Едірей етегінен ескен жыр - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 05.12.2016

Едірей етегінен ескен жыр
Әдебиеттің дәл бүгінгідей, жұртының  өгей баласындай күй кешіп жүрген күнінде бұл есімді біреу біліп, біреу білмеуі әбден мүмкін жағдай. Біз ақын есімін  Қадыр Мырзаәлі, Тұманбай Молдағалиев, Еркеш Ибраһим, Сағи Жиенбаев, Жақан Смақов сияқты қазақтың  аса көрнекті ақындарымен қатар біліп өстік.
Сонау 1988 жылы жолдамамен Егіндібұлақ ауданына жоғары оқу орнын бітіріп келгенімізде, алдымыздан Кәрімдей танымал ақын шыға келер деп кім ойлапты?!
Ақын туған елін шексіз сүйді, оның текті перзенттерін қадір тұтты. Қаз дауысты Қазыбек би бабасын, Мәдидей ел ұланын аузына алса, тұлғасы көз алдында тау көтерген Толағайдай алыпқа айналып аспандап кетеді екен. «Қаздауысты Қазыбек ұрпағымын, Бабам Мәди – пір тұтқан жыр қадірін. Алшынбайдың ауылы – менің аулым, Тал бесігім, Туған жер шырқар әнім. Құнанбаймен құдамын, Абай жездем, Қайынсақ боп даламды талай кезген. Тектілерден тұрады менің елім, Тілеп жүрем сақта деп құдай көзден».  Жүрегінен жарып шыққан осы лебіздері ақынның өзін де ту биіктерге асқақтатқандай еді.  Қадыр ақын Еркеш Ибраһимнің өлең оқығанын алғаш көргенде «нағыз ақынның қандай болу керек екенін енді танығандай болдым» депті. Бұл сөзде қазақ жырының алдаспанындай арынды ақынның өте қарапайым, кішіпейілдігі жатқан жоқ па? Мен де Кәрім ақынның нағыз ақындығын өз көзіммен көріп, құлағыммен есту арқылы танығандай күйге бөленіп едім. Осыдан бастап ақынды жақынырақ тану үшін міндетті түрде жырын өз құлағыңмен естуің керек деген түсінік қалыптасты. Әрине, ақын тірі боп, ортаңда жүрсе... Айтпақшы, осы Егіндібұлақ жерінде қызмет еткен жылдары оның туған елі бұрынғы Айрық, қазіргі Мәди ауылында ақынның 50 жылдығының тойлануына куә болғаным бар. Тек куә болып қана қоймай, мектеп оқушыларына ақынның жырларынан таңдап, жаттатып, мәнерлеп оқуларына атсалысып едім. Той үлкен дүбірмен, халықтың ақынға деген көл-көсір ықыласымен дүркіреп өтті. Той аяқталып, жұрт тарқай бастағанда, ақын өзінің жары Майрамен көңілі көлдей болып оралып келеді екен. Майра жеңгеміз де ақынға ғана  лайық жардай, ақсары келген әдеміше, келбетті кісі, екеуі қос аққудай жарасып, шалқып-тасқан қуанышты кейіпте келеді екен.  Кәрім ақынның осы сәттегі жас балаша жарқылдаған келбетін, еліне разы, тасыған кейпін көру де бір ғанибет екен. Ақынға көп нәрсе де керек емес, елінің азғантай ықыласы, оларды шығанға шығарады ғой.
Әредікте жыр кітаптары қолымызға тиетін. Радиодан Ілия Жақановтың  әндері жиі шырқалып жататын. «Мен Балқанда, сен мұнда ара қашық, Сағынышым күн сайын барады асып. Өткен күндер барады тым алыстап,  Сағым қуған жылдармен араласып...» Қандай сырлы өлеңдер. Бала кезде ән авторларына көңіл қоя бермейміз. Кейін осы әннің сөздерін жазған Кәрім ағамыз екенін білгенде қатты таңдандым. Соншалықты жанға жақын, сыршыл әрі құлаққа жағымды әуенді өлеңдердің ол кісінікі  болып шыққанына қуанғандай едім.  Осы І.Жақанов ақынның төрт өлеңіне ән шығарған екен. Ілия Жақановты ән сөзіне қатты мән беретін  талғампаз сазгер  ретінде жақсы білеміз. Екеуінің ағалы-інілідей сырлас достығының куәсіндей бұл әндер ешқашан өлмей, елмен бірге жасап, шырқалып, Кәрім ақынның атағын аспандата берері сөзсіз.
Осы «Орталық Қазақстан» газетінде ақынның досы Т.Бейсембектің жетісулық композитор М.Егінбаевтың  К.Сауғабай сөзін жазған «Домбыра» өлеңіне ән шығарғанын да оқығанбыз. Әнге сұранып тұрған ақын өлеңдерінің композитор жүрегін толқытқаны болар.
Бәріміз де ауылдың қара шалдарын көріп, өнеге алып өстік. Бірақ, Кәрімдей ақынның оларды тануы, бағалауы бөлектеу  екен. «Шежіре толы бар маңы, Уыздай әппақ таңдары. Сендерді көрсем деп келем, Ауылдың қара шалдары, Ағыл да тегіл жандары, Жандары – мейірім, мәнді әрі, Азайып қалды, шіркін-ай, Ауылдың қара шалдары. Өмір де өзен –  арналы, Ағады жүйткіп алға әрі... Сендерді жүрем сағынып,  Ауылдың қара шалдары...».  Өлеңді оқып отырып, Кәрімнің қара шалдарын сағынып, мұңға батасың.
Оның өмір және өлең туралы тебіренісін толқымай оқу мүмкін емес. «Асқар таулар ол да бір күн көшеді, Жанған шырақ ол да бір күн сөнеді, Өлең-дағы шырқыраған таусылар, Шалғының-қау, Соққан желмен қау сынар. Жаныңдағы сенгенің де бір күні, Заман теріс айналғанда жау шығар... Мен де өмірге қайта айналып келмеймін, Күнім өтсе... тартылатын көлдеймін. Өлең дағы көнереді дегенмен, Бірақ оның өлеріне сенбеймін...»
Иә, айтса айтқандай ақынның о дүниелік болып, «өмірге қайта айналып келмейтіні» рас, бірақ, оның өмірін жалғастырар сыршыл нәзік өлеңдері халық жадында. Дана Абай айтқандай «өлмейтұғын артына сөз қалдырыпты» есіл ақын. Өлді деуге кімнің аузы барар? Кәрімнің нәзік сыршылдығы әрбір өлеңінен танылады. Осы тұрғыдан оны қазақ поэзиясының батпан жүгін көтеріп тұрған Тұманбай, Сағи, Еркеш тектес лириктердің қатарына қосар едім.
Кәрімнің басына бұлт оралғаны рас. Бұл туралы ақынды жақсы білетін замандастары, сырлас достары М.Омарбеков, С.Алпысұлы, А.Сүлейменов, жерлес қарындасы Ж.Тойбек  жақсы жазған. Сондықтан оларды қайталап жатпайық. Бірақ, Кәрімнің жап-жас албырт студент кезінің өзінде шындық үшін шырқырағаны, одан кейін де әділет үшін өлеңімен де, өмірімен де күрескенін айта кетуге тиіс қана емеспіз, міндеттіміз. Ақын кеңес дәуірінде империялық отаршылдықты батыл сынаған еді. Оның ел мәселесін көтерген ауқымды мақалалары да жиі жарияланатын. Журналистік қызметінде де ұлттық дүниелерге жанашырлық танытқанына ел куә. Бұл тұрғыдан, Кәрім Сауғабайды қайраткер ақын қатарына қосуға әбден болар.
Сөз басында ақынды ең алдымен балалар ақыны ретінде танығанымыз туралы айттық. Бұл тақырыпқа екінің бірі бара бермейді, қазір тіптен жоқтың қасы.
Ақын шеберлігі шыңдала келе  қалың оқырман қауымға “Үшқара оттары”, “Балқантау баурайында” жинақтарымен танылды. Бұл жинақтар көпшіліктің іздеп жүріп оқитын кітаптарына айналып еді. Осы жинаққа енген біраз өлең-жырларға ән шығарылуы осы сөзімізге дәлел.  
Ақын жырларының халықпен бірге жасап келе жатқандығына келтірер тағы бір мысал. Менің 50 жылдық тойымда әнші Қажыбай Жахин келген қонақтарға арнап, өзінің ұстазы «Қайрат Байбосыновтан үйренген әнім еді» деп, “Едірей түні” әнін орындап берді. Келген қонақтардың біразы осы Едірей топырағынан еді, орындаушының беріле орындаған әні олардың көңілін толқытып, елжіретіп жібергендей болды. Қажыбай бауырым да бәйгеге түскен аттай көсіле сілтеп, бір шығандап, шырқады-ай. “Етегі Едірейдің гүл-гүл жайнап, Өзіңдей ән салады-ай, дариға-ай, бұлбұл сайрап. Тұсына ауылыңның келіп тұрмын, Көрсетпей ақбозымды, дариға-ай, талға байлап. Маржандай мөлдіреген ілестіріп, Күлкісін бұлақ жатыр үлестіріп, Етегі Едірейдің тамылжиды-ай, Сен тартқан домбыраның, дариға-ай, үні естіліп. Ауылдың оты жанды жалын атып, Ай туды ақ сәулесін, дариға-ай, жамыратып, Еркесі Едірейдің бірге өскен, Кетсеңші ең болмаса, дариға-ай, бір тіл қатып...” Өкінішке орай, әнді келістіре  салып берген әнші оның аса үйлесім тапқан сазы мен сөзінің авторлары кім екенін айта алмады. Мен бұл әнді әндер жинақтарынан да кездестіре алмадым. Әркімдермен кеңесе отырып, сөзін жазған Кәрім Сауғабай деп ұйғарсақ, әнін жазған Ілия Жақанов деп жорыдық. Біздің бұл болжамымызды ешкім жоққа шығара қоймас. Атақты композитор Кәрімдей іні досымен бұл елде талай болып,  Едірей тауларын шарлағандығы туралы айтылар естеліктер көп. Жүрек тебірентер бұл ән сол әсері мол сапарлардың нәтижесі болса керек. Ал Қайрат әнші болса, Ілекеңе дос-жар адам, ол кісіден үйреніп халық арасына жайған сияқты.
Биыл ақынның туғанына 75 жыл, аруағы разы болсын деп осы естелікті лебіз қылып арнадық.

Дәулет ӘМІРҰЛЫ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 591
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1089
count 88x31px