Ер Төстіктің Мәңгілік Елі - Руханият - Басты бет - Орталық Қазақстан

Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 07.12.2016

Ер Төстіктің Мәңгілік Елі
Қазақтың дүниетанымы, философиясы мен этно-мәдени құндылықтары эпикалық мұраларда, әсіресе, ертегілер мен дастандарда сақталған. Әжесінің ертегісіне елтіп, қиял пырағына мініп, өткенге саяхаттайтын балалар заманы өткелі қашан...  Бүгінгі балаға ертегіні СD дискідегі анимациялық фильмдер айтады. Әрине, олар актер дауысымен, ертегі желісін ашатын тиісті  дыбыстармен жазылған, әсерлі. Десек те, ертегіні ішкі дүниесінен өткізіп, өз жанынан қосып,  аймаңдай ботасына  жеткізе айтатын әженің орны бөлек. Қазақ танымының тұңғиығында жатқан  жаратылыс туралы түсінікті беретін, оның өткерген талай қияметін, ақыр аяғында жер бетінен мүлдем жойылып кетпей, барлық қауіп-қатерден аман өтіп, Мәңгілік ел болудың қамын ойлаған халықтың ғажайып мұрасы – «Ер Төстік» ертегісі. Ертегіде қазақ этносының генетикалық коды, жаһандану қатерлеріне төтеп беретін рухани қайнар күш айқын көрсетілген.
«Астана-Бәйтерек» кешенін салу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  Ер Төстіктегі бәйтерек пен самұрық құсты идеяға арқау еткенін білеміз. Осыдан 25 жыл бұрын қазақтың талайлы тағдырында тағы да самұрық құс ұя салатын Бәйтерек бүр жарды, тіршілік тірегі бастау алған кез туды. Ел тарихының жаңа парағын ашқан жарқын келешек пен бақытты өмірдің алтын жұмыртқасын салатын ұямызда Тәуелсіз елдің негізі қаланды.
...Бәйтеректі айналғандай
                       жұмыр жердің бесігі,
Кіндігіңнен ажырасаң
                              ұлы рухтың өшуі.
Ұлы рух – еркіндік пен күш-қуаттан нәр алған мықты, кеңдік пен тәкаппарлықты серік еткен, іргесі берік, шаңырағы биік қазақтың рухы.  Ұлы рухтың тіршілік ортасы –  мыңдаған жылдар қалыптасқан салт-дәстүр, этнографиялық құндылықтар, атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қол-өнер.
Қолөнер... Құндылықты тудыратын өнер. Адамзаттың материалдық құндылықты қалыптастыра бастаған кезеңі энеолитте, б.з.д. 5-3 мыңжылдықтарда басталды. Содан бері қол-өнер дамудың небір сатысынан өтіп, сан жетпес дүниелер пайда болды. Олардың бәрі бірдей құндылық бола бермеді. Тек мыңжылдықтар көшінен өтіп, түрлене отырып, өз мәнін жоғалтпай сақталғаны ғана құндылыққа айналды. Мәңгілікке айналған дүниелер сақталды. Бар өмірі қоршаған ортасы табиғатпен тығыз байланыста болған, төрт түлігін өрбіткен көшпенділер мәдениеті қалыптасты. Ол – Еуразия кеңістігінде еркін көсілген халықтың мұрасы. Сол мұра бүгінгі қазақтың    қолөнерінен көрініс тапты.

***
Жуырда «Ұлттық қолөнер – рухани құндылық» тақырыбында Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және балқыту ісі тарихы мұражайында кезекті «Алтын тамыр» этнографиялық айлығының ашылуы өтті. Аталған тақырыпта ұлттық қолөнердің үлгісін жаңа технологиямен байытқан туындылар көрмесі ашылды. Туындылардың авторлары – бүгінгінің шеберлері, қарапайым адамдар. Көрменің, жалпы айлықтың мақсаты – рухани байлықтың негізін қалайтын материалдық (пұлмен өлшенетін байлық емес) құндылық, келешекке мұра болатын заттай байлықты жеткіншектерге әрі қарай дамыту, сақтау үшін танытып, үйрету болды. Ол үшін Ер Төстік оқиғасын өз идеямызға арқау ете отырып, философиялық танымды қазақтың өрнегі мен оюынан көрсетуді қолға алдық.
Ер Төстік оқиғасы сонау мыңжылдықтарға жетелейді. Шаңыраққа ілінген төстіктен – түндіктен түскен сәуледен жаралған бала:
Тәңірім сонда жарылқап, түндіктен нұрын төгіпті,
Ұлыстың қамын ойлайтын Күн басты ұлан беріпті... - деп петроглифтердегі Күн басты адам мен жаратылыс жайлы түсінікті басшылыққа алдық. Жаңаруға талпынған адамның жарық сәулеге деген ұмтылысын, ізденісін көрсетіп, жартастағы бейнелердегі шынайы өмірдің көрінісін ашуға тырыстық.
Бұл ертегі – бір халықтың
                          тағдырының баяны,
Өліп барып, қайта жанған алауы.
Бар арманын бір аңызға
                                        сыйдырған
Ер Төстіктің оқиғасы –
                      мың жұмбақтың шешуі.
Жұмбақ дүниені адам баласы ежелгі дәуірде қалайша түсініп, ол түсінік бізге қалай жетті? Әрине, тасқа салған таңбамен, бейнелермен. Бәйтеректің айналасындағы жануарлар мен садақшы бейнеленген петроглифтер кейін ою-өрнектерде дамып, сипатталды. Садақ төртқұлақ оюға айналса, ешкі мүйіздері зооморфты қосмүйіз оюға айналды. Қола дәуірінен белгілі меандр өрнегі  үздіксіз өмір бейнесі, ағаш бейнесі өсімдік тектес оюларды тудырды. Бұның бәрі тамырлы ағаш, өсіп-өну, үрім бұтақ пен іргелі елге айналған елдің бейнесі ретінде біртұтас композицияға айналып, ақ матаның бетіне түсірілді. Осы тәсілмен мұражай қорындағы ақ-қара киізден жасалған сырмақ пен түскиізге салынған ою-өрнекті салыстыра көрсету арқылы қолөнердегі үздіксіз кіндік тамырды көрсетуге талпыныс жасалды.
Анасы қызына өрмек тоқуды үйрете отырып, өткеннің байланысын түрлі-түсті жіптен салған зермен ұқтырады:
Ер Төстіктің жолын көрдім апам
                                құрған өрмектен,
Кенжекейдің жүзін көрдім
                       әжем салған өрнектен.
Әсемдік пен сұлулықты гүл өрнегі арқылы бейнелеп, әйелдің кимешегіне салған.  Гүл мен жапырақ оюлары – жасару, әйелге тән ашық-жарқын мейірбандықтың бейнесі деп ұққан. Аспан денелері күн мен ай, жұлдыз бен сәуле, ақша бұлтты да оюға айналдырған бабалар жұлдыз өрнек, топ жұлдыз, ашылған гүл өрнектері арқылы жарқын өмірін бейнелеген. Ер Төстіктің Мәңгілік Елінің өрнектері де үзілмес өмір жібі. Айы, күні, жұлдызы жоғарыда тұрса, бәйтеректі айнала аң аулап, мал өсірген елдің тіршілігін қосмүйізді өрнектер айтады. Интер-претацияланған сырмақтың айналасын  өзен ағысы мен қаз-қатар тұрған ағаштар көмкерген. Көгінде ақша бұлт қалқыған, кемпірқосақты бейнелейтін доға оюлар – сол кеңістікте сайран құрған адам бейнесін беретін өрнектер. Бұл – Мәңгілік Елдің бейнесі. Бабалардың туындылары арқылы біз оны қайталап салдық. Көгінде алтын күні бар, ұлысын бастаған Күн басты адамы  бар ел. Төстік самұрық құстың ұясын қорғап, жер бетіне қайта шығуы, аман-есен жұртымен қауышуы жер бетінде тіршілік жалғасуын меңзейді.  «Өмір жалғасы деген осы» деп ой түйеміз.
Әжелер салған өрнекті бүгінгінің шеберлерінің туындыларынан іздеп көрдік. Сырмақ пен түскиізді осыдан 40-50 жыл бұрын жасаған шебер аналарымыз іс-шараның құрметті қонақтары болды. Рухани құндылық боларлық дүниені заманауи технологиямен жасаған  серіктестеріміз – Сәтбаев қаласының Балалар сарайы  және  қолөнер шеберлері орталығының мамандары көрменің ашылуына атсалысты. Балалар сарайының қосымша білім беретін үйірмелер жетекшілері күншығыс елінің «канзаши» технологиясымен және полимер саз балшықтан әшекей бұйымдар жасау тәсілін үйретіп, көрмеге келген оқушыларды үйіріп алды (Жезді кентінде ондай үйірмелер жоқ). Балалар өз қолдарынан шыққан бұйымдарын шараға қатысушы аналарымызға сыйлады. Өткеннің өнегесін жаңаша талапқа сай жаңғырта отырып, шеберлер оны дамытады. Үйірмелер сол өнерді жалғайтын, дамытатын жас жеткіншекті тәрбиелейді. Олар осы өнегені сақтап, тағы да жаңалап дамытады, осылайша, рухани құндылық үзілмейді. Ойымыз «осылай болу керек» дейді. Іс жүзінде оған негіз қаланған. Білім ошақтары және бала тәрбиесімен айналысатын орындар мұны алуан түрлі тәсілмен жүзеге асыруда. Мұражайда  құндылықтың түп нұсқасы сақтаулы. Соны жоғалтпау, сақтап қана қоймай, жас өренге түсінікті ұғыммен,  нақты істермен жеткізіп, бағалауға үйрету – бізге міндет. Мұражайда оны орындау мүмкіндігі бар. Сол мүмкіндікті пайдалану жолындағы ізденістеріміз – осындай.  

Үрзия ҚАПАРОВА,
Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді тау-кен және
балқыту ісі тарихы
 мұражайының бөлім
меңгерушісі.
ҰЛЫТАУ ауданы.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 239
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1093
count 88x31px