Бірлік – қоғамның басты күші - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Бірлік – қоғамның басты күші
Дана халқымызда «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген аталы сөз бар. Бүгінде еліміз ырысы мен ынтымағы, бірлігі жарасқан мемлекет болып орнықты. Қазақ халқында бағзы замандардан бері ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан «Жерұйық» ұғымы қалыптас­қан. Ұлт дүниетанымында қанық бояумен жазылған аталған ұғымның мән-мағынасына бойлау үшін Ұлы Даланың тарихына көз жүгіртіп, жүгірген аңның тұяғы тозып, ұшқан құстың қанаты талатын алып даланы бүгінге аманаттаған ата-бабамыздың өткеніне үңілу қажет.
Ықылым заманда желмаясына мініп, Жиделі-Байсын жерін іздеген Асан Қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына, мұрат-мақсатына ұласты. Бабаларымыз құтты қонысты көксеп, төрт құбыласы тең, қазығы берік, мамыражай тіршілігі бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін Мәңгілік Ел болуды мұрат етті. Қайнар бастауын ізгіліктен, бейбітшіл көзқарастан, кіндік қаны тамған жерге адалдықтан алып жатқан ұлы мұрат, қазақ халқы басынан қаншама қилы заман кешсе де атадан – балаға, ұрпақтан – ұрпаққа бұлжымас аманат болып келеді. Бүгінгі Қазақстан – осы сан ғасырлық мемлекеттілік қағидаттары мен елдік ұстанымдардың заңды мұрагері.
Әлбетте, бүгінгі жетістіктер елімізге өздігінен келе қалған жоқ. Саяси күрделі кезеңде  халықтың басын біріктіретін, этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан қоғамның барлық өкілін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйым құру тарихи қажеттілік еді.
1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бергі жиырма жылдың ішінде Ассамблея қоғамдық маңызды саяси іс-шаралардың бел ортасынан көрініп, қоғамдық маңызды істердің қозғаушы күшіне айнала білді.
Осы жылдар аралығында Ассамблея қабырғасында елдің даму жолын айқындайтын Ассамблеяның даму Стратегиясы, Қазақстан Республикасының тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Қоғамның идеялық ұйысуы – Қазақстанның дамуының басты шарты» тұжырымдамасы, Қазақстанның Ел бірлігі доктринасы, қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту тұжырымдамасы сынды іргелі құжаттар қабылданды.
Ассамблея аясында жүзеге асқан игі істердің бірі – республика көлемінде "Достық үйлерінің" бой көтеруі. Қазыналы Қарағанды өңірінде де "Достық үйі" өткен жылдың 21 желтоқсанында салтанатпен ашылды. Достық шаңырағында 23 облыстық этномәдени бірлестіктер өз мақсат-міндеттерін мүлтіксіз орындап келеді. Осы уақыт аралығанда облыстық ҚХА шеңберінде "Достық үйі" қабырғасында қайырымдылық акцияларын өткізу дәстүрге айналып келеді.
Облыстық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі өңірлерді кеңінен қамтып, өздеріне жүктелген қызметін қарқынды орындап келеді. Үстіміздегі жылдың 15 сәуірінде Жезқазған қаласында ұйымдастырылған Аналар кеңесінің көшпелі мәжілісі осы сөзімізге айқын айғақ бола алады.
Облыстық Ассамблеяның қызметі – сан қырлы. Жыл сайын қазақстандық бірегейлікті нығайтуға, Қазақстан халқының мәдениеті мен өнерін дамытудың жаңа бағыттары жан-жақты қарастырылады. Ассамблея жанынан құрылған ғылыми-сарапшылық тобы алдыңғы қатарлы әлеуметтанушы, тарихшы, саясаттанушы ғалымдардың басын қосып, осы саладағы зерттеу жұмыстарын бір арнаға тоғыстырса, биылдан бастап жаңадан іске қосылған Медиация орталығы да өзінің жұмысын бастап та кетті.
Әлбетте, біздің елдегі бірлік пен қоғамдық келісімнің бастауы – Қазақстан халқының ортақ тарихы. Ғасырлар бойы тағдыр талайына ұшыраған халықтарды құшағына сыйдыра білген қасиетті Ұлы Дала көптеген ұлыс пен ұлттың құтты қонысына айнала білді. Қазақстан, ең алдымен, елімізді мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қарастырып, тең мүмкіндіктер бере білді. Этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды.  
Қорыта айтқанда, «Бақ та, тақ та таласқанға бұйырмайды, халықтық істе жарасқанға бұйырады» деген дана бабаларымыз. Сондықтан да, елдің ертеңі, ұрпақтың болашағы үшін атқаратын игі істеріміз көп болғай. Бірлігіміз бекем болса, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, мемлекетіміз мәңгі болары күмәнсіз.
Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қазақстан халқы Ассамблеясы  облыстық хатшылығының басшысы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 179
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px