Ақынды ардақтаған ауыл - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Ақынды ардақтаған ауыл

Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Жуырда Бұқар жырау ауданы, Үштөбе селолық округіне қарасты Құрылыс ауылының Ақжар негізгі мектебінде көпке дейін ел аузында жүрерлік үлкен бас қосу өтті. Мектеп басшылығының қолдауымен, «Жас ұлан» ұйымы есімі елге белгілі ақындармен кездесу өткізді.
Басты мақсат – оқушылардың көкірегіне падиша поэзияның сәулесін сеуіп, ұлттық рухын ояту.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, қара өлеңнің қара нары Абзал Бөкен сөз бастады бұл кеште. Сондай-ақ, айтулы шараға ақын-дінтанушы Құлсаят Бейсембай, өнер жанашыры Жексен Әбдірахманов, ақын Бағдат Мүбәрак, Айбек Байтөре, Мақсат Күземхан қатысты. Алақандай ауылдың төрінде Алатаудай рухы көтерілді жұртшылықтың. Ақындар өлеңінің әр жолын ұйып тыңдап, әңгімелерінен рухани қуат алып, көңіл көкжиегі кеңейді. Мектептің шығармашылық ұжымы өнерлерін ортаға салып, домбыра үйірмесінің күйшілері Алтынай Сағатова, Жансая Аманжанова, Маржан Маханова және Самал Жүнісова күй ағытты. Ән асқақтап, қобыз сөйледі. Әрсен Ыдырысов, Маржан Маханова, Алдияр Дүйсембеков қазақ ақындарының өлең-жырларын көсілтті. Кеш қонақтарының шығармашылығына тоқталды. Оқушылар көкейлерінде мазалаған сұрақтарын қойып, сүбелі сұхбат, әдемі әңгіме өрбіді.
Ақжар негізгі мектебінің тарихының тамыры тереңде екен. Бұл кешке сонымен қатар, мектептің алға басуына демеушілік көрсетіп отырған ауыл азаматтары Серік Қасенов, Ерболат Серіков, Қаппас Икишев, Данияр Асанов қатысып, ақындарға алғысын жаудырды. Кеш соңында мектеп басшысы Дәнібек Мадешов сөз алып, ұлт руханиятының бастауында ақындар тұрғанын тілге тиек етті. Білім ошағының жетістіктеріне де тоқталып, келген қонақтар мен ақындарға алғысын жеткізді. Қазақтың ата салтымен иықтарына шапан жапты. Бірлігі мен тірлігі жарасқан, жұдырықтай түйілген ауыл жұрты ақынның бақыты халықпен бірге екеніне тағы да бір түйсініп, арда өлеңнің ақ сәулесін арқалап қайтты.

БҰҚАР жырау ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 245
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1094
count 88x31px