Абайдың иiсi аңқып тұр... - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016


Абайдың иiсi аңқып тұр...
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Бүгін Ғалым Жайлыбайдың “Тамакөшкен” атты поэмасын қолжазбасынан оқып шығып, көптен бері құлазыған көңілім орнына түскендей болды. Мұның алдында “Ақ сиса”, “Қара орамалымен” тәнті еткен ақынның эпикалық қарымы ерен де, ересен бір арнаға түскені көрініп тұр. ХІХ ғасырда Ю.Лермонтовтың өзі «Умчался век эпических поэм...» деген-ді. ХХ ғасырда да бұл сөз өзінің өзектілігін жоймады. Заман өзгерді. Заманмен қоса өлең де, өре де өзгеруі керек-ті. ХХІ ғасырдағы алапат ақпарат, саяси һәм көркем дүниетаным ағысының жылдамдығы Күн сәулесінің шапшаңдығынан бірде кем болып тұрған жоқ; тіпті, олардан да жылдам ба деймін; әрі  қысқа, әрі нұсқа көркем дүние болмаса, интернеттегі көзі қарақты оқырманды поэзияның сиқырымен арбап, өзіне тартып алуға екінің бірі, егіздің сыңарының ақындық қарым-қабілеті жете бермейді.
Жырдың болмыс-бітімі мен формасы да бөлек. Жырдан аштықта қырылған қазақтың қасіретті көз жасы көлдей болып төгіліп, Сәкендердің өзегінде кеткен өкініш пен өксік көкіректі сыздатады. Ыршыған шумақтарының әр жолынан Сайдалы Сары Тоқаның мұңды сарыны еседі. Автор поэманың біраз жерінде өлеңді жиып қойып, қара сөзге көшіп кетеді. Ғалымның қара сөзіне арқау болған дүниені одан басқа шәйір, жамбасына салып жіберсе, 15-20 шумақтай өлеңге айналып кетер ме еді, қайтер еді? Оның түрі өлең болғанмен, түбі тақылдаған тақпақ, құлақты сарсылтқан ескі сарын, көңіл көншітпейтін көбік сөз болар еді...
Ақынның қасиетті өлеңге деген ілтифат-құрметі поэманың күллі жұлын-жүйесінен көзге ұрып, көрініп тұрады. Өзінің ақындық, азаматтық тағдыр-таланын Ұлы Мәртебелі Поэзияның басына байлаған адамға “шөп те  өлең, шөңге де өлең” емес екенін осы жыр тайға таңба басқандай, көзге шұқып көрсетеді; Александр Блок айтқандай, ақын деген – кілең жылтыр сөзді теріп, жылмағай ұйқаспен елдің миын ашытатын кәнігі кәсіпқой, классиктердің ел-жұртқа мәшһүр өлеңдерінен қайта-қайта вариация жасап, өлеңді тумай, жансыз қуыршақтай қолдан жасайтын, қара басының гөй-гөйін күйттеген қайдағы бір біреу емес, адамзат тарихында ерекше орны бар, Құдайдың бір құбылысы болса керек-ті.
Арғы, бергі дүниеде қызыл тілін безеп, өзеуреген өлеңшінің көп, айтпағы терең, астары мол, жан-дүниесі тылсым хикметке кенелген Ақынның саусақпен санарлықтай аз болатыны да содан.
Қазақтың, қайда жүрсе де, өлеңде де, өмірде де адастырмайтын Абай дейтін темірқазығы бар; қазақ жырындағы Абай дәстүрі – еуропалық өлең мәдениеті қалыптасқалы қашан; Мағжан, Қасымдармен қанаттанып, Тұманбай, Мұқағали, Қадыр, Өтежан, Жұмекен, Фаризалармен кемеліне келген ұлттық жырымызға бүгін тағы бір тамаша туынды келіп қосылды. Оның тұла бойынан Абайдың иісі аңқып тұр...

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 337
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px