Дарынды жастар – ел келешегі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Дарынды жастар – ел келешегі
Жақында Саран қаласының Балалар мен жастар орталығында қалалық  ішкі саясат бөлімі және «Жас тілші» баспасөз орталығының ұйымдастыруымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, сондай-ақ, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 85 жылдық мерейтойына орай, «Жалынды жастар – Қазақстанның жарқын болашағы» тақырыбында жас журналистердің фестивалі өтті. Іс-шараның  мақсаты – оқушылар мен жастардың шығармашылық жұмыстарын қолдау және ынталандыру.
Фестивальге қаладағы барлық мектептердің дарынды оқушылары және мектепішілік баспасөз орталықтарының мүшелері қатысып, өз бақтарын сынады. Сараптама жасау үшін алдын ала жолданған шығармашылық жұмыстар 4 аталым бойынша қарастырылды. Олар – «Мектеп баспасөз орталықтарының көрмесі» байқауы, «Саран – жас  тілші көзімен» бейнероликтер сынағы, «Мәңгілік Елге – мың тағзым» тақырыбын қамтитын мақалалар мен сол бағыттағы арнау өлеңдер конкурсы.
Құзырлы қазылар алқасының құрамында мәдениет, әдебиет және білім беру салаларының таным-өресі жоғары білікті мамандары болды. Олар үшін бірінен-бірі өтетін шығармаларды сараптап, тұжырымды түйін жасау жеңілге түспегені анық. Десек те, байқаудың аты – байқау, сынның аты – сын. Фестиаль қорытындысында бәсекелестерінен оза шапқандардың аты аталып, түсі түстелді.  «Орыс тіліндегі үздік арнау өлең»  аталымында №17 орта мептептің оқушысы  В.Диденко басқалардан  қара үзсе, «Үздік шығарма»  аталымы  бойынша  К.Аверья­нованың бабы мен бағы келіскені анықталды. Ал, қазақ тілінде «Үздік өлең» аталымында №4 орта мектептің оқушысы А.Қанапиянованың мерейі өсті. «Үздік шығармада» А.Сағатова ұсынған туындының туы желбіресе, «Үздік бейнеролик» аталымы бойынша №2 орта мектебі ат оздырды. «Мектеп баспасөз орталықтарының көрмесі»  байқауында  №17 орта мектебі басқаларға шаң қаптырды.
Иә, дарынды жастар – ел келешегі. Олардың қабілетін ұштап, шығармашылығын шыңдау – қоғамның қастерлі міндеті. Осы тұрғыда аталған фестивальдің айтарлықтай маңызды иеленгені күмәнсіз.
Ақбота БЕКТЕМБЕКОВА,
А.Құнанбаев атындағы гуманитарлық-техникалық колледждің студенті,  «Жас тілші» баспасөз орталығының мүшесі.
САРАН қаласы.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 172
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px