Екі ғасырдың куәсі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 04.12.2016


Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ
Екі  ғасырдың  куәсі
Балаларына – аяулы ана, немерелеріне – ғазиз әже, ел-жұртына – ардақты адам болған қазақ қоғамындағы саусақпен санарлықтай сарабдал, саңлақ Роза Балбатырқызының фәниден бақиға аттанғанына бір жылдың жүзі болды. Орны бізге әлі үңірейіп тұр...
Совет Одағы дейтін империяның заманында жарық дүниеге келіп, “адамзат сапарының” (Қасым) бір мейманы болған марқұм анамыз не көрсе де осы Алаш жұртымен бірге көріп, қамшының сабындай қысқа ғұмырында өзінің ар-ұятына қылау түсірмей өтті. Біз де сол заманда туып, ер жеттік, Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен қан кешкен,   қатал уақыт еді. Алаш арыстарының бәрі жаланың құрбаны болған...  Алдымыз – тұман, артымыз – ылаң болатын. Сондай заманда ғұмыр кешті. Барлық өмірін заң үстемдік құратын жөні түзу қоғам құруға арнады. Қазақтың ұлттық заңгерлерінің бірнеше буынын тәрбиелеп шығарды!
Сол заманның небір жақсы-жайсаңымен дәмдес болды. Әлімхан Ермеков, Жайық Бектұров,  Әбілқас Сағынов, Зейнолла Молдахметов, Еркеш Ибраһим сынды ел-жұртымыздың мерейін көтерген тұлғалардың қадір-қасиетіне жетті!
Ол бір үй, бір ғана ағайынның ғана емес, исі қазақтың қызы бола білді!  Роза Балбатырқызы жарық дүниеден қайтқанда Елбасының Сұлтан ағаның қайғысына ортақ болып, тебірене көңіл  айтуы тегін емес еді. Апайдың өзі – кетті... Соңында орнын жоқтап, іздейтін елі қалды...
Ол адамзат қоғамындағы бостандық, теңдік, әділдік дейтін асқақ идеяларды ту қылып ұстаған қоғамда өмір сүріп, көңілі көншіген ұрпақтың соңғы көзі еді! Жер астынан жік шығып, дүние дәл бүгінгідей ұлтқа, руға, діни сектаға, экстремистік топтарға бөлініп,    ырың-жырың болады деп ойлаған жоқ-ты...
Қазақстан егемен ел болғанда алғашқылардың бірі болып қуанған осы буын еді. Жамандықтан көзі ашылмай, ата-баба аруағына тәу етіп, көресінін көрген буын бұл! Апай осы кезде өзінің бойындағы барлық қабілет-дарынын  тәуелсіз Қазақстанның заңгер кадрларын дайындауға арнады. Қашан да елдің етек-жеңін жиып, игілігін еселеуде Сұлтан ағаға серік болып, алдыңғы лекте жүрді.
“Екі жақсы қосылмайды” деген бір қаңқу сөз бар ел ішінде. Біз соның жалғандығына осы кісілерді көріп, көз жеткіздік! Жақсылар – жақсымын деп, айта алмайды екен! Жамандар “жақсымын” деп, айқайлайды екен!
Сіз осы сөздің өз мағынасындағы, қазақтың жақсы-жайсаңы болдыңыз!
Топырағыңыз торқа, алдыңыз – бейіш, артыңыз – кеніш болсын, аяулы Алаш Қызы!

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 316
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1087
count 88x31px