БАТЫРДЫҢ ҚАНДЫ КӨЙЛЕК ЖОЛДАСЫ ТАБЫЛДЫ - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

БАТЫРДЫҢ ҚАНДЫ КӨЙЛЕК ЖОЛДАСЫ ТАБЫЛДЫ
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»


Газетіміздің 2016 жылғы 7 мамыр №74-75 (22180) санында  «Бір суреттің сыры» атты фотосуретті шағын мақала жарияланған-ды. Фотосуреттегі үш жауынгердің бірі – Совет Одағының Батыры – Қазыбек Нұржанов болатын. Қалған екі жауынгердің – қызылармияшыл Түсіп Жалмағанбетов, Қабдыраш Ғалиев есімдері аталған еді. Суреттің түсірілген уақыты да белгілі еді. Сыртындағы жазуда 18.ІІІ. 1941 жыл деп көрсетілген.
Амурдағы Комсомольск қала­сында түсірілген бұл суреттегі қалған екі жауынгердің әрменгі тағдырының қызықтырғаны сөзсіз, әрине. Көп ұзамай Дубовка кентінде тұратын замандасымыз Рымтай Ғалиеваның қоңырауы жеткен. Суреттегі Қаб­дыраш Ғалиевтің қызы екен. Және бір қызығы, батырдың жиені Лаура өзімізде менеджер болып істейтін болып шықты. Көп ұзамай мұндай қоңырау Дубовка селосында тұратын Шәкен Ғалиева апайдан да түскен. Бұл кісі Қабекеңнің тұңғышы екен.
Сонымен Қарқаралының бұл қанбалағы кім еді?
Тегісшілдік ауылынан сол кезде біраз азамат Батысқа аттанған екен. Алайда, ел солардың аман-есен қайтқандарының есімін де біле бермейді. Солардың бірі – айтып отырған ағамыз Қабдыраш Ғалиев.
Ол кісі 1917 жылы 15 наурызда қазіргі Қарынши ауылында туған. Еңбекке жастайынан араласады. Он үш жасында Калинин колхозында егіншілікпен айналысады. Білім алуға талпынған жас 1939 жылы осындағы зооветтехникумды бітіріп алады. Бұл ол тұста үлкен оқу орны болып саналатын. Техникумның жолдамасымен Шет ауданына барып ауаткомда зоотехник болып жұмыс істейді. Сол жылдың күзінде Қызыл Әскер қатарына алынады. Азаматтық борышын Амурдағы Комсомольскіде өтейді. Сурет сол кезде түсірілген.
Соғысқа бірден араласады. 1942 жылы өртеніп тұрған Сталинград майданына түседі. Қазыбек Нұржанов та осы майданда соғысқан болатын. Сол қырғыннан  аман шығады. Ауыр жараланып, 1943 жылдың 21 қаңтарына дейін дала госпиталінде емделеді.  Қайтып қатарға қосылған соң 106-шы Кутузов атқыштар дивизиясында мерген болады.  Маршал Толубихин қолбасшылық жасаған үшінші Украина майданында жан беріп соғысады. Сол құрамада Чехословакияны, Венгрияны азат етуге қатысады. Кейін десанттар бригадасына алынады. Австрияны азат етуге ат салысады. Ұлы Жеңісті Венада қарсы алады.
Қан майданнан «Қызыл Жұлдыз» орденімен оралған майдангер бейбіт күнде аудандық атқару комитетінде зоотехник болып басшы қызметтер атқарады. 1948-1966 жылдар ара­лығында Қарқаралы ауданының бірқатар шаруашылықтарын бас­қарады. 1977 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін Бесоба, Восток шаруашылықтарында бөлімше меңгерушісі болады.
Ұрпақтарының айтуынша, майдан естеліктерін айтуға құлықсыз болыпты. Мектеп тарапынан болып жататын толып жатқан кездесулерден жалтарып жүреді екен. Себебі – белгілі. Өзінің де, өзгенің де жүрегін ауыртқысы келмеген.
Мен Қабекеңнің екі баласына да:
– Ол кісі Сіздерге Қазыбек Нұржанов жөнінде айтты ма? – деп сұрадым.
Екі баласы да:
– Жоқ, – деп жауап қайырды.
Діні қатты адам екен дедім іштей. Шынында да ол кісі қатал мінезді адам болған екен. Мақтаншақтықты, менменсуді, астамшылықты көтере алмайтын дейді қызы Шәкен апай. Рымтай замандасымыз да сондай әңгіме айтады. Біреудің адал жібін аттаған емес деп қосып қояды.
Қабдыраш батыр жөнінде біл­геніміз осы.
Суреттегі үшінші батыр – Түсіп Жалмағанбетов жөнінде де бір дерек болар ма екен?

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 462
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px