Қазығұрттың өнер керуенi – Арқа төрiнде - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Қазығұрттың өнер керуенi – Арқа төрiнде
Жұлдыз  ТОЙБЕК,
«Орталық Қазақстан»


Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақаласында облыстар арасында ақпараттар және мәдени жетістіктер алмасуды күшейту үшін өзара «облыс апталығын» өткізу жөнінде тапсырма берілген болатын.
Осыған орай, Мәдениет және спорт министрлігінің бекіткен кестесіне сәйкес, сәуірдің 20-22 күндері «Қазыналы Оңтүстік» Оңтүстік Қазақстан облысының Қарағанды облысындағы мәдениет күндері өткізіліп отыр. Бұл мәдени күндер ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді.

Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі

С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының фойесінде «Шырайлы Оңтүстіктің шежіресі» атты көрме ұсынылды. Көрмеге Оңтүстік Қазақстан мұражайлары қорындағы құнды жәдігерлер қойылды. Қолөнер шеберлері мен суретшілердің кеңей­тілген көрме-экспозициясының ашылуы болды. Өзін Күләш Бейісбекова деп таныстырған шебер  отбасылық қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатынын тілге тиек етті. Түрлі әшекеймен көмкерілген ұлттық бұйымдар көздің жауын алады. Қыз-келіншектерге ар­налған бешпент, балаларға арналған жүн байпақ сияқты бұйымдар тез сатылып кетеді екен. Бағасы да – қолжетімді. Тағы бір құптарлығы, шеберлік  сабағын өткізіп, өзгелерді де қолөнерге баулиды.

Оңтүстіктің оң істері

Баспасөз конференциясында Қа­рағанды облысының мәдениет, мұ­рағаттар және құжаттама басқар­масының басшысы Еркебұлан Ағымбаев Арқаға арнайы келген қонақтарға жылы ықыласын білдіріп, сый-сыяпатын тарту етті. Сөз кезегі Оңтүстік Қазақстан облысы мәдениет басқармасының басшысы Күлия Айдарбековаға тиді. «Негізгі мамандығым – журналист», – деп сөз бастаған К.Смайылханқызы күнгейдегі облыстың мәдениет пен өнер саласында атқарылып жатқан игі істерін жан-жақты тілге тиек етті.
ОҚО-да  халыққа 738 мәдениет және өнер мекемелері қызмет көрсетеді. Соңғы 6 жылда облыста 43 мәдениет және өнер мекемелері, 6 мемориал, саябақ, кешен, алаң, гүлзарлар ашылды. Елбасының қатысуымен облыстық опера және балет театры, облыстық тарихи-мәдени этнографиялық  орталық, Һакім Абай мұражайы, «Түркістан» сарайы, Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының  жаңа ғимараты, сонымен қатар, «Оңтүстік-Цирк», «Отырар» кітапханасы, Көрме орталығы, облыстық тарихи-өлкетану музейінің жаңа ғимараты, «Ерлік» мұражайы, салт-дәстүр және әдеп-ғұрып орта­лығы, бейнелеу өнері мұражайы, қол­өнер шеберлерінің орталығы және 11 ауылдық мәдениет үйлері мен 1 қа­лалық орталық кітапхана салынып, ел игілігіне берілді.
Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында «Даңқ» мемориалы, «Тәуел­сіздік» саябағы, «Шәмші әлемі» гүлзары және облыстан шыққан дарынды композиторлар мен әншілердің есімдері жазылған «Жұлдыздар» аллеясы ашылып, Алпамыс, Қабанбай, Тілеу, Жолдаяқ батыр, Бәйдібек би, Тұрар Рысқұлов, Сабыр Рақымов, Сейдолла Бәйтереков, Шәмші Қал­даяқовтың ескерткіштері және Қазақ хандығының 550 жылдығы монументі бой көтерді. Өткен жылдың басында «Қазына» этно-тарихи кешені ашылды. Кезең-кезеңімен мәдениет нысандары жөндеуден өткізіліп, пайдалануға беріліп келеді.
Өткен жылы «Қазақстан хал­қы Ассамблеясы – 20 ізгі іс» респуб­ликалық эстафетасы аясында өткізіл­ген «Тай­қазан – игілікті істердің символы» іс-шарасы, «Мерейлі мақсаты­мыз – Мәңгілік Ел» салтанатты іс-шарасы, «Мәңгілік Ел» патриоттық әндер фестивалі, республикалық ұлт­тық театрлардың фестивалі, Ш.Қал­­даяқ­овтың 85 жылдығына ар­налған «Арыс жағасында» VI ретро-фес­тивалі мен «Менің Қазақстаным» ән байқауы,  «Қазыналы Оңтүстік» Оңтүстік Қазақстан облысының Атырау облысындағы мәдениет күндері өткізілді.
«Біз естімеген бір ән, бір күй» жобасы аясында Оңтүстік Қазақстан облысына қатысты 900-ге жуық халық әндері, күйлер, термелер, толғаулар жинақталып, облыстық байқауы өт­кізіліп, 3 томдық кітабы мен дискісі шығарылды.

Ел таныған театр

Биылғы жылғы өткізіліп жатқан іс-шаралар Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр.
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Театр көктемі – 2016» театр фестиваліне облыстағы 7 театр да жазушы-драматург, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Рақымжан Отарбаевтың қойылымын ұсынды. Фестивальдің қорытындысы бойынша Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры Бас жүлдені иеленді. Атырау облысының атынан Р.Отарбаев «Абай» операсын сахналаған облыстық опера және балет театрына жеңіл автокөлікті сыйға тартты.
Облыстық орыс драма театры Тараз қаласында өткен «Әл-Тарази шақырады» республикалық театрлар фестиваліне Иран-Ғайыптың «Абылай» спектаклімен қатысып, «Тарихи тақырыптағы қойылым» номинациясына және Ю.Поляковтың «Одноклассники» қойылымымен Мәскеу қаласында өткен халықаралық «Смотрины» фестиваліне қатысып, «Ең үздік қойылым» деген бағаға ие болды.
Өткен жылы облыстағы 8 кәсіби театрларда 52 жаңа спектакль сахналанды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай 6 жаңа спектакль қойылды.
Опера және балет өнерін дамыту, тәжірибе алмасу, жас мамандардың білімін көтеру мақсатында облыстық опера және балет театры Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрымен Меморандумға қол қойды. Осының арқасында Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры және көркемдік жетекшісі Асқар Бөрібаев облыстық опера және балет театрында Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойына орай, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсын саханалады.
«Қазыналы Оңтүстік» көп томдығының саны 311 томға жетті

Облыстағы 423 кітапхананың 345-і ауылдық елді мекенде орналасқан. Облыс кітапханалары орта есеппен жыл сайын 223362 данадан астам жаңа кітаптармен толықтырылып келеді. Кітап қоры 7 млн. 126 мың данаға жетті. Облыс бойынша кітапханалардың электрондық кітап қоры 17055 дананы құрады. «Отырар» кітапханасынан сирек кітаптар бөлімі ашылып, қоры 3334 кітапқа жетті.
Облыстың рухани, тарихи мұра­ларына арналған «Қазыналы Оңтүстік» көп томдығының өткен жылы 21 томы жарыққа шығып, бүгінде оның жалпы саны 311 томға жетті.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Ерлік – елге мұра», «Оңтүстік Қазақстан облысынан шыққан батырлар», «Оңтүстік Қазақстандық жауынгерлер» «Солдатское наследие Юга» атты естелік кітаптары, «Өркендеген көркемденген Оңтүстік», «Ұлы дала өсиеті» атты кітаптар шығарылды.
Оңтүстік Қазақстан облысында айрықша маңызы зор 1278 археология және сәулет ескерткіштері бар. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Яссауи кесенесі), республикалық маңызы бар 33 (25 сәулеттік, 8 археологиялық), жергілікті маңызы бар 434 (56 сәулеттік, 378 археологиялық), алдын ала есепке алу тізімінде 810 (оның 136 сәулеттік, 674 археологиялық) тарихи-мәдени мұра объектілері бар. Облыс мұражайы 2015 жылы 6852 дана жаңа экспонаттармен толықтырылып, жалпы қор 159949 данаға жеткен.

Циркте –
«Таңғажайып керуен»

Көмірлі қаламыздағы цирк ғимарат­ында «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің «Таңғажайып керуен» бағдарламасы көрерменнің назарына ұсынылды. «Оңтүстік-Цирк» директоры Арман Алиевтің айтуына қарағанда, Қарағанды қаласына бір ғана цирк­тен 59 адам келіпті. Цирк ұжымының да жеткен жетістігі бар. Астана қаласында өткен халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Цирк» номинациясы бойынша «Оңтүстік-Цирк» мекемесінің әртістері Ернұр Оспанов пен Карина Шманько І-орынды иеленген. Қытай Халық Республикасында өткен «Намыс дода» халықаралық сайысына цирк әр­тістері Ернұр Оспанов, Николай Егоров, Ибрагим Алиев қатысып, жоғары дәрежеде өнер көрсетіп, Қазақстан І-орынды жеңіп алған. Осы жолы да қарағандылықтар цирк ұжымының өнеріне тәнті болды. Клоундар Е.Таңатов, Абу Моноцикль және ақылды иттер Гарри мен Гарда нөмірі – Жанат Калметова және оның балалары Санжар, Перизат Анарбековтер орындады. Жетекшісі Ж.Калметова. Н.Халықбердиеваның жетекшілігіндегі шоу балет сәтті шықты. Әуеде тартылған сымның үстінде өнер көрсеткен Қанат, Шав­кат, Шухрат Сураншиевтар, Мәдина Қалилақызы, Абылай Көп­баев­тың өнерлеріне ел тәнті болды. Акробатика өнерінде қазақтың өрім­дей жігіттері әдемі әрі шапшаң қимылдарымен көз қызықтырды.

«Бірлігі жарасқан
«Мәңгілік Ел»

Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің «Бірлігі жарас­қан «Мәңгілік Ел» гала-концертінде Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның әртістері, «Қазы­на» би ансамблі, «Тұмар» фольк­лорлық ансамблі, «Семсер» тобы және «Өркен» тобы мүшелері өнер көрсетті. Халықаралық, респуб­ликалық би фестивальдерінің бір­неше дүркін жеңімпазы «Қазына» би ансамблі ағымдағы жылдың қаңтар айында Алматы қаласында өткен «Розы Казахстана» халықаралық  би фестивалінде бас жүлдені жеңіп алған. Оңтүстіктің  өнерін халықаралық деңгейде насихаттау мақсат­ында ағымдағы жылы «Қазына» би ансамблі Болгария­да және Аустрия­да өтетін халық­ара­лық байқауға қатысып, «Тұмар» фольк­лорлық ансамблі Қазақстан атынан АҚШ-та өнер көрсетпек. Концерттік бағдарламада әртістер Халық әндері және классикалық әндер, термелер орындап, мың бұрала билеп, кәсіби өнер шеберлері  екенін танытты. Ш.Қал­даяқов атындағы облыстық филар­мония әртістерінің «Саз отау» композициясынан көп ізденістің ізі байқалады. «Сүгір» атындағы ұлт-аспаптар оркестрі (дирижері – ҚР Мәдениет қайраткері Ғалия Жомартова)  Сүгірдің, Құр­манғазының күйлерін төгілтіп ойнады. Ұлт-аспаптар оркестрінің сүйе­мел­­деуімен Р.Ақынбеков, О.Жаңа­баев, Н.Серікбаева «Сыпыра жырау», «Сүгірдің термесі», «Шегенің термесін» орындап, жүректерге жеткізді. Жас жігіттерден құралған «Семсер» тобының орындауындағы Ә.Ботақараевтың «Бабалар рухы» жастардың кеудесіне жалын отын жаққандай әсерге бөледі.
Мәдениет күнінің соңы Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының әзірлеген С.Досановтың «Тозақ шеңбері» қойы­лымымен аяқталды. Бұл қойылым желісі – өз алдына бір әңгіме.

Суреттерде: 1. Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының  басшысы Күлия Айдарбекова; 2. Қол өнер шебері Күләш Бейісбекова;  3. «Қазыналы Оңтүстік» көптомдығы;  4. Цирк ұжымы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 169
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px