Айбыным сенсің, Азаттық! - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Айбыным сенсің, Азаттық!
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

1 наурызда Қарағанды шаһарындағы Достық үйінде облыс әкімі Нұрмұхамбет ӘБДІБЕКОВТІҢ қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Біз мәңгілік жасаймыз!» атты форум өтті. Абылай ханның арманында, Әлиханның кеудесінде кеткен ұлы мұраттың мақсаты айқындалды. Бірі – қоңыраулы найза ұстап, бірі қара сиялы қалам ұстап қол созды емес пе сол мұратқа?! Көз ұшында тұрғандай көрінгенімен, көкжиегі тым алыс еді дербестіктің. Дегенмен, осыдан тұп-тура жиырма бес жыл бұрын біздің әкелеріміздің қолы жетті Егемендікке. Қадірі қара жердей қымбат байлығым да, айбыным да сенсің, Азаттық!

Шырайлы шараға облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, құрметті азаматтар мен ҰОС ардагерлері қатысты.
– Бүгін біз Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада бас қосып отырмыз. Жиырма бес жыл бұрын 1991 жылдың 16 желтоқсан күні «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды, – деп бастады сөзін аймақ басшысы. Сонымен қатар, облыс әкімінің айтуынша, облыс аумағында жыл бойы мерейтойға арналған 500-ден аса іс-шара өткізіледі. Жақын арада «Тәуелсіздіктің 25 жылдығына – 25 қайырымды іс!» акциясы басталады. Акция аясында 30-дан аса әлеуметтік нысан ашылады. Индустрияландыру Картасы бойынша жобалар іске қосылады. Көптеген қайырымдылық акциялары мен өзге де маңызды іс-шаралар өткізіледі.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығының нышаны ретінде даңқты істер мен іс-шаралардың «Біз мәңгілік жасаймыз!» атты шежіре-кітабының тұсауы кесілді. Аймақ басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков аталған кітапқа алғашқы болып қолын қойды. Енді бұл кітап аймағымыздың барлық қалалары мен аудандарын аралап, Қарағанды облысында атқарылған қайырымды істер мен жетістіктер жазылатын болады.
Сонымен қатар, облыс әкімі аймақ тұрғындарын Алғыс айту күнімен құттықтады.
– Алғыс айту күні – бұл күштеп қоныс аудару жылдары түрлі ұлт өкілдерін өз жеріне қабылдап, қолдан келген көмегін аямаған халықты еске алатын, сол мейірім мен ізгіліктің құрметіне «рахмет» деп алғыс қайтуға мүмкіндік болатын күн. Қазақстандықтардың достығы, бірлігі мен тұрақтылығы әлемге үлгі көрсетті, – деді Нұрмұхамбет Әбдібеков.
1 наурыздың ҚР Президенті Жарлығымен Алғыс айту күні деп белгіленгені кездейсоқ шешім емес. Өйткені, осы күні 1995 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы – елімізде тұрып жатқан барлық ұлт өкілдерінің бірлігі мен ынтымақтастығының үлгісіне айналған институт құрылды.
Мерекелік концерттік бағдарла­мада көптеген этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері өнер көрсетіп, өздерінің ұлттық киімдерін әспеттеп, билері мен әндерін тарту етті.
Жекелеген алғыс сөздері Қарағанды облысының өркендеуі мен дамуына зор үлесін қосқан өндірістік, ауыл шаруашылық және басқа да кәсіпорындардың басшыларына жолданды. Сонымен қатар, тәуелсіз Қазақстанның құрдастары да сахнадан табылды.
Осы күні Қарағанды облысында өткізілген барлық іс-шаралар Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін нығайтуға, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге бағытталды.
Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 467
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px