Астана арманнан адастырмайды - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Астана арманнан адастырмайды
Елорданың бүгінде көк тіреген зәулім, заңғар, көркем ғимараттары секілді Астанаға бет алған адамның да арманы дәл сондай биік болуы керек екен. Әйтпесе, күн сайын тотықұстай түрленіп, таранудан  талмайтын шаһар  боркемік, әлжуаздарды әсте жақтырмайтындай көрінеді кейде маған. Бүгінде сол Астананың төрінде талай жас бақытын, бағын, өз жолын тауыпты. Рас, Астана келген қыз-жігітті  бірден үлде мен бүлдеге орап қойған жоқ. Өрекпіп келгенде өбектеп қарсы алатындай жалпақшешей де емес. Ашығын айтайық. Кербездене, паңдана қарайды. Салқын қабылдап, салмақтайды.  «Бағың мен бабыңды сынап көрейін» дейді. Содан кейін жігері құм еместердің жолын ашады. Содан шығар, арманы шыңдай биіктер шыңырауда қалмапты. Ең құрығанда, арманының  төбешігіне шықты. «Астанада армандар орындалады» дейді астаналықтар.   Астананың арман қала атануы да содан шығар, бәлкім.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»

 Менің кейіпкерлерім – кешегі қарағандылық, бүгінгі астаналықтар  Батыр Танзила және Лиза Шекен. Ерлі-зайыпты. Екеуі де – осы Қарағандыдан. Еңбек жолын Қарағандыдан, дәлірек айтқанда, Теміртаудан бастаған-тын.  Қалалық газеттің редакциясында. Лиза – ол кезде журналист. Ал, Батыр беттеуші, дизайнер еді. Дәл осыдан  15 жыл бұрын. Жаңадан ашылған қалалық газеттің ыстық-суығын бірге көрген жора-жолдас, құрбы-құрдаспыз. Ол газетте екі жылға жуық еңбек еткен соң Батыр Астананың қалалық газетіне қызметке ауысты.
Міне, содан басталды. Астанадағы өмірлері. Іле-шала Лиза да кетті.  «Астана қайдасың?» деп тартып отырды. Сол газетке. Екеуінің сөз байласқандығы да бар еді. Іле үйлену тойлары да өтті.  Бұл – 2002 жыл, жаңылмасам. Содан Лиза мен Батыр астаналыққа айнала бастады. Көз алдымда. Тынымсыз еңбек. Астанаға қайтсе де, өздерінің мықтылығын дәлелдеуге кірісті. Білек сыбанып. Көркемдеудің қыр-сырын, ақапарттық технологияның бүге-шігесін там-тұмдап бойларына жия бастады. Екеуі де өте ізденімпаз. Қарап отырмайды. Базбіреулер секілді үй жоқ, астанада өмір сүру қиын деп, жүктерін жинап алып, көз жастарын бір сығып, кері қайтқан жоқ.  Еңбектен қашпады. Қиындықтан жасымады. Керісінше, қайраттана түсті. Намысын жігеріне жанып отырып, алға ұмтылды. Талмады.
Қашан барсам да, жұмыстан бас алмайтын. Күнмен, түнмен санаспайды. Екеуіне редакция арқылы жатақханадан бұйырған қуықтай бөлмелеріне барғаныңда қабақ шытпай ығысып орын беретін. Жайраңдап отырып, шайын ішетінбіз. Өздері алақандай жерде отырып, маған да «Астанаға ауысып кел» деп азғыратын. Көңілдерін жықпай, «иә, иәмен» шығарып салатынмын.
Негізі, Астана еңбекқор адамды жақсы көреді екен.Сонда байқадым.  Сөйтіп,  әуелі бір бөлмелі үй сатып алды. Қуаныштарында шек жоқ. Енді ше, өз еңбектерімен, ешкімнің демеуінсіз қол жеткізген баспаналары. «Еңбекпен тапқан мал тәтті» емес пе? Солай екен деп қарап отырмады. Тоқмейілсімеді.
Көп ұзамай Астананың қақ төрінен төрт бөлмелі үйге қол жеткізді. Тағы да маңдайдан тамшылаған тердің арқасында. Бұл кезде Лиза полиграфияға біржола ден қойған. Лиза қызмет еткен полиграфиялар оның қабілет-қарымына шәк келтірмеді. Келіп түскен тапсырыстарды «Тек Лиза жасасын» деген өтініштер де көптеп түсетін сол кезде. Оны көзіміз көрген. Кәдімгі нарықта сұранысқа ие маманға айналды. Ал, Батыр – Қазақстан теміржолында техникалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы. Жұмысы – жауапты. Техниканың тілін терең білетін Батырға да жан-жақтан шақыру келіп жатты. Бірақ, бұған екеуі тасымады. Алланың бергеніне шүкіршіліктерін айтудан бір танған жоқ.
Ақпараттық технология, баспахана, қазіргі заманауи техниканы шемішкеше шағады. Көркемдеудің сырына әбден жетік. Содан кеңесе келе, отбасылық бизнес ашты. Баспахана. «Start» жеке кәсіпкерлік. Қазір осы полиграфиядан небір көркем туындылар жасалуда.Сыртқы жарнама, баннер, сан аулан баспаханалық өнімдер. Баспаханада  заманауи құрал-жабдықтар. Әлбетте, бұл іске олар кездейсоқ келе қалған жоқ. Мұндай батыл қадам жасау үшін олар бұл салаға жылдар бойы дайындықпен келгендерін айтады. Ондаған жылдар осы салада жүрді. Көрді, көңілге тоқыды. Үйренді. Білімі мен біліктілігін ұштастырды. Сөйтіп барып, тәуекел етіп, тас жұтты. Аллаға шүкір, кәсіптері – берекелі.
Ал, берекелі істің басында  – Батыр мен Лиза. Құдайдың бере салған құлдыраңдаған үш құлыншағы бар. Астананың айтулы мектептерінде екеуі білім алуда. Үшінші кішкентай ата мен әжесі қолында. Астанада. Айрандай ұйыған, Астанадан арманының шыңына шыққан отбасы. Тіфәй, тіфәй, тіл-көзіміз тасқа! Екеуін ылғи үлгі тұтамын өзгеге. Тұтса, тұтқандай-ақ емес пе?!  Астана армандарынан адастырмады. Дәйім солай болғай. Олар – нағыз астаналықтар. Астананы жақсы көреді.
«Расымен, Астананың болашағы зор. Қазір Астанадан өзге қалаға көшкіміз келмейді. Астанада біздің армандарымыз орындалды. Әрине, бәрі бірден емес. Дегенмен, Аллаға шүкір, дегенімізге жеттік», –  дейді Батыр мен Лиза.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 985
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px