Арысымызға аудан атын қимағанымыз қалай?.. - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Арысымызға  аудан атын  қимағанымыз қалай?..
Былтыр қараша айында Алаш көсемі Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде халықаралық деңгейде аталып өтілетінін естігенде, төбеміз көкке екі-ақ елі жетпей қалды. Қалай десек те, құдіреті күшті Құдайдың көзі түзу ғой. Аруақ өзін-өзі көтергенін тағы бір мойындағанбыз. Алайда, мені Әлиханның туған топырағы – Арқа жұртының бейқамдығы алаңдатып отыр...
Қарағандыдағы Октябрь ауданын және осы ауданның үлкен бір көшесін ұлт көсемі Әлихан Бөкейханов атына беру жайлы мәселе биыл ғана көтеріліп отырған жоқ. Ертеден айтылып келеді. Ешкімнің қарсы айтар дауы жоқ. Бұқара разы. Былтыр, тіпті, «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық қоры бұл мәселені күн тәртібіне қойып, халық қолдап, биліктің алдына көлденең қойған болатын.
«Айтпаса сөздің атасы өледі». «Орталық Қазақстан» газетінің өткен кезекті санында осы басылымның тұрақты авторы Ошақбай Суханберлин жақсы жазып, дұрысын айтыпты. Ашығын айтқанда, «бүгінгі Тәуелсіздікке бастап әкелген Алашорда үкіметінің негізін қалаған Әлихан Бөкейхановтың есімі мен мұрасы – Кеңес үкіметі кезінде Лениннің өмірбаяны қалай бағаланса, одан артық болмаса, кем бағаланбауы тиіс. Бүгінгі тәуелсіз Мемлекетімізде, тіпті, бұл мәселе көпшілікке міндеттелуі тиіс...» қой.  Бірақ, ол түгілі біз көсемнің атына өзі туған топырағынан аудан аты мен көшесін алып бере алмай отырмыз. Халықаралық ұйым құптап, халық қолдап отырған мәселені кешеуілдетуге біздің қандай құқымыз бар деген сұрақ мазалайды мені.
Биыл – Қазаққа Тәңірдің өзі қиып берген Тәуелсіздігімізге ширек ғасыр. Біз Мемлекетіміздің дербестігіне құрметпен қарайтын болсақ, Алаш азаттығы жолында құрбан болған Әлихан Бөкейханов аруағына қандай құрмет көрсетсек те – артық емес. Ендеше, Алаш көсеміне жасаған аз ғана құрметіміздің бір парасы – Октябрь ауданын атына бергеніміз болмақ. Басқасын кейін ысырып қойғанда. Көршілес Өзбек ағайындардың басшысы бұдан былай ұлттық мемлекет құратынын мәлімдеп жатқанда, біздің мұнымыз – Әлекеңнің Алашқа сіңірген еңбегінің аз ғана өтеуіндей екені айтпаса да белгілі. Қытайдың философы Конфуций «өткенін қадірлеп, тарихын құрметтесе, халықтың рухы баяғы қалпына келеді» депті. Біз, қазақ, аруақ сыйлаған ел екеніміз шын болса, аталған ауданды Әлихан атына беруді кешіктіре бермейік. Әлемдегі атақты 100 ғалымның бірі, академик, «Ғасыр адамы» ретіндегі менің ойым осы.

Темірғали КӨКЕТАЕВ,
академик, Кембридж университетінің «Ғасыр адамы» атағының иегері.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 149
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px