Абайдың тілін дәріптеп... - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Абайдың тілін дәріптеп...
Қарағанды қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен дәстүрлі “Абай оқулары” байқауы биыл да жалғасын тауып, тіл мерейін өсірді. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған іс-шараға студенттер мен жоғарғы сыныптарда оқитын өзге ұлт өкілдері қатысты.
Қатысушы жастар ұлы Абайдың өлеңдерін жатқа айтып қана қоймай, қара сөздерін мәнерлеп оқып, әндерін орындады. Жыл өткен сайын Абай шығармаларын мүдірмей оқитын жастардың саны да, сапасы да артып келеді. Өзге ұлт өкілдері жастарының мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқып-үйренуге деген ынтасы мен ықыласы осы байқауды ұйымдастыру барысында байқалды.
Үміткерлер өнерін бағалаған көрнекті ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды филиалының төрағасы,  Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы мен  филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, ақын Қойлыбай Асан өңірде өзге ұлт жастарының мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі жылдан- жылға артып келе жатқанын мәлімдеді.
Байқау қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Эльназ Агаева (Қарағанды гуманитарлық колледжі)  І орынды жеңіп алса,  ІІ орынды Юрий Визнович  (Қарағанды көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжі) пен Ирина Павлухина (Қарағанды политехникалық колледжі) өзара бөлісті. Жүлделі ІІІ орынды Юлия Евсюкова (Қарағанды экономикалық университеті), Эльза Калимуллина (Қарағанды мемлекеттік медицина университеті) және Денис Конивец (Қарағанды транспорттық-технологиялық колледжі) иеленді. Ал, №93 гимназияның 11«А» сынып оқушысы Екатерина Юркив байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдар, Алғыс хаттармен марапатталып, оларға бағалы сыйлықтар қоса тапсырылды. Осылайша, Абай шығармаларын тіл үйренудің тиімді тәсілі ретінде танытуды мақсат тұтқан байқау мемлекеттік тілдің мәртебесін үстем ете түсті.
З.САТВАЛДИНОВА.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 123
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px