Егемен елдің ертеңі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 03.12.2016

Егемен елдің ертеңі
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»

Егемен елдің ертеңі – бүгінгі ұрпақ. Алаш Тәуелсіздігінің шайқалмас тірегі, мызғымас қалқаны. Мәңгілікке бағдарланған жасампаз мұратты іске асыру – осылардың еншісіндегі іс.
Арқа төсінде ұрпақ тәрбиесіне айрықша көңіл бөлініп келеді. Сәрсенбі күні аймақ орталығында өткен облыстық «Айбын» әскери-спорттық ойындары – сөзімізге айғақ.
Орталық саябаққа облыстағы өңірлерден келген мектептер оқушы­лары мен колледждер студенттері күн көтеріле жиналды. Осы жерде іс-шара салтанатпен ашылды.
Тұсаукесер рәсімінде биылғы ойындардың Қазақстан Тәуелсіз­дігінің – 25 жылдық, Ұлы Жеңістің – 71 жылдық және Қазақстан Қарулы Күштерінің – 24 жылдық мерейтойларына орайластырылғаны айтылды.
Алдымен сөз кезегін Қарағанды облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы, полковник Ардақ Кукатов алды.
Өз сөзінде полковник қатысушы­ларды құттықтай келе, мұндай іс-шара­лардың маңыздылығына тоқтал­ды. Келешек жастардың қолында екендігін айтқан Ардақ Құлымжанұлы жасөспірімдерге тәлімді тәрбие беру, отансүйгіштікке баулу жұмыстарының ерекше қарқынмен жүргізілуі тиіс­тілігіне тоқталды.
Қарағандыдағы №58 орта мектептің жас барабаншыларының көрсеткен өнерлері қатысушылардың қызу қошеметіне ие болды.
Ардагерлер де бұл шарадан қалыс қалмады. Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Раиса Мещерякова өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері патриоттық әндерді әуелете орындап, жиын сәнін аша түсті.
Салтанаттан кейін жарыс жал­ғасын тапты. Студенттер Қара­ғанды политехникалық колледж­інде күш сынасты.
Барлығы 16 колледж құрамасы өзара сайысқа түсті. Қыз-жігіттерден құралған командалар белтемірге тартылу, қоссырықта көтерілу, пневматикалық мылтық пен автоматтан оқ ату, автоматты бұзып-жинау, 100 метрге жүгіру, әскери-медициналық жәрдем көрсету, арқан тарту сындарында жарысты.  Сайысқа Виктор Гетманский бас төрешілік жасады.
Бәсеке қорытындысында Қара­ғанды политехникалық колледжінің командасы топ жарып келді. Тиісінше, жеңіс тұғырының бірінші сатысына көтерілді. ІІ орынға Қарағанды көлік-технологиялық колледжінің құрамасы ие болды. ІІІ орынды Шахтинск тау-кен-индустриалды колледжі олжалады.
Енді, жеңімпаз команда маусым айында «Спасск» оқу орталығында өтетін республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынында облыс намысын қорғайды. Қарағанды политехникалық колледжінің өрендері осы додаға қапысыз дайындыққа кірісіп кетті.
Сондай-ақ, осы күндері облыстағы мектептер оқушылары арасында «Алау» және «Ұлан» әскери-спорттық ойындары өтті. Мұнда балдырғандар жас ерекшеліктеріне байланысты бәсекеге түсті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер естелік сыйлықтармен марапатталды.

Суреттерді түсірген автор.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 144
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px