Арысымызды артақтауға не кедергі? - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Арысымызды артақтауға не кедергі?
Қазақтың тұңғыш саяси партиясын құрған және бүгінгі Тәуелсіздікке бастап әкелген Алашорда үкіметінің негізін қалаған Әлихан БӨКЕЙХАНОВТЫҢ есімі мен мұрасы – Кеңес үкіметі кезінде Лениннің өмірбаяны қалай бағаланса, одан артық болмаса, кем бағаланбауы тиіс. Бүгінгі тәуелсіз Мемлекетімізде бұл мәселе, тіпті, көпшілікке міндеттелуі тиіс. Өйткені, Әлиханның ең басты мұраты орындалды. Қазақ өз алдына Тәуелсіз, дербес әрі бүкіл халықаралық қауымдастық мойындаған мемлекет болып отыр.
Әлекең армандаған қазіргі Тәуелсіз Қазақстан – Алашорданың жаңарған, толыққанды бейнесі. Осыған көзіміз бүгін жетіп отыр. Оның үстіне, 1917-1919 жылдары Алашорда автономиясын Ленин бастаған большевиктік билікке де мойындатуы – бүгінгі тәуелсіздіктің іргетасындай болып көрінеді. Автономияны мойындатып, Әлихан, Әлімхан бастаған қазақ зиялыларының бүгінгі Қазақстанның шекарасын сол бұлыңғыр уақыттың өзінде-ақ  бекіттіріп алуы – көрегендіктің, кемеңгерліктің белгісі. Ендеше, Әлихан Бөкейхан ҰЛТ КӨСЕМІ емей кім?.. Алайда, аузын буған өгіздей үн қатпаймыз... Ұлттық санамыз әлі де ұйқысырап жатыр.
Алаштанушы белгілі ғалым Сұлтан Хан Аққұлы «Әлихан жапон мемлекетінің 1868-1889 жылдардағы «Мейзи жаңғыруы» деген даму тәжірибесіне қатты қызыққан. Өйткені, олардың жиырма бір жылда артта қалған феодалдық мемлекеттен әлемдегі ең қуатты елдерінің біріне айналуы, «Алаш» бағдарламасын жасауға үлкен септігі тиген.  Ол сондай-ақ, Батыс Еуропаның да даму үрдісін үлгі етіп алғысы келген. Германия, Дания, Англия, АҚШ, Швейцария, Аустралияның тәжірибесін мұқият зерттеген. 1924 жылы «Теңдік» газетіне шыққан «Үлгі алыңыздар, Дания кооперативі және ел шаруашылығы» деген еңбегінде Данияның 1878 жылдан 1900 жылға дейінгі аралықта агроөнеркәсібі ең дамыған елге айналғаны туралы жазған. Әлихан осыларды көлденең тарта отырып, Қазақ елін ең дамыған аграрлық және өнеркәсібі бар елге айналдыруды көздеген. Бұл «Алаш» бағдарламасының бірден-бір стратегиялық мақсаты болатын» деген қызықты деректер келтіреді. Бұл да Әлиханның көрегендігі.
Көңілге демеу болатыны – 2015 жылдың қараша айында Парижде халықаралық ЮНЕСКО ұйымының 38 сессиясында Қазақстан тарапынан келіп түскен Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығын халықаралық деңгейде атап өту жайлы ұсыныс қаралып, қабылданғандығы. Алайда, елімізде қазіргі таңға дейін істелген іс-шаралар мардымсыз. Олай дейтініміз, баспа беттерінде, әсіресе, «Орталық Қазақстан» газетінде Октябрь ауданын және орталық көшелердің біреуін Әлихан Бөкейхановтың атына беру туралы мәселе бірнеше рет көтерілген болатын. Облыс жұртшылығы да қолдау көрсеткен еді. Бұл мәселеге Октябрь аудандық ардагерлер ұйымы да қолдау көрсеткен. Бірақ, «баяғы жартас – бір жартас» (Абай) немесе «Жаңғырықтың» (оқыған боларсыздар, М.Сембайдікі) кері. Сөздің қысқасы, ұзын сонарға салмай, Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхановтың атына беру туралы мәселені оң шешетін уақыт келді. Алдымызда Алаш қозғалысының 100 жылдығы келе жатыр. Әлихан туған облыста оның атына не аудан, не көше бере алмай, бүгін шешетін мәселені кейінге қалдырып, қалғып жүре бермейік, ағайын! Арысымызды ардақтауға не кедергі?
Ошақбай СУХАНБЕРЛИН,
Октябрь аудандық ардагерлер
кеңесінің мүшесі.
Қарағанды қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 152
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px