Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 19.11.2018
Серік  Ақсұңқарұлы
АЛАШ пен МАНАСТЫҢ баласы
Мен Баянғалимен өткен ғасырдың сексенінші жылдары Қазақстан Жазушылар үйінде танысқан едім. Онда ол «Жұлдыз» журналының сын бөлімінде қызмет атқарады. Әлі тезге түсе қоймаған тентек кезі. Сөй­леген сөзінен ұлттық әдебиеттің төрт құбыласын түгел білетіні көрініп тұр. Осы жігіт кейін келе көмейінен қыр­ғыздың «Манас» жырын төгіп-төгіп жібереді деп ол кезде кім ойлаған...
Әлкей Марғұлан «Манас» жыры­ның бүкіл жұлын-жүйесінде Алаш рухының атойлап тұратынын айтып кетіп еді. Жырдағы геройлардың көп­шілігі кейінде қазақ ұлысына қосылған тайпалардың өкілдері немесе сол тайпалардың өздері екенін қадап айтқан (Әлкей Марғұлан, Ежелгі жыр – аңыздар, Алматы. «Жазушы» баспасы, 108 бет.) Мәселен – Ажыбай – қазақтағы арғындардың бір руы.  Алеке, Баубек, Мәжік – арғынның ру атаулары. Ер Көкше, Ер Қосай, Бейімбет (Майымбет) – қазақтың Уақ тайпасынан. Ер Үрбі – Бағаналы Найманның Ақтаз руынан. «Манас» жырының оқи­ғаларына қазақ тайпалары тегіс қатысады дейді Әлкей Марғұлан. Ұлы жүзден – Үйсін, Жалайыр, Қаңлы. Орта жүздент – Арғын, Қыпшақ,  Най­ман, Қоңырат, Уақ, Керей. Манас­ты таңнаң-таңға жырлайтын біздің Баянғали да осы Керей руынан. Кіші жүзден – Алшын, Тама, Төлеу, Керейт, Шеркеш, Күрдері. Бұлардың бәрі де моңғол дәуірінен әлдеқашан бұрын жасаған тайпалар.
«Манас» жырында қырғыздың өз руларының аттары, қырғызға басшы болған тарихи адамдар есімдері Ахскенди, Барысбек, Орыс-Инал еш жерде кездеспейді. Мұнда қазақ, Орта Азия халықтарына ортақ тайпалар немесе олардың сан түрлі тарихи дәуірлерінде жасаған адам аттары көбірек ұшырасады. Памир, Шоң-Алай тауларын мекендейтін, Ош өлкесін қоныстанған қазақтағыдай ру аттары жиі кездеседі. Бірақ бұлардың тарихи шежіресі ерте заманда Енесей мен Алатау арасында көшіп жүрген Оң-хол қырғыздарынан біраз өзгеше. Абдылдаевтың зерттеуіне қарағанда ішкі қырғыздар рухани, мә­дени тіршілігі жағынан қазақтарға көбірек ұқсайды. Олардың тайпа құра­мында қазақтың Арғын, Алшын, Үйсін рулары өріп жүр. Бұлар қыр­ғызда кездесе қоймайтын 11-12 буынды жырды «өлең» деп атайды. Мұн­дағы қырғыздар жырлайтын «Ер Қосайдың» мазмұны қазақтың «Ер Көк­ше», «Ер Қосайына» өте ұқсас.
Абылдаевтың зерттеуінде «Манас» жырын жатқа айтатындар Ыс­тықкөл, Алатау, Нарын қырғыздары. Түстікке қарай қадам басқан сайын  манасшылар саны азая береді. Ішкі ел арасында бұл эпос жоққа тән десе болады. Соған қарағанда, ішкі ел ХVI ғасырда Тайырхан мен Хақ-Назар ке­зінде қырғызға қосылған қазақтар емес пе екен деп ой толғайды Әлкей Мар­ғұлан.
Қазақ  халқының құрамында да ерте заманда Арғынға сіңген қыр­ғыздар аз емес. Олар XVIII-ғасырдағы Абылайға еріп келген қырғыздардан, мүлде, бас­қа.  Арғынға қосылған қырғыздар Шерік, Доит, Құсшы, Жүнді қырғыз деп аталады. Олар осы күнгі Қарағанды облысының Қызыларай, Беғазы таулары Ақтау, Атасу, Нұра, Бұғылы маңына қоныстанған.  Олар Ішкі Сі­бір­ден Арқаға ауып келген деседі. Шіліктен Ұбай, Ноғай, Орыс деген ағайынды үш жігіт  тараған екен. Ар­қаға ауып келгені – Орыс пен Ұбай. Олар Ертіс өзенінен бір атқа мінгесіп өтеді. Арқаға бұлардан көп бұрын атасы Шерік келіп, қазақ (қыпшақ) ханның биі болған. Ол Арқаға қол басқарып, қырық шорасымен келген.  Ақтоғай, Тоқырауын қазақтарының айтуына қарағанда, Ер Манас – Ер Көкшенің баласы-мыс. Оның Ақ құла атының жайылған жері – Беғазы тауының бөктері. Менің де кіндік қаным осы жерде тамған. Бізді осындағы қазақтар әлі күнге дейін «қырғыз» деп атайды. Мұхтар Мағауиннің «Шыңғыс хан» ро­манында Арқадағы қырғыздар хақында егжейлі-тегжейлі айтылған. Манастың Аққұласы күндіз Беғазы тауының іргесінде жайылып, түнге қарай шыңына шығып, Тас – ақырдан шөп жейтін болған-мыс.  Осы өңірдегі кеудесі алтын сандық ақсақалдардың айтуына қарағанда, оның су ішкен тас қазаны Беғазы тауының басында әлі күнге дейін сақтаулы тұрған көрінеді. Сол жерде Манас тұлпарының  тұя­ғының таңбасы да бар көрінеді. Оны осындағы көне көздер Манастың Ақ­құласының тұяғынан түскен таңба деп дәріптейді. Осыларға қарағанда, «Манас» жыры қазақ-қырғыздың бір-бірінен енші алып, екіге бөлінбей тұрған кезінде туған жыр ма деген ой келеді. Мәселен, Күлтегін жырында: «Төбеде – Көк Тәңірі, Астында – қара жер болғанда» делінсе, «Манаста»: «Жер – жер болғанда, Су –  болғанда» – деген шумақтар кездеседі.
Қазақ пен қырғыз түу атам заманнан еншісі бөлінбеген екі ел, ел болғанда ішкен-жегеніне мәз, езуінен көбік аққан тексіз тайпа емес, көрген-білгенін көркем оймен өрнектеген, адам­зат тарихындағы саусақпен са­нар­лықтай эпос елі! ХХ ғасырдың екінші жартысында ел алдына Баян­ғали Әлімжанов шыға келіп, көмейінен «Манас» жырын төгіп-төгіп жібергенде бұған таң-тамаша қалмаған қазақ, қырғыз жоқ десе болады. Қырғызбен екі арасы екі аттам Талас қазағы емес, Бішкектен  таң ата салт атпен шығатын болсаң, Көкшетауға бір-екі күн қонып, әзер жететін жер; былайша айтқанда ит арқасы қияндағы Сарыарқаның баласы арада бірнеше ғасыр өткенде Манасша боздап қоя береді. Бұл не?! Ғафуша айтқанда, қазақ феномені - бұл! Дүниеге «Манас» жыры келгелі қаншама жыл өтті? Содан бері қаншама тарихи оқиғалар дүниені дүр сілкінтті?! Еуразияда үш мың жылдай патшалық құрған түрік дүниесі өзі ел қылған орман жұртының тепкісіне түскелі қашан? Қырғыздан – қазақ, қазақтан – ноғай айырылды. Қанқұйлы революциялар репрессияларға ұласып, ХХ ғасырдағы екі дүниежүзілік қырған түрікті түп тамырынан айырып, ата жаумен ассимилациялап жіберді! Кенет Көкшетауда туған қазақтың бір ұлы атамзаманғы «Манас» жырын есіне түсіріп, қазақша емес, қырғызша сайрай жөнеледі. Бұл не өзі?! Қырғыздың қай баласы біздің «Қозы Көрпеш пен Баян Сұлуымызды» жырлап жатыр?! Өзбектің қай ұлы Мағжанның өлеңін оқып,тебіреніп жүр?! Түріктің бүкіл болмыс-бітімі, дәстүр-салты, рухы, жыры да қазақтың қанында, жадында қалған! Соның бір көрінісі осы – Баянғали Әлімжанов! Мағжанның «Түріктің қара шаңырағы – қазақ!» дейтіні міне осыдан шыққан!
Академик Радлов 1868 жылдары Сахараны аралап, «Манас» жырының «Алмамбет», «Жолай» тарауларын жазып алады. Сол жолы ол миллион жолдай жырды жатқа айтатын манасшыларды көріп, аң-таң қалған. «Осыншама өлеңді қалай жаттап ал­ғансыз?!» дегенде, олар: «Бұл жырларды Тәңірі менің көкірегіме құйып, аузыма салған! Мен оны жаттап алмаймын, ол менің өзегімді жарып, өзі шығады!» деген. Меніңше, Баянғали да оны кітаптан жаттап алмаған, жыр оның түрік қанында ойнап, түп- тамырында қайнаған! Содан жадында жатталып қалған! Сонау Шоқаннан бастап, кешегі Әуезов, Марғұландардың «Манас» жырын көз майын тауысып зерттеуі кездейсоқтық деп кім айтады?! «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген міне осы!
Баянғалидің бойында көне түрік жыршысы Ұзанға тәннің бәрі бар. Ұлы дала жырының уызына жарыған! Ол бір кезде Абай тезге салып, еу­ро­палық поэзияның мәдениетін жан-тәніне сіңірген қазақтың жазба жырының жағасына жармасып, біз­дерше өлеңді өрнектеп, түзеп-кү­зеп, оған осы заманғы поэтикалық күр­­делі иірімдерді күштеп, тықпалап жатпайды! Абайды аттап өтіп, бір­неше ғасырлық  дәстүрі бар ауыз әде­биетінің інжу-маржанына кенеліп, ХХ-ғасырдың Гомері – Жамбылдың жарық жұлдызын маңдайға алып келеді! Жа­сандылықтан, мүлде, ада! Тәңірі ау­зына не салса, соны айтады! Ол өлеңді оқырманға  емес, тыңдарманға айтады! Қазақ пен қырғызға ғана тән өлеңді суырып салу өнері деген міне – осы! Сүйінбай, Кемпірбай, Әсет, Шөже, Біржан салдардың аламан айтысы көзден ұшқалы қашан? Сол суырып салу өнері біздің Жамбыл, Исалармен ХХ ғасырдың 50 жылдарына дейін жетіп еді. Солардың ХХ-ХХІ ғасырлардағы көзге шалынар жалғыз қарасы, соңғы тұяғы осы Баянғали Әлімжанов десе болады!
Бүгінгі айтыс ақындарының тың­дар­манын ұйыта алмай жүргендігінің түп-төркіні неде жатыр? Олар өлеңді көрерменге емес, оқырманға арнап айтқысы келеді! Пушкин мен Абайды, Мағжан мен Қасымды, Жұмекен мен Өтежанды, Андрей Вознесенский мен Евгений Евтушенконы қанына, жан-дүниесіне сіңіріп алған оқырманды селт еткізуге олардың шама-шарқы жете қояр ма екен?!
Баянғалиға қараңыз, оны тыңда­ғанда Баян жыраудан бастап, Асан Қайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Сүйінбай­лардың жан-дүниеңді балқытар көне де, көркем мақамы алдыңнан атойлап шығады: «Байтақ әлем бұл күнде, Қырғыз десе, Манас дейт, Манас десе, қырғыз дейт, Дәл Манастай қыр­ғыздың, Қасиетін ешкім де, Бұл жалғанда білгізбейт!»
Талант өлеңді тудырады. Дәл­дүріш – жасайды! Табиғи гүлдің иісі бұрқырап тұрады. Жасанды гүл-- гүл­ден аумаса да, оның хош иісі жоқ қой! Мұны оқырман да, тыңдарман да біліп қойғалы қашан?!
Мынау Сәкен серінің 60 жылды­ғындағы суырып салып айтқаны: «Ұлы­лар Көкшетауда аз тумады, Дұ­рыс қой соған лайық сөз туғаны. Тойында Сәкен аға сөйле деді, Төлеген – жазушы ақын – Қажыбаев, Көкшенің Қарға бойлы Қазтуғаны! Аман ба Қызылтудың заңғар елі, Сәкеннің кіндік қаны тамған жері. Ақ шаңды аспанға атып жалаңаяқ, Тасында балаң ізі қалған жері!» Кәкімбек Салықовтың 60 жылдығында айтқанына қараңыз: «Ел-жұртың тілеуіңді тілеуде, аға, Әніңмен ажарлансын жүдеу дала. Оқжетпес жер бетінде біреу болса, Кәкімбек Салықов та – біреу ғана!» Бір айтыста Әселхан ақын бүгінгі ел байлығын тонап алған ұры-қарыларға қарата, сырттай қарасаң бәрі әдемі, галстук тағып, сып-сыпайы болып жүреді. Ал, құлқындарын ойлағанда алдарына жан салмайды деп ашына жырлайды.  Сонда сөзді іліп әкеткен Баянғали былай деген: «Ұрының ең жаманы сыпайысы, Болмайды ондайлардың Құдайда ісі. Ұрының қолын шауып тастайтұғын, Бәрінен жақсы екен ғой Қытай ісі. Билікке аз ғана күн кет­се жолап, Алады ел байлығын түгел тонап. Қытайдың заңын егер бізге енгізсе, Болады бастықтардың бәрі –  шолақ!» Бейімбет Майлиннің 100 жылдығындағы айтыста: «Азамат ал­дыменен жұртын ойлар, Өз басын күйттегендер мұртын майлар, За­манда нарық қысқан не болады, Елдегі қара табан Мырқымбай­лар? Жағ­дайын  Мырқымбайдың не қылады, Қо­лында билігі бар Қыртымбайлар?! Туған ел түгі қалмай тонылыпты, Ар-ұят, әділеттік  жоғалыпты. Кешегі тыр жалаңаш коммунистер, Мыңғырған капиталист боп алыпты!» деген! Өзін «Мен  – Сары тентекпін» деп, өзін-өзі жарнамалаған  бір әріптесіне: «Қа­лайша мақтанады мына сары, Өзі­не бұлай деген жарасады. Бір кезде сары болу мода болған, Ұмтылған сарылыққа жұрттың бәрі. Мақтанып керегі не, сарымын деп, Дариға-ай, болмаған соң Кенесары!» депті! Александр Солженицын ұлыдержавалық уағызын сарынатқан тұста: «Қазаққа бәле боп тұр Александр, Қатыны күн­де үйінде әлек салғыр! Орыстың парасатты әділ жұрты, Іргесін бұл бәледен бөлек салғыр!» дейді!
«Бөлексің,Талғар,тамаша, Тұрсың көкпен таласа. Әттең сенің бауырыңда, Адамдар бар аласа!» дегенді Қасым Талғардың қарлы шыңдарына қарап тұрып, суырып салып, айтқан! Қасым өлім аузында жатқанда оның бір топ қаламдас-қатарласы хал-жағдайыңды білуге қолымыз бүгін тиді деп келеді. Сонда Қасым: «Кеттің келмей, шіркін достар, Жазып роман, жасап жоспар, Қалмаған-ау қолы бостар. Қайдан болсын қолы бостар, Қолдарында толы тост бар, Қайтіп босар қайран достар?!» депті. Ақынның аузы-- дуалы. Ол аузына Алла не салса, соны айтуға тиіс. Пенденің айтқанын айтпауы керек! Алтын айдарлы ақынның жұмыр басты пендеден айырмасы-- осы. Осы ғана!
1995 жылдың тамызында президент Көкшетаудың Еңбекшілдер ау­данына келеді. Ол кісіні қарсы алуға дайындық  жүріп жатқанда аудан басшылары ақыннан «Президентке не айтасың?» деп сұрапты. Сонда Баянғали: ««Сіз келеді дегелі Біздің елге көп болды, Күте-күте өзіңді Ел­дің көзі төрт болды. Сізге сойған жылқыны, Әкімдер өзі жеп болды!» – десем қайтеді?!» дейді. Сонда әлгі­лердің зәре-құты қалмаған! 
Содан елге келсе, аудан атқа­мінерлері президент ауылға келіп қала ма екен деп күтіп отыр екен. Ақынның әңгімесін тыңдап, мән-жай­ға қаныққаннан кейін, аудан әкімі: «Бізге де бірнәрсе айтсаңшы» дейді. Сонда Баянғали: «Айтайын әкімде­рің құлақ қойса, Жиналып отыр екен жағып монша. Патшаға өлең айтып келгеннен соң, Әкімге көңілім жоқ менің онша!» дейді! Бұдан патшадан да айылын жимаған қазақ ақы­нының һас тұлғасы көзге ұрып тұр! Мансаптан бәрін жоғары қоятын шолақ белсенділерге жасаған қыры! Тура Баянғалидің өз мінезі! Ол  біреуге бодан болған, маңдайдағы соры бес елі елдің баласы! Бірақ өзін қор се­зінбеген! Ұлы Тұран империясын құр­ған ата-бабасының аруағы алқап, зор сезінген! Оның ақындық қуатының алапат болып тұрғаны сондықтан!   
«Манас» жыры – күллі түркі дүние­сіне ортақ ұлы жыр. Оның оқиғалары мен сондағы геройлардың бәрі де осы екі жұртқа етене тән, типтік дүниелер. Осындағы Көкаман (көзқамандар) Жа­қыптың қандас туғандары. Бір қанды қырғында Қытай әскерінің қо­лына түсіп сонда тұтқын болып қа­лып қояды. Кіндік кесіп, кір жуған ел-жұртын ұмытқан! Ата дәстүр- салтын тәрк еткен! Тұла бойында түріктік қасиеттен түк қалмаған! Ділі де, тілі де, діні де – бөтен. Кейін Манас ат жалын тартып мініп, азамат болып, қол бастап шыққанда сол көзқамандарды жау қолынан босатып, еліне алып келеді. Түрі – қырғыз, түбі – шүршітке айналып, көлгірлік пен күн көрудің қамына түскен күйкі көзқамандар Ежен ханның жансызына айналып, қырғыз жұртын қырықпышақ қылады. «Манастың» Саяқбай Қаралаев нұс­қасында ежелгі жау Қоңырбай ел ішін­де бүлік салу үшін көзқамандарды Таласқа жібереді. Ақыры олар бас­қыншылармен жемтіктес болып, Манасты улап өлтіреді!
Арада бірнеше ғасыр өткенде сол оқиғалар тарихта қайта қайталанды! Қасиет болып қайталанса бір сәрі, қасірет болып қайталанып отыр ғой! Қырғызстанға қараңыз: совет өкіметі кезіндегі қасіретін қайта қоз­­ға­май-ақ қояйық. Тәуелсіз ел бол­ғалы қырғыздың көңілі көншіп, көсе­гесі көгеріп кетті ме?! Бұған кім кінә­лі?! Кешегі көзқамандар, бүгінгі мәң­гүрттер кінәлі! Басқа ешкім де емес! Ал, енді қазаққа қараңыз: қазақтың ұлттық тәуелсіздігінің қадір-қасиетіне жете алмай, орман ұлысына қарап ұлып отырған – кім? Тағы да – осылар! Ұлттық байлықты бұрыңғы қожайын­дарымен қоса бөлісіп алып, мұртын майлап, мыңғырып отырғандар-- кім­дер? Тағы да – осылар! Өзінің ана тілінің мемлекеттік мәртебесіне ата жауындай аттандап қарсы шығып отырғандар кімдер? Осылар – «Ма­настағы» көзқамандар, бүгінгі мәң­гүрттер әулеті! 
Көк Тәңірі қазақтың басына күн туған кезеңде Арқаның бір баласының аузына «Манасты» салды! Бізге Баянғалиды жіберді ғой! Алла тағала Алашты қауіп-қатерден, зұлматтан сақтап, әлі қорғаштап тұр! Алланың көңілі – Алашта. Ал, Алаштың көңілінің қайда екенін бір сайтан білмесе, әлі ешкім білмейді...
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Көкшетау көшесіне Жүсіпбек Ай­мауытовтың аты беріліп, соны бір-екі орыс таба алмай, Баянғалидан жөн көрсетуді сұрайды. Сонда Баянғали: «Аймауытов – репрессированный великий казахский писатель. Шестьдесят лет предавали его имя забвению, теперь можно шесть часов поискать его улицу!»– деген екен! Бұл өлеңге бергісіз, жатқа есесі кеткен жампоз­дың жан дауысы, азалы өксігі, ақынның аузынан шыққан айыптау актісі!
Ол алақанына қан уыстаған совет өкіметінің кезінде Мағжанның «Батыр Баянын» жырлап жүрген жігіт болатын! 
Талантты адам – қанатты құс секілді, көкке көтерілмесе көңілі көн­шімейді. Аспанға ұшса, өзімен бірге Алашын да ала кетеді. Біз қазақтан шыққан кез келген қанатты, талантты адамға ерекше ілтипатпен қа­рауымыз керек. Олардың қай-қай­сының болсын түбінде таудай бір-бір тұлға тұрады. Баянғалидің де әр жағы түпсіз терең – Керей Жәнібек, бергі жағында – Батыр Баян, Біржан сал, Ақан сері, Мағжан тұр ғой! Арада қаншама ғасыр өткенде атам заманғы «Манас» жыры Арқада орыс балаларымен асық ойнап жүрген осы қазақ  баласының жадына оралды! ХХ-ХХІ ғасырлардың көш керуенінде Алаш пен Манас осы баланың жұдырықтай жүрегінде келіп, қайта тоғысты!
Баянғали – Ақын! Ақын  болғанда да ұлы дала төсін бірнеше мың ғасыр дү­бір­леткен көшпенділер өркениетінің тірі қал­ған бір өкілі! Біз барлық бол­мыс-бітімі­міз­бен Абайға, Мағжан, Қа­сым, Мұқағали, Жұ­мекендерге жа­қын болсақ, ол бізден гөрі Бұқар жырау, Сүйінбай, Орынбай, Иса­лар­ға жақындау, көрінгенге бас имеген Көк Түріктің – өр заманның өкілі! Бір кезде бай-бағлан, шынжыр балақ, шұбартөс болған ата-бабаларымыздың аузынан түс­кендей жыршы-жырау, бүгінгі біздің күйкі тір­шілігімізге, мүлде, кереғар, көне заман, көшкен мәдениеттің пер­зен­ті! Сондықтан, біз оны аялап сақтап, ардақтап ұстауымыз керек! Ұлы дала жырының уызына жа­ры­ған! Одан айырылсақ, онымен бірге ұлтымыздың бүтіндей бір ұлы мәдениеті көзімізден бір ұшуы мүмкін... Тәңірі Баянғалидің ғұмыр жасын баянды қылып, Алаш пен Манастың арасын айыра көрмегей! 
(Бұл эссемді Арқадағы айтулы айтыс ақыны, айтыстан докторлық диссертация қорғаған Қойлыбай Асанға арнадым. Неге арнағанымды Қойлыбай да, Баянғали да ішінен жақсы біледі...)
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1045
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px