БІРЛІГІ мен БЕРЕКЕСІ артқан ел болайық - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

БІРЛІГІ мен БЕРЕКЕСІ артқан ел болайық
Қазақ халқы: «Байлық – байлық емес, бірлік – байлық» деп ауызбірлік пен ынтымақты ту етіп ұстанған. Яғни, біз үшін елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығынан артық қазына болған емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін де ешкімді кемсітпей, ешкімнің тілі мен ділін жәбірлемей, барлық азаматтарға тең құқық беру арқылы тұрақтылықты нығайтып келе жатқан бейбіт елміз. «Біздің кейінгі ұрпаққа аманаттар ең басты байлығымыз – ел бірлігі болуы керек» екенін Елбасы да орайы келгенде әрдайым айтып отырады. Құран Кәрімнің «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Ей, адамзат! Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлыларың – тақуа болғандарың. Шын мәнінде Алла барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар» делінген. Еліміздегі сан ұлт өкілдері тегі бөлек болғанмен тілегі бір, қаны бөлек болғанмен жаны бір тұтас халыққа айналдық. Олардың қазақ халқын құрметтеуі тегін емес, тағдыр тауқыметімен Қазақстанға келгенде аталарымыз олармен бір үзім нанды бөліп жегенін тарихымыз айғақтайды. Көпшілік қызыға қарайтын қонақжайлылық мінез халқымызға тән қасиет. Соның арқасында қиын күндерден қысылмай шыққан отбасылар бүгін үлкен бір әулетке, қара шаңыраққа айналды. Түрлі ұлт баласының бір атадан туғандай өзара сыйласуы, шынымен де жүрегімізге қуаныш ұялататын үлкен бақыт. Осындай өзгелермен жасап отырған қарым-қатынасты қадірлеп, өзара ұлтымыздың бойына біткен сабырлылық пен тыныштықты тұрақты ұстау бүгінгі қоғамда өмір сүріп отырған бізге аманат. Бүтін әлем бір ауыл деп қарайтын болсақ, әлемде орын алып отырған кейбір келеңсіздіктерді көріп-біліп отырған тұста, еліміздегі тыныштықты бағаламау күнә болар еді. Елбасымыздың тікелей қолдауымен салынған мыңдаған мешіттеріміз – Аллаға құлшылық жасайтын орын. Сол себепті біздің де дұға-тілегіміздің дені еліміздің тыныштығына бағышталады. Асыл дініміз Исламда да отансүйгіштікке, туған еліңді қадірлеуге айрықша мән берілген. Ислам діні ел тыныштығын сақтап, береке-бірлігін нығайтуды қуаттайды. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың бұл жөнінде хадистері аз емес. Бірлігі мықты елдің ырысы ортаймайды. «Бес саусақ бірікпей, ине қолға ілікпейді» деген екен ата-бабаларымыз. Ұрпағы дәстүрін сыйлап, тілі мен дінін құрмет тұтса, ынтымағы жарасқан елге айналамыз. Отанымыз – біздің алтын шаңырағымыз. Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге бейбітсүйерлігімен мойындата білген. Сонымен қатар, Қазақстан жаһандық татулықты сақтау мен нығайту ісіне атсалысуда. «Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында, халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді. Араб тілінен алынған «Ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік діні» дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәләм» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттап қоймай, бүкіл әлемді татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Алла тағаланың 99 көркем есімінің бірі де – «әс-Сәләм». «Есендік беруші» деген мағыналарды қамтиды. Олай болса, Алланың ақиқи діні – Ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Тіпті, соңғы елшісі Мұхаммед (с.ғ.с.) барша үмметін бақытты өмір сүруге үндеді. Құран мұны былайша қуаттайды: «Расында, Біз сені әлемдерге рақым шуағы етіп қана жібердік» делінген («Әнбия» сүресі, 107-аят). Мұсылман баласының бір-бірін көргенде қол алып, құшақ жая сәлемдесуінің өзі бауырластықты, бейбітшілікті меңзейді. Ал мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің іс-әрекетімен, пайым-парасатымен, көркем әдебімен, сабыр мен салмақтылығымен, шүкірімен көрсете түседі. Міне, сонау ықылым заманнан мұсылманшылықты ту еткен халқымыз өмір болмысында татулыққа бекем болған. Дініне берік болып, өзара бөлінбеген, бірігіп ел бола білген. Өкініштісі, қазіргі кезеңде ел ынтымағын бейбіт діннің атын жамыла отырып ыдыратқысы келетіндер де аз емес. Тіпті, үй ішінен үй тігіп, ынтымағы жарасқан мұсылмандардың және жалпы халықтың арасына іріткі салып, бәзбір діни ағымдарды дін етіп көрсеткісі келетіндердің немесе дау тудырып дүрбелең жасағысы келетіндердің жымысқы әрекеті қоғамның бірлігіне әжептәуір зиянын тигізеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз хадисінде: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке-дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың дәл ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» дейді. Ал, Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» делінген («Мәйдә» сүресі, 64-аят). Тағы бір хадисте: «Кімде-кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе, әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі» дейді. Шындығында, Ислам – жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның, қала берді бүкіл ғаламның бақыты мен бейбітшілігін қалайтын дін. Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-анаға бойсұнып, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты нығайту дініміздің нақ әмірі. Ал оны орындаған кісі кіші отаны болған отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы – Отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат. Елбасы Қазақстан халқына арнаған кезекті бір Жолдауында: «Мәңгілік Ел – ата-бабамыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екенін барлығымыз білеміз. Ол арман әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын тәуелсіз мемлекет атану еді… Біз бұл армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргесін қаладық… Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары, «Қазақстан-2050» Стратегиясының түпқазығы етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру аса қиын екенін барлығымыз білеміз. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан кешкен тарихи шындығы. Өзара алауыздықпен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жібергенін де білеміз. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама? Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуіміз керек», – деген еді. Исламға негізделген қазақы болмысымыз да, дәстүріміз де, мәдениетіміз де ынтымақ пен бірлікті қашан да жоғары қояды. Ынтымақ пен бірлік – бақыттың бастауы. Бірлігі жарасқан елдің берекесі артатыны әмбеге аян. Ата-баба арманы болған Мәңгілік Елге айналу ісін жүзеге асыруды мақсат еткен Елбасымыз: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» деп болашақтың бағытын да айқындап берді. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы – қазақ халқын Мәңгілік Елге айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі, ол келер ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Елдің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтап, көптеген қол жеткізген табыстарымыз бен жетістіктерімізге шүкір етіп, береке мен ауызбірлігімізге сызат түсіріп алудан сақ болайық!

Өмірзақ Бекқожа,
Қарағанды облысының
бас имамы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 185
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px