Ақын – болмыстың барометрі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 08.12.2016

Ақын – болмыстың барометрі
Мирас АСАН,
«Орталық Қазақстан»

Көк түркінің көксерек найзасына үкі таққан Серік Ақсұңқарұлының «Көкейімде – Күлтегіннің жазуы» атты кітабы жарық көрді. Сүйінші атаңыздар!
Алаштың ақиық ақыны Серік Ақсұңқар­ұлы десе Тұраннан ту көтеріп, Алаш аманатын арқалаған аңыз ақын көз алдыңызға келеді. Құрылымы ерекше, қуаты жойқын жаңа жинаққа ақынның былтырғы қарашадан биылғы сəуірге дейінгі жазған жүз шақты жаңа өлеңі кірген. Сераға өзі пір тұтатын орыстың озық ақыны Андрей Вознесенскийдің «Я пишу стихи ногами» дегеніндей, бұл кітапқа кірген өлеңдер төрткіл дүниені шарлап келіп жазған жауһар жырлар. Сөзімізге «Түрік саздары» дәлел. Кітапты белгілі қаламгер, ғалым Мырзакелді Кемел мырза шығарып отыр. Астана қаласында тұсауы кесілген кітап – небары 200 данамен ғана шыққан. Мәнісі бар.
Ақынның өзі айтпақшы: «Бұдан былай мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың бәрін де 200 ғана данамен шығару керек! Оқырман сұранысына ие болса, көбейту оңай! Екі мыңмен шыққан халтураны 200 адам оқып жатқан жоқ! Оқырман ілтифатына бөленсе, екі мың ғана емес, 200 мың, 2 миллион жасауға болады! Қалам ақы мәселесі өзінен-өзі шешіледі. Баспаларға да құлақ қағыс – бұл. Олар да пайдаға кенеледі. 10 миллион қазақтан 2 миллион оқырман шықса, біз әлемдегі ең ірі ителлектуалды елге айналамыз!».

«Көзіне Хақты ғана қара көрген,
Бəйгеден мен бір тұлпар дара келген.
...Мұнайдың буы арбаған мынау елге,
Құдайдың сөзін айттым
                                      қара өлеңмен...»
дейді көке!

Кітапты шыққан данасымен емес, даналығымен есептейік. Парақтап қана қоймай, парқына жейік құнды сөздің. Тобырға – халтура, ұлтқа – поэзия керек. Ақсораңнан саңқ еткен үні Ақордаға жеткен ақынның арқасында аруақ, Алдында Абайдың кітабы айқара ашық жатыр. Темірқазығы – Алаш идеясы. Аузын ашса – Әлихан, көзін жұмса – Күлтегін бабасы күн түбіне жортады!

Құтырып қуы мен пасығы –
Ми-дағы ашыды;
Қош мәңгі, Қасымның ғасыры!
Армысың, Көпеннің ғасыры!
Қоғамның қотыр келбетін бұдан артық қалай әжуалауға болады?! Ащы сарказм. Қасиетті ұмытып қарақан басын ойлаған пендеге қасыретті қара тырнағымен сезінген ақын бұдан артық не десін?! Ми тағы ашыды!

«Алтынның үстінде отырған
           17 миллион қазақ пен,
Судың үстінде отырған 128 миллион
            жапон секілді!»

Шындық деп шырылдап, сұмдық деп сырылдап жатқан бассыз дене аттан ауғандай өлеңдердің бұл – бер жағы...
Ақын – болмыстың барометрі!
Қыранның қанатындағы қашықтық пен жыланның бауырындағы пасықтық осы өлеңдерге мәңгілікке арқау, желі.
Мырқымбай – үлде мен бүлдеде!
Бейімбет – түрмеде...

Кітаптың қасиеті де, қасіреті де – осы. Қалған қазынаны Сіз игеріңіз!
Мәртебелі оқырманға мархаббат!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 320
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px