«Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір» - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір»
Ұлттың рухы – Ұлытауда. Қазақ хандарын ақ киізге хан көтерген жерден ақын тумауы мүмкін емес еді! Шын сөз мақұлданғандай қасиетті ата жұрт ұзақ толғатып, осыдан тура алпыс бес жыл бұрын аруақты бабалардың асқақ рухын ақ қағазға түсіріп, көкке көтерер ақынын дүниеге әкеліпті.
Ерманның Жүрсіні!
Ұйқасы ұтымды, қолтаңбасы қою арқалы ақын бір сұхбатында  алғашқы қарлығаш жырлары «Орталыққа» басылып, сол газет қиындысын әлі күнге дейін сақтап жүргенін айтқан. Әйгілі ақын А.Вознесенский алғаш өлеңдері жарияланған газеттің бір бумасын үйіне әкеліп, тақыр еденге төсеп, үстінде аунап-қунағанындай шығармашылық адамының біз айтып болмас жан ләззаты шығар.
Ұлытаудың ұлары Ұлы Даланың өз еншісін әсіре қызылмен емес, бәсіре-жырмен берді. Сөз құдіреті сүйегіне сіңген ұлдың ұлтына адал болуы деген осы болар!
Алпыс беске келіп отырған ардагер ақынның бір топ өлеңдерін жариялай отырып, мерейлі мерекесімен құттықтағанды біз де жөн деп таптық.
Мархабат!
«Орталық Қазақстан» газетінің
редакциясы.
Жүрсін ЕРМАН,
Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Ақынның үйі
немесе Қасым Аманжоловтың
үйін қирату
Дегені қайда – басылды құйын,
Ақылым жетпей, ашиды миым.
Виноградов көшесіндегі,
Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Қайтейін кембақ астана сені –
Тиетіндей-ақ басқаға себі
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қиналып тапқан баспанасы еді...

Шақыр да шұқыр шаққанда әйнегін,
Ажалдың сездім ақпандай лебін.
Біртіндеп сөгіп қабырғаларымды,
Кеудемді бұзып жатқандай менің.

Жырды қорғаудың кешікті ережесі,
Қирады, сынды есік-терезесі.
Сәби жырлардың бесігі еді,
Бар еді сонша бесікте несі?

Шашылды жерге – шамдары сыңғыр,
Тағы да үйсіз қалды арысың бір.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Қатыгез жандар, қолдары сынғыр!

Жүйрігім еді жыр көшіндегі,
Бауырын жазып бір көсілмеді.
Қиратып жатыр Қасымның үйін,
Біздің үй соның іргесінде еді.

Қарағанды
Туған жерге талантыңды қишы бар,
Өлең арна,
Ән асқақтат,
Күй шығар.
Қарағанды – Қазыбектің шапаны –
Шалғайында Сарыарқаның исі бар.

Күдірейсе шахталардың жотасы,
Ауасынан көмір дәмін татасың.
Қарағанды – көре білген кісіге,
Тәттімбеттің күйлерінің нотасы.

Алмас қылыш, қында жатып жұқардың,
Келер әлі балдағыңнан тұтар күн.
Алба-жұлба ала бұлттың ішінде
Елесі жүр буырқанған Бұқардың.
Қарағанды – алғы сөзі ғасырдың,
Нұркен болып атағыңды асырдың.
Теміртаудың будақ-будақ түтіні –
Шамырқанған шумақтары Қасымның!

Қажет кезде – патшаға да тақсыңдар,
Қажет кезде – аққа Құдай жақсыңдар.
Қарағанды – замананың бетіне
Былш еткізіп түкіретін С.Ақсұңқар.

Алты Алашқа азық болған ақылы,
Қарағанды – ол Ақбайдың Жақыбы.
Қарағанды – Қарабастың түрмесі,
Тауқыметтің темір құрсау тақымы!

Кенші қазақ маңдай терін сыдырып,
Жатқан жерге келу қиын қыдырып.
Қазағымның қатқан кезде қабағы,
Қарағанды – түйілетін жұдырық.

Қарағанды – қасиетті ол Отан,
Қарағанды – ескі тарих, жаңа таң.
Қазағымның ашылғандай қабағы
Қарағанды – аялайтын алақан!

Айтарыңды жасқанбай айт, тіл өткір,
Қарағанды – дүрсілдеген жүрек бұл.
Қарағанды – қара бақан секілді,
Қазақстан шаңырағын тіреп тұр.

Көпей көріп, құрметтеген аз ұлын,
Қарағанды – маңдайдағы жазуым.
Қарағанды – қадірімді іздесем –
Қайта айналып тауып келер қазығым!

Құлдың сөзін құрдым заман іріктер,
Майданға әлі шығарсыңдар мініп кер.
Әзәзілдің әлдиіне арбалып,
Ұйықтап қалған жоқсыңдар ма,
                                          ей, жігіттер!

Ұлытаудың қымызы
Біз үшін атамыздың асы – қымыз,
Қымызбен алшы түсер асығымыз.
Сусынын махаббаттың қанып іш деп,
Қолынан қымыз құйсын  ғашығымыз.
Бал дәмі таңғалтады, толғантады,
Толтырып тостағанды қолға ал тағы.
Қымызбен қоса жұтқың келеді екен,
Қымсынып қымыз берген сол қалқаны.

Қымыз құй!
Қымыз ішсем – бапқа келем,
Қымыздан артық қазақ таппаған ем.
Атамның асын ішсем, желік буып,
Аузымнан ақтарылар қап-қап өлең.

Шөлінен шығып едім сағыныштың,
Қымызын Ұлытаудың қанып іштім.
Аңқаңды алқағанда аппақ сусын,
Басылар алаулаған жалыны іштің.

Қадірін қайдан білсін жоқ үлгінің,
Торсықты тосырқайды көп ұл бүгін.
Баптаулы бап қымыздан  
                                             аңқып тұрар
Түтінін аңсадым-ау тобылғының.
Телміртпей тостағанға,
                                  қымызды бер,    
Қымызға қазақтай боп кім үздігер.
Мен нағыз қазақпын ба,
                                       басқамын ба –
Қызығып жұтқанымда қымыз білер.

Болсын деп үйір-үйір жылқым аман,
Көңілім Қамбар ата жұртына алаң.
Балшықтай ұлдарымды баули берсін,
Жарықтық жусан исі бұрқыраған.

Шешемнің шелек шайып, іс қылғаны,
Тері мес, жез самауыр, мыс құмғаны.
Келеді көз алдыма кино болып,
Татыса таңдайыма ыстың дәмі.

Қапысыз қадірлесең қонағыңды,
Қарағым, қылтыңдатпа коньягіңді.
Сарқып құй сабадағы сусыныңды,
Жібітсін жыбырлаған тамағымды!

Қаздауысты Қазыбек
ескерткіші
Болды-ау намыстар аудау ішкі, –
Деп жүр ек – ұрпақтары
                                    озды-ау істі.
Орнықты Қарағанды төріне кеп,
Киелі Қазыбек би Қаздауысты.

Қиямет заман көрсе қаны қайнап,
Қазақтың баласының қамын ойлап,
Ортада тұрсын енді  «Абылайлап!»
Арқаға арыстандай болып айбат!

Іштарлық шоғын енді үрлемеңдер,
Құштарлық сөзін айтсын нұрлы өлеңдер,
Тұрады төбемізден қарап елге,
Ханға да жөн сілтейтін бір кемеңгер.

Қадірін қасиетке жеткен білер,
Басынбас бидайықты бөктергілер.
Алдында аяқтарын аңдап бассын
Шіренген шенділер мен шекпенділер.

Арқада ата берсін күліп таңдар,
Байырлар, баба даңқын
                                       ұлықтаңдар,
Қазыбектің қолында әділеттің
Қамшысы бар екенін ұмытпаңдар!

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 439
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px