Аналарды аялаған күн - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Аналарды аялаған күн
Жұлдыз  ТОЙБЕК,
«Орталық Қазақстан»
Әйел – бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербейді. Қоғамда әйел аралас­пайтын сала жоқ. Еліміздің экономикалық-әлеуметтік, рухани дамуында және бала тәрбиелеу ісінде әйел – аналардың үлесі басым. Нәзікжандылар үйдің де, түздің де жұмысын дөңгелетіп жүр.
Халықаралық әйелдер күні қар­саңында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров қаланың сан саласында еліміздің гүлденуіне үлес қосып келе жатқан бір топ әйел-аналарды келе жатқан мереке күнімен құттықтады.
Көктеммен бірге жасарып, құлпырған, жүздерінен мейірім шуағы ескен аналарға қандай сөз арнаса да жарасады. Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров құттықтауында:
– Біздің қол жеткен табысымыз – әйел-аналардың мейірімділігі, шапағатының арқасында. Тәуелсіз­дігімізге – 25 жыл, бірлік пен татулықтың арқасында мемлекетіміз дамып, жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Еліміз үлкен маңызы бар жобаларды іске асырып жатыр, сіздер соған қомақты үлес қосып келесіздер. Ел басына күн туған қиын сәттерде біздің нәзікжандыларымыз мойыған жоқ. Анасыз – бірде бір бесік тербелмейді. Аналар, сіздер қандай мақтауға, марапатқа болсын лайықсыздар!  Ең жылы, құрметті сөздер Сіздерге арналады, – деп көп балалы аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» тапсырды.
Ұлы Отан соғысының ар­дагерлері Нина Николаевна Сорокина, Татьяна Андреевна Бенгард кешегі сұрапыл соғыстың тірі куәгері. Тыл ардагері Шамшия Әукенқызы 90 жастан асса да тың екен, басынан кешкен қиындықтарын тартымды әңгімелеп берді. «Соғыс кезінде колхозда тынымсыз жұмыс істедік. Азғантай бидайды қуырып, талғажау ете жүріп, егін салдық, шөп шаптық. Бесікке орап кеткен баламызды да қарадық» деп еңбек жолынан естелік айтты. Көп балалы ана «Алтын алқа» иегері Әмина Жандәулетова Жаңаарқа ауданының Ескене ауылынан қоныс аударып келіпті. Бала тәрбиелей жүріп, 30 жылдай ауыл шаруашылығында еңбек еткен. Батыр ана:
– Жасым 75-те. Шүкір Аллаға, баламның алды 53-ке келді. Немере, шөберемнің санын айтпаймын. Бақытты әйел, ана болуы үшін отбасында төзімді, көп нәрсені кешіре біліп, жақсы, көркем мінезді болуы керек, – дейді.
Нәзікжандылар заман ағымынан қалыспайды. Бүгінгі таңда 48 пайыз нәзікжандылар бизнеспен айналысады. Олар өздерін, болмаса отбасын ғана асырап қоймай, жұмыссыз жандарға да жұмыс тауып беріп отыр. «Елгезек» ЖШС фирмасының құрылтайшысы Ғалия Қыстаубаева сол іскер әйелдердің бірі һәм бірегейі.
– Келесі жылы фирмамыздың құрылғанына 25 жыл толады. Елбасымыз халыққа Жолдауында жұмыс­пен қамту мәселесіне жиі тоқталады. Біз де шама шарқы­мызша үлес қосудамыз. Осы уақыт аралығында біраз адамдарды жұмыспен қамтамасыз еттім. Үкіметке салығымызды да төлейміз. Халықтың игілігіне жарасын деген ниет.
Облысымызда көптеген ұлт пен ұлыстар мекендейді. Олар – Қазақс­танды өз Отаным деп есептейді. Елбасымыздың қолдауымен құрыл­ған Қазақстан халқы Ассамблеясы – ұлттар арасындағы татулық пен бірліктің байрағына айналды. Облыстағы ҚХА мүшесі, «Идеал» татар-башқұрт қоғамдық және мәдени орталығының директоры Суфия Сатретдинова Қазақстанда өмір сүруге, еңбек етуге, тілі мен салт- дәстүрін дамытуға қолайлы жағдайлардың бәрі бар екендігін, жақында ашылған Достық сарайында бірнеше ұлттың өкілдері басы қосылып, алаңсыз еңбек етіп жатқанын ризашылықпен жеткізді.
Сөз кезегінде әйелдер де Ел­басыға, азаматтарға шексіз риза­шылығын білдірді.
Қала әкімі барлық әйел – аналарға тарту таралғы жасады. Әдемі әйелдерді әсем әнмен тербетті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 241
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px