Айлардың сұлтаны – Рамазан құтты болсын! - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

2016 жылдың 6 маусымы – қасиетті Рамазан айының бірінші күні!

 

Айлардың сұлтаны – Рамазан құтты болсын!

Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрметті Қарағанды өңірінің тұрғындары, мұсылман бауырлар!

Қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Күллі мұсылман аңсап күткен үмбет айы келіп жетті. Сіздерді мүбәрак Рамазан айының келуімен құттықтаймын!

Рамазан айының мәртебесі туралы Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Айлардың мырзасы – рамазан, күндердің мырзасы – жұма, түндердің мырзасы – Қадір түні».

Рамазан – Жаратқанның мұсылман жұртына жасаған ұлы тартуы. Айлардың ең қайырлысы, уақыттың ең қасиеттісі де киелісі. Тура жолды көрсетуші «Құран» атты ұлық пәрмен жерге түсе бастаған мүбәрак ай. Бұл айда, Алланың қалауымен тозақ есіктері жабылып, жұмақ есіктері айқара ашылады. Мың айдан да қымбат болған Рамазан – қайырымдылық пен мейірімге толы, күнәлар кешіріліп, жасаған жақсы амалдарымыздың сауабы еселеніп жазылатын, істеген ғибадаттарымызға орай жұмақпен сүйіншіленетін нығметі мол ай.

Сансыз сауаптарға кенелетін ғибадаттардың бірі ол – барша мұсылманға парыз болған Ораза. Қасиетті айда тек жан дүниең ғана емес, тәнің де тазаланады. Ауыз бекіту арқылы адам баласы нәпсісіне құрсау салып, күнәлі істер, ғайбат, өтірік-өсек пен астан тиылады.  Құдси хадисте Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін тек менің ризалығым үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы риясыз ғибадат. Оған берілетін сый-сауапты Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдеуден шыққан ауыз исі Мен үшін миск әтірінен де тамаша» деп, оразаның зор сауабынан хабар беріп сүйіншілеген.

Биыл мұсылман жамағаты 6- маусымнан шілденің 6-на дейін күннің аптап ыстығына қарамай ауыз бекітуге ниетті. Оразаның қадір-қасиетін арттырып, құлдарына сансыз сауаптарын берген Алла Тағала аузы берік жанға жеңілдігін де берері хақ!

Қасиетті Рамазан айы құтты болсын! Рақымы мол айда ұстаған оразамыз, жасаған дұға-тілектеріміз, құлшылық-ғибадаттарымыз, әрбір қайырлы амалдарымыз қабыл болғай! Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымыздың берекесін арттырсын!

Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, бауырымыз бүтін, дініміздің діңгегі берік болғай! Әумин!

 

Өмірзақ қажы БЕКҚОЖА,

ҚМДБ Қарағанды

облысының

Бас имамы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 316
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px