Достық күші – бірлікте - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Достық күші – бірлікте
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»

Өзге ұлтқа құшағын ашып, төрiнен орын берген қазақтың салт-санасы, әдет-ғұрпын дәріптеген шара – №41 қазақ орта мектебінің мектеп оқушылары арасында «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты достық фестивалінен көрініс тапты.

Мектеп директоры Жадыра Баймолдина өзінің құттықтау сөзінде «Қазақстан қанатын кең жайған алтын күн төсiнде қалықтап ұшқан қыран секiлдi өзiнiң қонақжай, кеңпейiлдiгiнiң арқасында өзге ұлт өкiлдерiн қанатының астына, көк тудың аясына жинап отыр.
Елімізде тұратын халықтардың тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын, дәстүр-тарихын сыйлап, халықтар достығын дәріптеу басты борышымыз» екенін атап өтті. Игі тілекпен қатар «Нұрай» би тобының қазақша биі кешті ажарландырды.
Салтанатты шара барысында оқушылар еліміздің бейбітшілік пен келісімді дәріптеген шынайы біртұтас халыққа айналғанын тілге тиек етті. Қазіргі таңда Ассамблеяның 365 мүшесі, 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктер және 500-ге жуық кіші ассамблея мүшелерінің бастарын біріктіргенін айтты. Елбасының қоғамдағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қатынастарды реттеудің тиімді тетіктерін жасай білгенін атап өтті.
Шараның ретіне орай мектеп оқушысы Томирис Есенғалиева орындаған  «Қазақ елі»  әніне қоса қазақ, өзбек, орыс, грузин, украин, қырғыз, ағылшын, кәріс, тәжік, татар, испан, әзірбайжан, түркі халықтарының киімін киген оқушылар ортаға шақырылды. «Бейбітшілік сақталады» әнін орындап, ынтымақтастықтың ұзағынан болуын тіледі. Фестиваль – көп ұлт мекен еткен қазақ жерінде дүниеге келген әрбір сәбидің бойында «Туған жер – Отаным» деген қасиетті ұранның санасына сіңіруіне себепші болды.
Жанат  ТЛЕУБАЕВ, №41 қазақ орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
– Еліміз жылда мамыр айында халықтар достығы мен бірлігі күнін атап өтеді. Біздің мемлекет бейбітшілікті жақтаушы, достықты жырлаушы, тыныштықты сақтаушы ел. Қазіргі таңда елімізде әртүрлі ұлттар тату-тәтті өмір сүруде. «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» дегенді оқушылар санасына жіті ұғындыру мақсатында «Қазақстан – ортақ үйіміз» атты достық фестивалін өткіздік. Барлық мектеп ұстаздары, оқушылары атсалысқан сайыста жоғары сыныптар бойынша  бас жүлдені – 8 «А»,«Ә» сыныптары еншілесе, орта буын бойынша бірінші орынды 6 «А» сыныбы, бастауыш сыныптар бойынша бас жүлдені 1 «Ә» сыныбы иеленді. Осындай шаралар мектеп ұжымының ұйымшылдығын арттырып қоймай, оқушы дүниетанымын кеңейтуге мүмкіндік берді.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 176
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px