алматы уақыты – түнгі сағат төрт. Құрметті радио тыңдаушы достар! Түн ортасы болғанын ескеріп, көршілеріңіздің мазасын алмас үшін, радио, телевизор, магнитофон және мұздатқыш сияқты дырылдайтын, бырылдайтын дүниелеріңіздің дауысын сәл басуларыңызды сұраймыз.
Құрметті радио тыңдаушылар! Сіздерді «Түн ортасы ауғанда ұйқылы-ояу» программасының соңғы хабарларын тыңдауға шақырамыз.
Бүгін Алматыда (есінейді) кезекті жиналыс өз жұмысын бастады. Жиналысқа сан салада еңбек ететін республикамыздың әртүрлі түпкір-түпкірінен келген (есінейді) депутат қатысып отыр. Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша (есінейді) төраға (есінейді) жолдас баяндама жасады. Ол өзінің баяндамасында республикамыздың экономикасында тезірек шешуді талап етіп отырған өткір проблемалардың бірі (есінейді) жайында ашық айтты. Бұл мәселені ырғалып-жырғалмай тез арада талқылап, тиісті қорытынды шығару керек деп атап көрсетті (есінейді) жолдас.
Сондай-ақ, жарыссөзде сөйлеген делегаттар бұл мәселелерді (есінейді) министрлігінің көмегі арқылы тез арада шешуге болатындығын айтты.
Құрметті радио тыңдаушы достар! Жиналыс бүгінгі заманымызға сай, нағыз демократиялық жағдайда өтуде.
Бүгін Мәскеу уақыты бойынша 14 сағат 30 минутта Совет Одағының Семей полигонында қуаты (есінейді) килотоннаға дейінгі жерасты сынағы (есінейді) жасалды. Аталған сынақ жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалды. Сынақ ауданында және одан тысқары жерлерде радиациялық жағдай өте жақсы. Халықтың денсаулығына пайдасын тигізіп жатыр.
Спорт. Бүгін Алматының «Қайраты» өз алаңында (есінейді) командасын қабылдап, екі де (есінейді) есебімен тағы да (есінейді).
Енді, ауа райы. Таяудағы тәуліктерде республикамыздың солтүстік облыстарында 15-20 градус (есінейді) болады. Қарағанды, Жезқазған, Ақмола облыстарының жекелеген аудандарында күн алабұлттанып (есінейді) өтеді. Ал, оңтүстік облыстарда тұман түсіп, жолдың көріну қашықтығы (есінейді) метр шамасында болады. Алматыда күн біресе ашық, біресе жабық. Жаңбыр не жауады, не жаумайды. Тұман түсуі ықтимал. Тұман түспесе, жабырқамаңыздар. Түстен кейін көк түтін басып, риза қылады. Қолдарыңызда қашанда қолшатыр болсын.
Сіздердің тыңдағандарыңыз – соңғы хабарлар. Онымен таныстырған – диктор Мартбек (есінейді).

Емтихан


Мал дәрігерлік институтта емтихан жүріп жатыр.
Профессор: Егер, мал жұқпалы аурумен ауырса, не істейміз?
Студент: Етке салып жібереміз.
Профессор: Шырағым-ау, сонда қалай? Ол малдың етін жеген адамдар ауруға шалдығады ғой.
Студент: Бұл сұрақтың бізге қатысы жоқ деп ойлаймын.
Профессор: Неге?
Студент: Себебі, ауырған адамды біз емес, дәрігерлер емдеуге тиіс.

Тұрмыстық пародия
(Халық әні «Әттең тонның келтесі-айдың» ізімен)
Базар бардым бағымды
             сынайын  деп, еркесі-ай,
Жақсы сыйлық өзіңе алайын   деп, еркесі-ай.

Бағалары секіріп тұр,
Саудагерлер лепіріп тұр.
Әттең, тонның келтесі-ай!

Автобусқа бүгінде міну қиын,
        еркесі-ай,
Болмаған соң қалтаңда
     тесік тиын, еркесі-ай.

Кондукторлар кідіңдейді,
Жоқ дегенді түсінбейді.
Әттең, тонның келтесі-ай!

Шіркін, ешкім ауырмаса
                      елімізде, еркесі-ай,
Дәрі алатын ақша жоқта
       емделуге, еркесі-ай.

Қымбат екен дәрілер де,
Қатты өзгерген дәрігер де.
Әттең, тонның келтесі-ай!

Қиын болды бәрінен балаларға,  еркесі-ай,
Балабақша сатылуда
           «мырзаларға», еркесі-ай.

Сол бақшалар, ішім сезеді,
Дүкен болып өзгереді.
Әттең, тонның келтесі-ай!
Мартбек ТОҚМЫРЗА.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 255
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px