Атамның ерлігіне – тағзым - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Атамның ерлігіне –  тағзым
Біз тарихтан оқып-білген Ұлы Отан соғысында талай ананың баласы шейіт болып, талай ұл-қыз әкесіз өсті. Шешелеріміз жастай жесір атанып, бүтіндей ел арыстай ұлдарынан айырылды. Отан үшін от кешіп, қайыспай шайқасқан ата-бабаларымыздың ерлігі бізге бейбіт күн сыйлады. Сол үшін де, батырлардың ерлігін естен шығармау, ұлық тұту – ұлы парызымыз.


Сұрапыл соғыс жылдары тар жол, тайғақ кешуден өтіп, Отанға деген махаббатын дәлелдеген ардагерлердің қатары жылдан-жылға, күннен-күнге азайып келеді. Сондай ержүрек жандардың бірі — менің атам Федор (Зәйкен) Карпович Буштаев. 1925 жылы 15 мамырда дүниеге келген. 17 жасар жас жігіт соғысқа аттану үшін өзіне 2 жас қосып алған. Зәйкен Буштаев Қызыл Армия қатарына 1942 жылдың желтоқсан айында шақырылып, Томск қаласындағы артиллерия училищесіне оқуға жіберіледі. 1944 жылдың желтоқсан айында 9-шы армияның, 5-атқыштар бригадасы, 404-гвардиялық зеңбірек полкінің құрамында ІІІ Украина майданында соғысқа енеді. Жас офицер, батарея взводының командирі Зәйкен Буштаев алғашқы ұрыстардан-ақ, өзінің Отанын шынайы сүйген, жігерлі де қайсар командир екенін көрсете біледі. Үш ай өткенде лейтенант шенін алады. Батарея командирі болып бекітіледі. Бухаресті, Будапешті азат етуде, Вена қаласы үшін болған ұрыстарда асқан ерлік көрсетеді.
Соғысты Прага қаласына 40 шақырым жетпей аяқтайды.
Атамның батыл офицер болғандығын 9-шы армия газетінің 1945 жылғы наурыз айындағы санында жарияланған әскери тілші В.Селантьеваның «Офицер Буштаев» деген мақаласы айғақтайды. Әскери тілші батарея командирінің алғы шептегі қырғын ұрыс кезіндегі қайсарлығы мен ерлігін суреттей келіп, жас офицердің сондағы айтқан мына сөздерін келтіріпті: «Иә, мен бақыт үшін күрестім. Бақыт үшін қан төгудемін. Қанды арпалыста халқымның тағдырын қорғасып, болашақ ұрпаққа бақыт әпердім. Қорқынышқа жеркенішпен қарап, жеңіске жеттім» депті осыдан 71 жыл бұрын 22 жасар офицер.
Ол соғыстан кейін екі жыл оккупациялық әскер құрамында әскери қызмет атқарды да 1947 жылы туған елі – Қазақстанға аман-есен оралды. Майдангер бейбіт өмірде еселі еңбек етіп, жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Бұрынғы Көкшетау облысының Қызыл ту ауданында партия комитетінің хатшысы, Қарағанды облысында аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, бөлімше меңгерушісі, Сұрыптау кентінде тергеуші қызметтерінде болды.
Байырғы  артиллерист, гвардия капитаны Зәйкен Буштаев соғыс жылдары «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Венаны алғаны үшін» және басқа да медальдармен марапатталған. Бейбіт замандағы еңбегі «Құрмет белгісі» ордені және «Тың жерлерді игергені үшін» медалімен аталып өтілген. Адал еңбегі, еңбекқорлығымен 5 баласын тәрбиелеп өсірген. Мен осындай батыр адамның ұрпағы болғаныма мақтанамын!
Жеңіс күні – жат жерде шейіт болған аға ұрпақтың ерлігіне құрмет көрсетіп, олардың рухы алдында тағзым ететін күн. Майдангердің отбасы ретінде біз де сол бір жылдары еліміздің тыныштығы үшін жанын қиып, ерлік жасаған аталарымызды еске алып, ерліктері алдында бас иеміз. Ұлы Отан соғысына қатысып, бүгінгі ұрпаққа жайма-шуақ өмір сыйлаған буынға алғысымыз шексіз.
Жеңіс күні – сан мыңдаған ұрпақ үшін ортақ мереке. Бұл мереке –  бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығы, Отанын қорғаған жауынгерлер мен офицерлердің айбыны, тылдағы Жеңісті жақындатқандардың ерен еңбегінің мәңгі өшпейтіндігінің дәлелі. Жеңіс күні – абыройымыз бен даңқымыздың мерекесі.

Гүлнұр БУШТАЕВА,
ҚарМТУ-дың студенті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 126
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px