Аққыз апамен әңгіме - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Осыдан 49 жыл бұрын, яғни, 1967 жылы Қарағанды музыкалық училищесінің төртінші курсында оқып жүрген кезімде, жалындаған жиырма жасымда ол кісіні ауылына іздеп бардым. Сол сапарымда Аққыз апамен емен-жарқын әңгімелестім. Ойға түйгендерімді жинақтап, Қарағандыға келген бойда «Орталық Қазақстан»  газетінің 1967 жылғы қыркүйектің 24 күнгі санында «Күйші Аққыз» деген тарихи мақаламды жарияладым. Сол сапарымда Аққыз апа өзінің бастан кешкен талай-талай жақсы-жақсы естеліктерін айтты.

Әңгіме үстінде бір күйін үйрене кеткім келетінімді айтқанда, ол кісі менің жалындап тұрған жас кейпіме сүйсіне қарап: «Мен қайда барады дейсің, балам, әуелі Тәттімбет күйінен нәр алып, күш жинап алғайсың, содан соң менің күйлерімді де үйрене жатарсың», – деді де маған өзі орындап жүрген Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйінің нұсқасын үйретті.

– Мағауия деген сары бала «күй үйренемін» деп келгіштеп жүргенде, оған да осылайша үйреткенмін деді сөз арасында.  Аққыз ауылына барған сәтті  сапардан оралып Қарағандыға, одан соң кейін Алматыға барғанда «Көкейкесті» күйінің Аққыз апа орындауындағы нұсқасын, қазақтың көне музыкалық аспаптарын зерттеу ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым Болат Сарыбаевтың баласы Талғат Сарыбаевтың шаңқобызда қосылып орындауында 1970 жылы күйтабаққа жаздым.  Талғат екеуіміздің шаңқобызбен қосылып орындауымыздағы  Аққыз апа орындауындағы Тәттімбеттің «Көкейкесті» күйінің нұсқасы  «Азаттық» радиосы арқылы 20 жыл бойына  бүкіл Еуропаға, Америкаға беріліп тұрды.

Осылайша, ХХ ғасырда менен бұрын, яғни, 1967 жылдан бұрын күйші Аққызбен бетпе-бет отырып сырласқан, жүздескен,  ауызба-ауыз сөйлескен, күй үйренген, Аққыз жайлы мақала жазған адам болды ма екен? Әй, қайдам, ондай адамды әлі кездестірген емеспін. Аққыз жайлы кім жазса да менен кейінгі жылдарда жазылған болуы мүмкін.

Осы орайда негізгі айтайын дегенім, міне, Қарағанды қаласында үстіміздегі жылдың алдағы 14-15 мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Аққыз (Мүгілсін) Ахметқызы атындағы облыстық шертпе күйшілер сайысы байқауы өтетін болып жоспарланып отыр. Бұл байқауға ұйытқы болған Қарағандыдағы мамандандырылған музыка мектеп-интернатының әкімшілігі. Халқымыздың әйгілі әншілер мен күйшілер елінде, елімізде шертпе күйдің туын тіккен асыл өнер саңлақтарының бірі – Аққыз Ахметқызы атындағы облыстық байқау болашақ үлкен-үлкен шаралардың бастамасы ғана болмақ. Байқаудың жалғасы болашақта республикалық деңгейге дейін көтерілетініне сеніміміз мол. Сондықтан, Аққыз апамыздың шығармашылық жолын айқындаған алғашқы жарық көрген мақаламды байқау алдында жұртшылық біле жүрсін деген мақсатпен 49 жыл өткен соң қайтадан «Орталық Қазақстан» газетіне ұсынуды жөн көрдім.

 

Әр күйші-композитордың әр уақытта өз заманындағы оқиғаға негізделіп шығарған «Қосбасар» күйлері халық арасында ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, бүгінгі күнде кеңінен тараған. Күй атасы Тәттімбеттің «Қосбасарлары», Әбдидің «Қосбасары», қазіргі тартылып жүрген Мағауия Хамзиннің «Қосбасар» күйлері майдақоңыр үнді болып келеді. Халық арасынан шыққан небір тамаша талант иелері көп. Іздестірсе әлі де табыла беретініне көзіміз әбден жетеді.

Әркімдердің аузынан Аққыздың «Қосбасары» бар дегенді естіп: «Бұл кім болды екен?» деп ойға қалатынбыз. Ақыры, сұрай-сұрай облысымыздың Ақтоғай ауданына қарасты «Қаратал» совхозында тұратын күйші Аққыз әжейдің үйіне келдік. Амандықты сұрасқаннан кейін ол:

 – Келін шырағым, домбыраға қол жалғап жіберші, – деп өзі де малдасын құрып жіберіп, кимешегін ыңғайлап алды да, үкілі домбырасын қолына алып шерте жөнелді. Күйші бір нәрсені еске түсіргендей-ақ ойлана бір жерге қадалып қалыпты. Домбыраны еркін билеп алған салалы саусақтары бейнебір нәзік ғажайып үндер арқылы бар сырды ақтарып, көңілге құйып жатқан тәрізді. Осы күйі туралы Аққыз шешей былай дейді: «Той десе қу бас домалайды емес пе, ойын-сауық десе мен де домбырамды арқалай жөнелетінмін. Мына, өзіміздің Қали, Манарбектер сияқты сылқылдаған әнші жігіттер мені қояр да қоймай, ойын-сауықтың ортасына әкелетін. Қыз күнімнен домбыраға әуестеніп, күйші атанып жүрдім. 1932 жылдың ауыр қысы келді. Жаңа түскен келін едім. Артымнан туған анамның қайтыс болғаны туралы хабар да келді. Ендігі жерде менің сүйенішім тек қана домбыра болды. Ойланып көп отырып, домбыра үні арқылы зар-мұңымды білдіретінмін. Осы тартқан «Жетім қыз» атты күйім сол бір жылдардың қалдырған ізі...».

Күйші ауыр бір күрсінді де домбыраның құлақ күйін келтіріп алып, тағы бір күйді мәнерлі түрде шертіп, қоңыр үнмен баяулатып бастап кетті. Бұл тартқаны – өзінің «Қосбасар» күйінің бірінші түрі. Тәттімбет пен Әбдінің күйі сияқты қоңыр үндегі шертпе күй болғанымен, Аққыздың «Қосбасары» – мелодиялық дамуы, әрбір тактылық құрылысы өзіне тән, өз ерекшеліктері бар шығарма.

Қаһарлы 1941 жыл келді. Міне, осы Ұлы Отан соғысы кезіндегі Совет халқының ерлік істерін, Ұлы Жеңісін паш ететін оқиғаны домбыра үнімен суреттеп, Аққыз шешей «Қоңыр күй» деп аталатын күй шығарды. Белгілі композитор Дина Нұрпейісованың Ұлы Жеңіске арнап шығарған «Жеңіс» күйіндегідей шапшаңдық қағыс басым емес, қайта бастан аяқ қоңыр үнді дыбыстардан құралады.

Аққыз әже екеуміз мал өрістен қайтқанша отырып, сыр шертістік. Бір қызығы, жасы жетпісті алқымдаса да ширақтығы және домбыра тартқаны, оны еркін билеуі, қолдарын жеңіл қағуы көз тойдырады. Ауыл сыртында етегінде қалың шырша ағаштары өскен, ұзағынан көсіліп кәрі Қызыларай таулары жатыр. Ең биігіндегі шомбал-шомбал кесек тастар аңыздағы мүсіндей қатып қалыпты. «Бұл маңайдың айтар сыры көп», – дейді күйші әжей осыларға қызықтай алыстан көз тастап.

– 1920 жылдың қайнаған шілдесі еді. Біздің ауылға жолаушылап келіп, бір топ адам аттан түсе қалысты. «Ойын-сауық құрамыз, әнші-күйші келді» десіп, қыз-бозбала біздің үйге жиналысты. Жолаушылардың ішінде марқұм Әбікен Хасенов та бар екен. Бұл – менің оны бірінші көруім. Еңгезердей аққұба жігіт. Ол осы жолы жиырмаға жуық күй тартты. Көбі – Тәттімбеттікі. Бұдан кейін домбыраны мен алдым.

 – Қолың өрмек тоқығандай жүріп тұр екен, тегі, күйші боларсың, – деп ақылын айтты Әбікен. Тәттімбеттің «Бестөре» күйін сонда үйрендім. Содан бастап үлкен жиенім Хамит жасап берген қара домбыраммен әуестеніп үйрене бердім, сырлас серігім болды. Міне, мынау – сол домбыра, әлі қолымнан түскен емес, – деді күйші әжей.

Аққыз әжей жас кезінде әншілер – Манарбек Ержанов, Қали Байжановтармен қатарлас өскен, ойын-сауық болғанда әрдайым бірге жиналатын. Сол тұста Қоянды жәрмеңкесіне барып талай рет өнер көрсетіп, күйші қыз атанады. Тәттімбеттің «Қосбасар», «Көкейкесті», «Сылқылдақ» күйлерін де сол жылдары үйреніп, тарта бастаған. Қазіргі майталман күйші Мағауия Хамзин туралы Аққыз әжей мынадай бір қызықты деректер айтады.

– Әшімтайды көре алмадым. Бірақ, сол кісінікі деп ел арасында бірнеше күйлер тартылып жүретін. Мен домбыра тартып отырғанда, алдыма сары өңді, бидай жүзді кішкентай ғана бүлдіршін келіп отыратын. Ол «қайтсем үйренемін» дегендей домбырадан көзін алмайтын. Бұл әйгілі «Қоңырқаз» күйін шығарған Әшімтайдың немересі Мағауия еді. Әкесі Хамза үлкен атасының жолын қусын деп өзіне шақтап кішігірім домбыра жасап беріпті. Сол домбырасымен менің алдымда ұзақ күнге отыратын. Домбыраны ол тез үйреніп алды. Сол Мағаш – қазір үлкен домбырашы. Жиі келіп амандасып тұрады, – дейді қарт күйші маған қуана қарап, домбырасын ұсынып жатып.

«Қазақконцерттің» байырғы домбырашысы Әпике Әбенова да бұдан 30 жыл бұрын Аққыз әжейдің өнерлі қолынан үлгі алып, қанат қаққан шәкірті. Бұлардан басқа да көптеген өнерпаз домбырашылар Аққыз әжейді ұстаз тұтып, жиі келіп тұрады.

Аққыз ері ерте қайтыс болып, отбасы жағдайымен алысқа ұзай алмаған. Қазір оның «Қосбасар» күйін әр жердегі домбырашылардан естуге болады. Сол күйді тыңдап отырып, өзіндік мелодия тауып, басқаларға ұқсамайтын «Қосбасардың» үніне тыңдаушы разы болар еді.

Көненің көзі іспеттес Аққыз шешей әлі қайратты. Өз ортасында қадірменді, сыйлы адам.

Ол кісінің күйлерін нотаға түсіріп, магнитофонға жазып алып қалу – біздің міндетіміз.

Жарқын ШӘКЕРИМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген

қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының

мүшесі.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 189
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px