«Балбөбектің» байқауы - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

«Балбөбектің» байқауы
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Аймақтың аға басылымы облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясы 85 жылдық мерейтойы шеңберіндегі іс-шаралар легін бастап кетті. Ырымшыл қазақпыз ғой, той шымылдығын періште бүлдіршіндердің қаламымен түргенді жөн көрдік.  Және бүгінгі жас өскін – елдің ертеңгі бәйтерегі екендігін қаперде ұстадық. Яғни, салауатты да саналы ұрпақ тәрбие­леуге қосқан үлесіміз болсын дестік. Біз жариялаған облыстық «Тәуелсіздік – қазақтың БАҚ жұлдызы» атты шығармалар байқауы әз Нау­рыз мейрамы қарсаңында мәреге жетті.

Былтыр Тәуелсіздік күні қарсаңында байқаудың іріктеу кезеңінің тұсауы кесілген-ді. Үш айдан астам уақыт бойы мектеп оқушылары жолдаған шығармалардың барлығы болмаса да, үздіктері газеттің «Балбөбек» қосымшасында жарық көріп тұрды. Қосымша жетекшісі Аяулым Совет хат қоржынына түскен қолжазбаларға сұрыптау жүргізіп, байқау талаптарына сәйкестігіне орай бағамдап отырды.
Байқау барысында бүлдіршіндер қазақтың азаттығын, ұлт шежіресін, еліміздің кемел келешегін  қаламдарына арқау етті. Өңірлердегі балақайлар белсенділік танытты. Мәселен, Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 гимназияның, Жаңаарқа ауданындағы Б.Амалбеков атындағы орта мектептің, Қарқаралы ауданының Тоқтар ауылындағы №6 орта мектептің шәкірттерінен және тағы басқа аймақтардағы мектептер оқушыларынан түскен шығармалар жүрегімізге жылылық ұялатты. Қарағандыдағы №№34, 18, 16, 86, 66 орта мектептер мен «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушыларынан келген хаттарды да ерекше атап өткен жөн. Сөйтіп, үш ай ішінде барлығы жетпіске жуық шығарма қолымызға тиді.
Аяулым СОВЕТ, жоба жетекшісі:
– Байқауға түскен шығармалар қарасы мол болды. Сондықтан, мықтыларды анықтау оңай соқпады. Оқушылардың ел мен жер тарихынан, ұлт тұлғалары өмірбаянынан айтарлықтай хабардар екендігін көріп, қуандық. Шығармалары арқылы Тәуелсіздік ұғымының мәнін терең түсінетін, тақырыпқа сай пайымын дәл жеткізе алатын, озық ойлы оқушылар анықталды. Бұлар «Елбасы жолы», «Мәңгілік Ел» аталымдары бойынша марапатталды.
Сәрсенбі күні «Орталықтың» редакциясында байқаудың қорытындысы шығарылды. Қатысушылардың түгелі дерлік редакция ғимаратында жиналды. Ардагер ұстаз Ошақбай Суханберлин құрметті қонақтар қатарынан орын алды. Аймақтардан арнайы келген балдырғандарды Бас редактор Мағауия Сембай бастаған редакция ұжымы қарсы алдық.
«Бала – болашағымыз» дей келе, байқаудың басты мақсаты – тарихымызды алға тарта отырып, қазіргі компьютер заманында балаларды шығармашылыққа, сөз өнеріне баулу екендігін айтқан Мағауия Сланбекұлы бүлдіршіндердің талабына көңілі толғандығын жеткізді.
Сонымен, талпынысымен қуантқан жас өркендер марапатталды. Қарағандылық оқушылар – Әлішер Әлібеков (№86 ОМ), Аққу Жанғазиева (№34 ОМ), Дина Нығымет (№34 ОМ), Асқар Жұқанов (№101 ОМ), Зарина Серікова (№18 ОМ), Сымбат Қалқабекова (№45 гимназия), Томирис Бастен (№27 ОМ), Жансұлу Ғаббас (№85 ОМ), Жанерке Жұмағұлов (№97 ОМ), Ғабиден Сағынтаев («Дарын» мектеп-интернаты), Аруна Ерғалиева (№35 ОМ) және Саран қаласындағы №4 орта мектептің оқушысы Перизат Қартаева арнайы Алғыс хаттарды иеленді.
Жүлделі ІІІ орындарға үш бірдей бүлдіршін ие болды. Мұнда Қарқаралы ауданының Тоқтар ауылындағы №6 орта мектеп оқушысы Жанерке Ыбырайхан, Жаңаарқа ауданы О.Әлібаев атындағы орта мектебінің оқушысы Мирас Олжабай және облыс орталығындағы №34 орта мектеп оқушысы Асылжан Жаңабаевтың шығармалары жүлдеге лайық деп танылды. Қос ІІ орынды Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы №7 гимназияның оқушысы Ақбота Елеусізбаева мен Қарағандыдағы №16 орта мектеп оқушысы Нұрай Дәулетбек өзара бөлісті. Ал, Нұра ауданы, Майоровка ауылының А.Асылбеков атындағы орта мектебінің оқушысы Айқын Болатбек І орынды еншіледі.
Осы жерде «Балбөбек» бетіне тұрақты жазып жүрген жас қаламгерлерге «Балбөбек» қосымшасы тілшісінің куәлігі табысталды. Жаңа куәліктерге Шет ауданындағы Абай атындағы орта мектеп оқушысы Әсия Кәрімова, Осакаров ауданындағы №22 орта мектеп оқушысы Мәншүк Дәулет және Қарағанды қаласындағы №16 орта мектеп оқушысы Нұрай Сәрсенбек қол жеткізді.
Салтанат барысында Мағауия Сланбекұлы Бас редактордың арнайы сыйлығын тапсырды. Бұл құрметке Қарағандыдағы №27 орта мектеп оқушысы Томирис Бастен ие болды.
Осылайша, «Балбөбек» байқауы тәмамдалды. Әзірге... Бұйыртса, алдағы уақытта және ұйымдастырылмақ. Ойы – орамды, қаламға – бейімді бүлдіршіндерімізбен «Балбөбектің» бетінде кездесер күн алыс емес.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 244
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px