Дін індеті алаңдатады - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016

Дін індеті алаңдатады
Қарағанды облысы конфессияаралық проблемаларды зерттеу және талдау орталығының мұрындық болуымен қаламыздың кәсіподақтар үйінде ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелеріне арналған «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларының әдістері мен нысандары» тақырыбында семинар өтті. Оның жұмысына дін сарапшылары, діни ұйымдардың өкілдері, ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, БАҚ өкілдері қатысты. Оны осы орталықтың директоры Төлеу МҰХТАР қысқаша кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.
Төрехан МАЙБАС,
«Орталық Қазақстан»

Еліміздің ресми идеологиясы дінге бейтарап қарағанымен, діншіл де, дінге қарсы да сипатқа ие емес. Өйткені, еліміз зайырлы мемлекет болып табылады. Біздегі діннің қазіргі жағдайы авторитарлық, тоталитарлық және теократиялық басқару жүйесі бар мемлекеттерден түбірімен ерекшеленеді. Конфессияаралық бейбітшілік пен келісім көпұлтты, көптілді және көпконфессиялы еліміз үшін мейлінше күрделі мәселе.
Соған қарамастан, еліміз бүкіләлемдік діни-рухани форумның орталығы ретінде танылып отыр. Қазақстанда әлемдік және дәстүрлі діндердің басшылары анағұрлым маңызды, осы заманғы өзекті әлемдік діни, саяси, өркениетаралық мәселелерді шешеді. Әлемдік және дәстүрлі діндердің басшыларының осы бір кездесуінде конфессияаралық келісім мен диалогтың негізгі принциптері айқындалды. Олар: толеранттық, өзара құрмет көрсету мен түсінісу, ұлтаралық келісім мен діни төзімділік. Бұл туралы Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан діни наным бостандығын қамтамасыз етті, конфессияаралық диалог пен діни құқықтық саясатты жүйелі түрде жүргізіп келеді. Бізде әртүрлі конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруі қамтамасыз етілген»  деді. Сөз жоқ, дін біріктірудің, интеграциялық процестердің күшті факторы бола алады. Ол үшін діндерден қайшылықтарды емес, керісінше ортақ белгілер мен ұқсас принциптері, ортақ негіздер мен ортақ құндылықтарды, біріктіруші бастаманы іздеуіміз керек.
Еліміз діни толеранттылық пен конфессияаралық келісім ісінде терең тамырларын тауып отыр. Қазақстан көне заманнан бері қарай сан алуан мәдениеттер мен діндердің тоғысу мекені болған. Бүгінгі ел аумағында сандаған ғасырлар бойы тәңіршілдік, зороастризм, манихейлік, буддизм, христиандық, ислам сынды әртүрлі нанымдар бейбіт қатар өмір сүрген. Мұны қалайша толеранттылық иен конфессияаралық келісімнің үлгісі демеске?!. Елбасымыз «Біз әлемге өзіміздің толеранттылығымызбен, ұлттық конфессияаралық келісім мен диалогты сақтауымызбен танылдық. Біздің еліміздің өскелең дүниетанымдық әлеуеті бұдан ары қарай да сақталуға, дамуға тиіс» деп мәлімдеді.
Бұл бағытта қол жеткізген белгілі табыстарымызға қарамастан, әлі де болса шешілмеген, жедел шешуді қажет ететін мәселелер баршылық. Әсіресе, қазір дүние жүзіне діни төзімсіздік, діни экстремизм және терроризм қауіп төндіріп тұр. Әрі-беріден кейін, әлемдік діни індетке айналып үлгерді. Онымен күрес ғаламдық сипат алып отыр.
Бұл аядағы еліміздің міндеті қалай дегенде жалпы адамзаттық, гуманистік және толеранттылық құндылықтарды, конфессияаралық келісім, диалогты ғасырлар бойы әлемдік және дәстүрлі діндердің енгізген принциптері мен қағидаларын қазіргі жалпы әлемдік, адамзаттық өркениеттегі бейбітшілікті сақтап қалу үшін және әртүрлі саяси құрылымдарды, сан алуан этностар мен конфессиялардан тұратын көптеген мемлекеттердің бейбіт қатар өмір сүруі үшін белсенді пайдалануға саяды дейміз.
Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда еліміз бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соған қарамастан әлемде болып жатқан діни қақтығыстар мен соғыстардан, діни дүрдараздықтардан отандастарымызды жиі көреміз. Тіпті, отбасы болып кетіп қолдарына қару алған жамағаттарымыз баршылық. Және олар өз істерін әділ деп бағалайды.
Семинарда осы және басқа да мәселелер қаузалды. «Қостанай облыстық психологтар қауымдастығы» орталығы филиалының өкілі  Юлия Калюжная нақ осы мәселені ортаға салды. Оның айтуынша діни іріткі салу алыстан келмейді. Украинадағы жағдайда да діни экстремизм іздері бар. Ол қауіпті елімізден алыс тұр деуге болмайды. Мәселен, «Благодать-Рақым» деген діни ұйымы бар. Ресейде әрекет ететін бұл ұйым Қазақстанда 126 құлшылық үйін ашып үлгеріпті. Олардың алдағы жоспары бір миллион жанды өз жақтарына шығармақ. Анау-мынау емес қазақ жерінде он мың шіркеу тұрғызбақшы. Олар басқаны қойып мұсылмандарды қатарына тартпақшы. Христиан дінін қабылдамаған жағдайда оларды мұсылман деп кемсітеді. Яғни, мұсылман дінін күстаналайды. Ал «Сенім сөзі» ұйымының серкесі швед Ульф Экман біздің елімізге келетініне сенімді. Ол былай дейді: «Это будет захват, это будет битва силы тьмы». Міне, әңгіме қайда? Олардың ойынша біздер кәпір, дінсіздер екенбіз. АҚШ-тық евангалия діни уағызшы Кеннет Коупленд «Көк есепшоты» деген шот ашқан. Ол не үшін керек дейсіз. Біздерді «сауаттандыру» үшін, дінге кіргізу үшін. «Жаңа ұрпақ» шіркеуінің көсемі Алексей Ледяевтің асқаны соншалық, «бізде фабрик-зауыт жоқ, бізде адам бар» деп ашық мәлімдеді. Оның уағызынша біздер «отандық дінді» ұстанады екенбіз. Ал оның не протестантық, не мұсылмандық, не басқадай сипаты анық емес. Өзіміздің «Жаңа өмір» діни ұйымының серкесі Максим Максимов та олардан қалысар емес. Ол да ақша табудың жолын тапқан. Оның ұйымына 5 доллар төлеп кірсең дос екенсің, ал 36 доллар төлесең анау-мынау емес, періштесің. Бұлар да «Исаны мойындамасаң мұсылман бол» деп отыр. Оның астарында мұсылман дінін кемсіту пиғылы жатыр.
Юлия Амантаевна осы жерде отандастарымыздың еріксіз осындай психологиялық арбауға ұшырап жатқандығын айтады.
«Нұрлы Білім» қоғамдық ұйымының өкілі Рүстем Сыздықовтың да әңгімелері көпшілік көңілінен шықты. Ол діни  күрмеулі мәселелердің шешімін діннің аясында қарастыруды ұсынды. Мәселен, қазір діни әдебиеттер жеткілікті. Оның ішінде «Құран Кәрім» сөрелерде қайысып тұр. Аудармалары әртүрлі. Қайсысы дұрыс. Әрине, Халифа Алтайдікі. Ал ол автордың насихаты бізде жеткіліксіз. Басқа жақты қойғанда өз уағызшыларымыз жетерлік. Олар қолыңа қару алып, Сирияға бар деп тұрған жоқ. Алайда, олардың сөздерінің астарында осындай емеурін жатыр. Яғни, осындай көзге көрінбейтін майдан жүріп жатыр. Бұл елдің іргесін сөгетін майдан. Сондықтан, онымен бүкілхалық болып күресу маңызды.
Халқымыздың дені мұсылман болып саналатын отанымыздың ендігі тағдырына исламның әсері арта беретін болады. Елімізде ислам дінін ұстанушылардың көбейе бастауы бұл діннің принциптеріне ерекше назар аударып, жан-жақты талқылау қажеттігін тудырып отыр.
Экстремизмге қарсы күрестің бірден-бір жолы – дер уақытында шынайы мәлімет беру. Секталардың, экстремистік топтардың қаупі туралы жастарға ашық айту, экстремистік топтарды, тоталитарлық секталарды қалай білуге болатынын түсіндіріп, олардан қалай сақтану жолын көрсетіп отыру.
Ол үшін баланың жүріс-тұрысын қадағалау – маңызды. Оның бүгінгі пайдаланып отырған заманауи планшет, компьютер, қолтелефон, ұялы телефон сынды қондырғылардың бәрінде әлгіндей қауіп бар.
Семинарды қорытындылаған Төлеу Қайратұлы конфессияаралық бейбітшілік пен келісімнің нығаюы үшін, діннің біріктіруші, рухани тұрғыдан құрушы фактор есебінде рөлінің күшеюі үшін діни мәдениет пен діни сананы қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 171
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px