Дала дәстүрін дәріптеген - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 09.12.2016

 

ҚР Мәдениет және спорт минис­трлігі мен Ұлытау ауданы әкімдігінің қолдауы, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы және «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен жыл сайын мамырдың басында «Терісаққан көктемі» этнофестивалін өткізу дәстүрге айналды. Қасиетті өңірде туристік кластерді дамыту мақсатында қолға алынып, ұлттық дәстүрлерімізді дәріптеген этнофестиваль Терісаққан ауылында биыл бесінші рет өткізіліп отыр.

 

Еуразия даласының бір қиырындағы Терісаққан ауылы тұрғындары бие байлау мен қымыз мұрындық беру салтын мұқият сақтаумен қатар, оны жыл сайын 2 мамыр күні өткізіп, ел назарын аударуда. Кейінгі уақытта қазақ халқының ежелден сақталған бұл игі дәстүріне ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраларды қорғау жөніндегі комиссиясының өкілдері де айрықша мән беріп, қатысып жүр. Сондай-ақ, биылғы  этнофестивальға Польша, Ресей, Украина, Қырғызстан этнографтары, журналистер, «Ұлытау мұрасы» республикалық экспедициясының мүшелері мен Қазақстан ұлттық география қоғамының облыстағы өкілдері қатысты. Қатысушылар ауыл тұрғындарының күбі ыстау, бие байлау рәсімдерін, «Қымыз мұрындық» беру дәстүрін тамашалады. Этнофестиваль бағдарламасы аясында қазақ халқына тән ши тоқу, киіз басу, бау тоқу, арқан есу, май шайқау сияқты тұрмыстық салттары бойынша шеберлік сыныптары көрсетілді. Сонымен қатар, «Асық ату», «Садақ ату», «Найза лақтыру» секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылып, көшпелілердің дәстүрлі тағамы саналатын кептірілген ірімшік пен құрттың және ат әбзелдері мен көнеден қалған көшпелілер ыдыстарының көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Алыстан келген қонақтар асауды үйрету мен жылқыны жығу рәсімдерін де қызыға тамашаласты. «Ат құлағында» ойнап өскен ауыл жігіттерінің ептіліктері мен мықтылықтарына риза болысты. Терісаққанмен бірге оған іргелес Шеңбер, Аманкелді, Қаракеңгір ауылдары да киіз үй тігіп, жарастықты этноқалашық орнады.

Этнофестиваль шаралары одан әрі ауылдың бас алаңындағы көркемөнерпаздар мүшелерінің қатысуымен өткен «Шақырады көктем», «Ауыл кеші көңілді» концерттік бағдарламаларына ұласты. Осыдан төрт-бес жылдай бұрын Берік Әбдіғалиұлы бастаған ұлт мүддесіне жанашыр азаматтардың қолға алуымен ұлт-азаттық қозғалысының қаһарманы, қазақтың соңғы ханы Кенесарының айтулы қолбасшысы болған Жанайдар батырдың ескерткіші орнатылған еді. Енді, сол жерде саябақ қанатын жаятын болды. Фестиваль қонақтары «Жанайдар батыр саябағының» салтанатты ашылу рәсіміне  қатысып, ағаш отырғызды.

 

ҰЛЫТАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 156
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px