Балауса жырдың бесігі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

Балауса жырдың бесігі
Рауан ҚАБИДОЛДИН,
«Орталық Қазақстан»

Жуырда Қарағандыдағы Әлихан БӨКЕЙХАНОВ атындағы №76 орта мектепте Алаш көсемінің 150 жылдық мерейтойына және Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай қалалық білім бөлімімен бірлесе ұйымдастырылған «Әлихан – Тәуелсіздік жаршысы» атты мектеп оқушылары арасындағы мүшәйра өтті.
Әлихан бабамыздың туған күні – 5 наурызда ұйымдастырылған шараның басты мақсаты – оқушыларды Тәуелсіздіктің құндылығын қадірлеуге, Алаш арысының халқымызға сіңірген өлшеусіз еңбегін бағалауға баулу.
Бәйгеге қала мектептерінің оқушыларынан барлығы 180 өлең келіп түскен. Сондықтан, бұған дейін бұл мүшәйраның іріктеу, іріктелген өлеңдерді жинаққа енгізу кезеңдері өткізіліпті. Сөйтіп, осы үшінші кезеңге 15 жас ақын жіберілген.
Шырайлы шараның шымылдығы оқушылардан құралған мектеп оркестрінің «Қара жорға» күйімен түрілді. Мәжіліс залында ине шаншар орын жоқ. Бәйгеге тұлпар қосқандай, бәсекеге бала баптап әкелген ұстаздардың жүрек толқынысы сезіледі. Себебі, қара өлеңге қазылық ететін төрешілер де азулы. Қазылар алқасының құрамында белгілі айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айтбай Жұмағұлов, айтыскер ақын Дидар Қамиев, қалалық білім бөлімінің әдіскері Гүлзат Аймағамбетова болды. Төрағасы болып арқалы ақын Руслан Нұрбай жайғасқан.
Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай, 8-11, 12-15, 15-17 жас аралығы бойынша топтастырылыпты.
Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдені Жангелді Тоқтамұратов қанжығалап,  мүшәйра демеушісі, «Білім меценаты» Бекзат Алтынбеков тағайындаған қаржылай сыйлықты ақын, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек табыс етті.
Қалалық білім бөлімінің басшысының орынбасары Раиса Кенешова, профессор, «Тұлғатану» орталығының директоры Нұрсахан Ахметқызы оқушыларға өздерінің ақ тілектерін білдірді.
Шара соңында мектеп директоры Абылай Жәлелов келген қонақтарға алғысын айтып, мүшәйраның екінші кезеңінде іріктелген сексенге жуық өлең енген «Әлихан – Тәуелсіздік жаршысы» атты жинақтың тұсауын кесті.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 249
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px