БІРЛІК пен БЕРЕКЕНІҢ МЕРЕКЕСІ - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

БІРЛІК пен БЕРЕКЕНІҢ МЕРЕКЕСІ
Наурыз мейрамын Сәтбаев қаласының тұрғындары мен қонақтары ерекше сән салтанатпен тойлап өтті. Әрбір ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі, мәдениеті болғанымен, жыл басы әз Наурыз баршаны біріктірген ортақ мерекеге айналды. Кеншілер қаласының көп ұлтты халқы бұл күні бір шаңыраққа топтасып, Ұлыстың Ұлы күнін достық пейілмен қарсы алды.
Ұлы Даланың ұлық мерекесі әз Наурызды сәтбаевтықтар ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып ұйымдастырды. Орталық алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қала жұртшылығы жетi түрлi дәмнен жасалған наурыз көжеден дәм татты. Төс қағыстырып, амандық сұрасты. «Лайықты еңбек» фирмасы қырық шақты мүгедек балаға дастархан жайды. Үйінен шыға алмайтын елуден астам мүгедек бала демеушілерден сый-сияпат алды.
Той қызығы қалалық мекеме, ұжымдардың шеруімен басталып, сахнадағы театрландырылған көрініске ұласты. Кеншілер қала­сының өнерлі өрендері мазмұны мен мағынасы бай қойылым жасап, тойшыл қауымның бойында ұлттық рухты оятатын ұтқыр әрекет жасай білді. Салтанатта жұртшылықты қала әкімі Асқар Ыдырысов құттықтады. «Нұрлы шуағымен тіршілікке нәр беріп, сұлу шырайымен адам жанын баурап, ізгілік пен шапағат, мейірім мен махаббат дәнін сеуіп көктемнің көркем мерекесі – әз Наурыз келді. Бұл – адамдар арасында бауырмалдық, татулық, достық сезімдер селкеусіз салтанат құратын күн. Кірбіңсіз ақ көңілмен қол алысып, төс түйістіріп, өкпе-ренішті ұмытып, бір-бірімізге ең ізгі тілегімізді арнаймыз. Наурыз шапағаты әр үйге бақ-береке, ырыс-ынтымақ болып енсін! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!»- деді ол риясыз көңілмен. «Қазақмыс» корпорациясы» кен өндірісі кешенінің бас директоры Саят Бәкіров те ағынан ақтарылып, ерлікке тең еңбегі үшін кеншілер қауымына алғыс айтты. Ұлыстың ұлы күні ырыс пен ынтымақ тіледі. Мереке қызығы салтанатты сахнадағы керемет көрініспен сәтімен жалғасты. Екі «ауылға» бөлінген, қос «ақсақал» бас болған қала өнерпаздары ұлт­тық мейрамның мерейін шығаратын өнегелі бағдарламаны жиналған жұртшылықтың назарына ұсынды.
Иә, бұл күні кеншілер қаласында той қызығы күні бойы үзілген жоқ. Алтыбақан теуіп, ән салды. Спорттық ойындарды тамашалады. Сән-салтанаты келіскен киіз үйлерді аралап, тамашалады, той дәмінен ауыз тиді. Айтпақшы, дәстүрлі «Үздік киіз үй» байқауы да өткізіліп, ең таңдаулы дегендері арнайы диплом мен ақшалай сыйлық алды. Байқауға қала әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы» демеуші болды.
  Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.

СӘТБАЕВ қаласы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 212
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px