Айтыстың алақұйыны - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Айтыстың алақұйыны
Айтыс ел-жұрттың мұң-зарын айтып, Алашына ақжолтай болып тұрған кезеңде  Ұлытаудан “дәридайлап" Мұқаштың сахнаға шығуы ұлттық руханияттағы өзінше  бір оқиға болып еді. Бұл – айтыс өнеріндегі өзгеше бір дәурен-ді. Қонысбай мен Баянғалилар  өлеңді суырып салудың өнегесін көрсетіп, Әулие Атадан Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков сынды айтары мол ақберен жастардың бой жазғаны да осы кез. Жүрсіннің “Айтыс ақындары жазба поэзиямен тізе қағыса бастады!» – дейтін  тұсы бұл, қазақ жырындағы өрелі  өлең мәдениетінің   айтысқа көше бастаған уақыты. Ұйқасы – нық-нық, теңеуі – тегеурінді, техникасы – мінсіз. Әрине, айтыс пен поэзияның арасы –  жер мен көктей; бірақ, өлеңге керек мәдени өлшемдер айтыста сол кезде-ақ бой көрсетті; бұл – қазақ жырының ғаламда жоқ қуатының бір көрінісі. Мұндай жағдаят поэтикалық болмыс-бітімі кемеліне келген ұлттарда ғана болады. Жапондардың ұлттық өресінің биіктеп кеткені сонша, олар біріне-бірі  кітап сыйлағанда өлеңмен қолтаңба жазып бере береді. Бірақ, өздерін ақын демейді!..
Поэзия – бөлек дүние, Құдайдың құбылысы! Егер, қолына қалам алып, қағазға өлеңнен өрнек салатындар қазақ жырының сол айтыс ақындары 80-90-шы жылдарда-ақ жеткен деңгейде қалып қойса, мәселе – басқа, төрден босағаға сырғу болады. Айтысты сондай биікке шығарғандардың бірі һәм бірегейі – біздің осы Мұқаш!
Ұлттық эпостың уызына жарып, қазақ поэзиясының озық үлгілерін тұла бойына сіңірген, жүріс-тұрысынан пенделіктен гөрі ақындықтың асау алақұйыны көзге ұрып тұратын Мұқаш Ұлытауды жырына бөлеп, ақылман жас – 60-қа келіпті.
“Отызда орда бұзбаған – қырықта қамал ала алмайды” дейді қазақ. Мұқаш айтыста талай аласапыран жасап, ордасын  да бұзып, қамалын да алған! Қазір дер шағында тұрған айтыстың алақұйыны бұл!
Қазақтың ХХІ-ші ғасырдағы поэтикалық автопортретінің бір көрінісі!
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 153
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px